«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қисық мұржа толық бұзылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Севказэнерго” акционерлік қоғамының кәсіпорындар тобы 2023 жылды қорытындылады. Компанияның еншілес ұйымдары өңірдің 165 891 тұтынушысын электр энергиясымен, сонымен қатар, 8 115 өнеркәсіптік, коммерциялық және ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, Петропавл қаласының 78 049 тұтынушысын жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

“Солтүстік Қазақстан Электржелілік тарату компаниясы” акционерлік қоғамы инвестициялық бағдарлама аясында Петропавл қаласы және облыстың 8 ауданы бойынша 750 километрге жуық электр желісін жөндеді, 56 шағын және 20 трансформаторлық шағын стансаға қондырғы сатып алынды.

“Петропавл Жылу Жүйелері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық бағдарлама аясында Петропавлдағы Қ.Сәтпаев көшесі бойындағы жылу магистралін қайта жаңарту бойынша жобаны аяқтаған. Қайта жаңартылған учаске ұзындығы 1,021 километрді құрайды. Дәл осындай жұмыс Ружейников көшесі бойында да жүргізілді, сондай-ақ №1 сорғы стансасын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар тәмамдалды.

Биыл жұмыс жобасына сараптама жүргізіліп, кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалмақ.

Петропавл 2-жылу-электр орталығында 4 қазандық агрегатына, 1 турбоагрегатқа күрделі, 7 қазандық пен 6 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жүргізілді. №2, №3 түтін мұржасына жөндеу жүргізіліп, оның сапасын сараптама ұйымы тексерді. Жаңа түтін мұржасының құрылысы үшін инженерлік желілерді шығару арқылы іргетас орнату жұмыс жобасы әзірленді. Басты қазандық цехының қабырға панельдеріне, түтін шығару бөлігінің бағандарына жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, қосалқы жабдық жөнделді.

Жылу станциясы биылғы жы­лыту маусымында қалыпты жұ­мыс істеп тұр. Сондай-ақ 2024-2025 жылғы маусымда да үздіксіз жұмыс үшін барлық ресурстар жеткілікті.

Ал осыдан екі жыл бұрын наурыз айында жартылай опыры­лып түскен №2 жылу-электр ор­талығының түтін мұржасы биыл пайдалануға берілуі тиіс. Ол үшін бұған дейін салынған бөлігі толық бұзылады. Жо­ба­ның авторы – “Севказэнер­го­пром” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары тиісті зерт­теулер жүргізіп, ресми қо­ры­тын­ды шығарды. Былтыр 8 та­мыз күні құлаған мұржаның орнына са­­лынып жатқан жаңа мұржа бір жағына қисайып кетіп, нысан­дағы құрылыс тоқтаған еді. “Сев­казэнерго” акционерлік қо­ға­мы баспасөз қызметінің мәлі­метін­ше, “Севказэнергопром” ғы­лыми-өндірістік фирмасы” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары түтін мұржасын ірге­та­сына дейін бұзуға кеңес берген.

“Конустық жылжымалы қалыптың жүйесін дұрыс орнатып, оны монтаждау үшін қосымша конструкцияларды көтеруге уа­қытша және еңбек шығындарын болдырмау мақсатында арматураларын сақтай отырып, ірге­тасқа дейін темірбетон бөлігін бөлшектеу қажет”, – дейді жоба­лық институттың бас директоры Владимир Пешков.

Оның айтуынша, 2024 жыл­дың 1 наурызына дейін түтін мұр­жасы бөлшектеліп алынбақ. “Жобалау институтының қорытