Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Egemen Qazaqstan” газетіне берген “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек” атты сұхбатында жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе Қаңтар қасіретінен бастап, қосарланған билік жүйесі, Үкіметтің стратегиялық міндеттері, энергетикалық қауіпсіздік нысандарының жай-күйі, сыртқы саясат саласындағы айтулы оқиғалар, жаһандағы және аймақтағы ахуалдың Қазақстанға әсері, көрші мемлекеттермен ынтымақтастық, кадр саясатына қойылатын қағидаттар сынды көкейкесті тақырыптар кеңінен қамтылды.
Мемлекет басшысының “Қазақстанда әлі күнге дейін саяси тұтқындар бар деп жатады. Бұған не дейсіз?”, – деген сұраққа жауабынан жоғары деңгейдегі дипломат екені аңғарылмай қалмайды. Негізгі ойын қысқа да нұсқа дөп берген. Реформалардың нәтижесінде елімізде адам құқықтарын қорғау жүйесінің нығая түскеніне бәріміз куәміз. Бірқатар заңдарға қазылардың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілді. Алқа билердің қарауына жататын істердің аясы кеңейді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты жұмыс істейді. Оған конституциялық мәртебе берілген. Мұның бәрі – соңғы жылдардағы түбегейлі өзгерістер. Бұдан кейін қандай саяси қудалау бар деп айта аламыз? Заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға ілік болатын бірде-бір нормативтік құқық жоқ. Керісінше, мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету десек, бұл бағыттағы құқықтық реформалар рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Заң алдында – бәрі бірдей, тең. Бұрын бейбіт жиындар өткізу үшін арнайы рұқсат алынатын. Қазір бұл рәсім оңайлатылды, тиісті орындарға хабарласса, жеткілікті.
Саяси жаңғыру үдерісінің айшықты мысалдарының бірі, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Соттың қайта қалпына келтірілуі. Заңға сәйкес, заты да түбегейлі өзгерді. Енді Конституциялық соттың күшін ешкім де жоя алмайды. Оның шешімдеріне, азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, тіпті Президенттің де еш қақысы жоқ.
Конституцияда Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деп жазылған. Әлеуметтік желіде желдей ескен “Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр” деген қауесеттің жалған ақпарат екені атап көрсетілген. “Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ”, – деген нақты жауаптан көп нәрсені аңғаруға болады. Оның үстіне 2022 жылы Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізіліп, суперпрезидентке тән өкілеттіктер жойылғаны мәлім.
Сәуле САДЫҚОВА,
облыстық соттың судьясы.