«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСТАНДЫ БАЛА, ТАСБАУЫР АНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ағыл-тегіл ағылған ақпарат заманында әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз түрлі жаңалықтардан бас алудың өзі қиын. Небір сүйінші хабарлар, жаға ұстатарлық жағдайлар желдей есіп, елдің аузында жүр. Жылт еткен бір ақпараттың отыз рулы елге тарап, талқыға түсуі әп сәтте. Желідегі кей елеусіздеу жаңалықтар бірер күнде ұмыт болып, енді біреуі біразға дейін пікірталас тақырыбына айналып жатады. Өткен жылдың соңында осындай бір жаңалықтың толқыны қазақ даласына түгел жайылды. Әрі әдепкі жаңалықтардай бір-екі күн шу болып ұмытылып кеткен жоқ. Қайта күн өткен сайын кең тарап, бүгінге дейін ел назарын өзіне аударып келеді.

Бәрі “Отандастар” қорының вице-президентінің әлеуметтік желідегі жазбасынан басталды. Онда бүгінде Еуропада тұрып жатқан ұлты қазақ Жәнібек есімді жігіт жайлы айтылған. Кейін Жәнібектің халқымыздан көмек сұрап, анасын табуға ниетті екені жайлы айтқан видеосы жарық көрді. Алғашында кең тарай қоймаған мәлімет кенет барлық ақпарат арналарына жарияланып, елдің назарын аударды. Анасына деген сағынышын жасырмай, кемсеңдеп көптен жәрдем сұраған жанның жазбасы жүрегі бар адамды елжіретпей қоймайды. Айтуынша, ол 2002 жылы Арқалықтағы перзентханада дүниеге келген. Кейін оны анасы тастап кетеді, сәбиді бірнеше жылдан кейін шетелдіктер асырап алған. Көзін ашқалы көргені басқа өмір болса да елдегі анасын іздеп аласұрған жанның жүрек сөзі елді елең еткізді. Атамекеніне табан тіреген Жәнібекті ел-жұрт күтіп-алып, талай адам көмегін берді. Тіпті анасы болуы мүмкін деген бірнеше әйелге ДНҚ сараптамасы жасалды. Қанша іздеу жарияланып, сұрау салынып жатса да шырылдаған шетелдік тұрғынның анасы табылар емес. Мекенжайы басқа болғанымен қаны қазақ бала анасын табуға үмітті. Қарт құрлықтағы қамсыз өмірінен қол үзіп, өзін дүниеге әкелген жанды бір көру үшін сонау алыстағы туған жеріне оралған Жәнібектің оқиғасына қайран қалмасқа шараң жоқ. Аталған оқиға бүгінгі қоғамдағы үлкен бір мәселенің бетін ашты. Жәнібек кіндігі осында кесіліп, қалған өмірінің бәрі шекараның арғы жағында өтіп жатқан қаншама қазақ баласының бірі ғана. Шетел аспай-ақ елде жүріп тірі жетім атанған ұл-қыздарымыз қаншама? Біз маңдайына осындай тағдыр жазылған бір баланың мұңын естіп, езіліп жүрміз. Ал осыған дейін тағдырына ауыр сынақ жазылып, тегін танымай жүрген мыңдаған тастанды баланың жанайқайын тыңдауға қайсымыздың жүрегіміз шыдар екен?

Ұл-қызын жетім қалдырмаған қазақ балаға бауыр етім деп қараған. Бауыр етін қай адам оңайлықпен кесіп берсін. Алайда соңғы кездері кей аналар бауыр етін жаны ауырмай-ақ далаға тастап кетуде. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде елде 22 мыңнан астам жетім не ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың алты жарым мыңы балалар үйлерінде тұрып жатыр. Маңдайына осындай тағдыр жазылған балалардың 16 мыңға жуығы 12-15, бес жарым мыңы 5-11, қалған 445-і – 2-4 жас аралығындағылар. Елде олар үшін 115 жетімдер үйі жұмыс істеп тұр. Аталған мекемелердің алтауы өңірімізде орналасқан. Оларда 200-дей бала тәрбиеленіп жатыр.

Жетімін жылатпаған халқымыздың мыңдаған баласы бүгінде ата-ана мейіріміне зәру. Бұл – біздің ата салттан ажырап, теріс бағытта кетіп бара жатқанымыздың көрінісі. Тәрбиенің жоқтығы, табыстың аздығы, тұрмыстың төмендігі салдарынан қоғамда бұрын құлақ естіп көз көрмеген жайтар орын алуда. Еліміздің ертеңгі үміті болып отырған нәрестелер осы күні әжетханада дүниеге келіп, қоқыс жәшіктерінен табылып жатыр. Жәнібек сияқты шетел асып, жатқа сіңгендері қанша? Жетімдер үйінен тыс қаншама тастанды ұл-қыз өзгенің қабағын бағып, өгей отбасында жүр. Бұл жайттардың барлығы зейнеткер Әйкен Жетесованы да алаңдатады.

– Қазіргі заман адамдарының бойында өзімшілдік басым. Кезінде қазақтың бойынан көпшілдік, жанашырлық мінез байқалып тұратын. Өзін ғана ойлайтын жандар келе-келе баласына да бас-көз бола алмайтын күйге жетті. Жеке бақытын, жан рақатын басқадан биік қойғандар перзентінен бас тартудан да тайынбайды. Соңғы бірнеше ғасырда халқымыздың басынан небір алмағайып дүниелер өтті. Сонда да аналарымыздың қайсарлығының арқасында ұл-қыздарымыз өсіп-өніп жатты. Біздің ұлт ретінде осы күнге жетуімізге осындай қайсар аналардың еңбегі мол. Ана бақыты – перзентіне жөнді тәрбие беріп, қатарға қосуында. Одан басқадан бақыт іздеп, жылтыраққа қызығып, баласынан бас тартқандар түбі басын тасқа соғып жатады. Қазір жетімдер үйінде қаракөздеріміздің көп болғаны алаңдатады. Айдың-күннің аманында жеткіншектеріміздің балалар үйінде жүргені жүрегімді ауыртады, – дейді зейнеткер.

Өмір адамды қандай сынға салатынын ешкім білмейді. Пенде сол сынақты көтере алмаған кезде амалсыздан ең соңғы қадамдарға барады. Баласын тастап кеткен ананың да жүрегі тыныш, ұйқысы алаңсыз дей алмаспыз. Олардың да өз шындығы мен себебі бар. Психологтар аналардың баласын тастап кетуіне тұрмыс тауқыметі мен жақындарынан қолдаудың болмауы себеп екенін айтады.

– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар өмір бойы жаны қиналып өтуі мүмкін. Егер оларға дұрыс көмек көрсетілмесе ересек өмірде де қиындықтарға ұрынады. Өз баласын тастап кету аналар үшін де оңай емес. Көбіне мұндай қадамға жалғызбасты аналар барады екен. Нәресте өмірге келгеннен кейін әйел үшін жақындарының қолдауы, әулеттегі ересектердің көмек беруі маңызды. Көбіне жалғыз қалған әйелдер баласынан бас тартып жатады. Сол сияқты босанудан кейінгі депрессиядан шыға алмағандар да перзентіне аналық мейірімін төге алмайды. Оған қазіргі зымыраған заман ағымы мен тұрмыс ауырлығын қосыңыз. Сондықтан кей аналар баласын саналы түрде тастап кетеді, – дейді психолог Ләззат Бекенова.

Бүгінде тастанды атанған балалардың бәрі ата-анасы бас тартқан ұл-қыздар емес. Олардың арасында түрлі органдардың шешімімен балалар үйінің табалдырығын аттағандар да бар. Кейде балалар үйінде тұру отбасымен бірге болудан гөрі жақсы кездер де болады екен.

– Менің бұл пікіріммен көбі келіспеуі мүмкін, бірақ кейде баланы жетімдер үйіне өткізу ол үшін ең дұрыс шешім болып жатады. Өзінің бұл жауапкершілікті арқалай алмайтынын сезініп немесе бойында қандай да бір психикалық ауытқушылығы бар екенін білген аналар баласынан еріксіз ажырайды. Сәби ақ қағаз сияқты. Оның өмірін өз басындағы мәселемен былғап, қиындық көрсеткісі келмегендердің бұнысы да баласының ертеңін ойлаудан туады. Бүгінде балаларымен бірге терезеден секіріп немесе салғырт қарап өліміне кінәлі болып жататын ересектер бар. Осылардың кебін кигеннен гөрі бас тарту қағазына қол қою кейде ең соңғы дұрыс шешім болуы мүмкін, – дейді психолог.

Қанша десек те соңғы жылдары елдегі тастанды бала саны азайып келе жатқаны байқалады. Соңғы 10 жылда жетімдер үйінің тәрбиеленушілер саны 10 мыңға, ал үш жылда 2 мыңға азайған. Ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға арналған мекемелер де біртіндеп жабылып жатыр. Бұған көпбалалы отбасыларға, бала күтімі үшін берілетін қаржының аз да болсын артуы, отбасыларға бала асырап алуға берілген мүмкіндіктер де септесуде. Алайда ана капиталын арттыру, көпбалалы отбасыларға лайықты қолдау көрсету – әлі де толық шешілмеген түйткілдердің бірі. Өз баласынан бөлек басқаның перзентін бауырына басып, мейіріміне бөлеп отырған отбасылар да бар. Сондай шаңырақтың бірі Мағжан Жұмабаев ауданының Сулышоқ ауылында тұрады. Керегесін кеңге жайған Нүсіповтер отбасында бүгінде 15 бала бар. Оның 8-і балалар үйінен келген жеткіншектер. 2017 жылы өңірімізге көшіп келген отбасы бүгінде ұл-қыздарына қазақы тәрбие беріп, көпке үлгі болып отыр.

Ел бойынша әр өңірде ашылған аналар үйлері де тастанды балардың азаюына сеп. Осындай орындардың бірі облыс орталығында ашылған. Осы күні мұнда 4 әйел тұрып жатыр. Араларында бойжеткен шағында сынаққа тап болған 16 жасар жеткіншек те, екінші баласына жүкті әйел де бар. Олар жанашыр жандар мен дәрігерлердің кеңесі арқылы осында келген.

– Мұнда өмірлік қиын жағдайда қалған әйелдер келеді. Барар жер, басар тауы жоқ жандарды осында орналастырамыз. Осындай қиын сәтте аналардың жақындарының көмегінсіз, қиындықпен бетпе-бет қалғандары алаңдатады. Ана үйіне келгендердің әрқайсысының басында өз хикаясы бар. Кейбірі туғандары жоқ жетімдер үйінің түлектері болса, кейбірінің туыстары олармен мүлдем араласпайды. Қызының басына түскен жайды қабылдай алмай, мәселеден басын ала қашып, сырт беретіндер де болады. Мұнда аналар жарты жылға дейін тұра алады. Кейін аяққа тұрғаннан кейін алғысын айтып кетіп жатады. Олармен байланысымызды үзбейміз. Көмек берер ешкім таппай жылап келгендердің қуанып кеткенін көру – жұмысымыздың ешқашан ұмытылмайтын сәті ғой, – дейді “Ана үйінің” өңірдегі ресурстық орталығының маманы Меруерт Кошембаева.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp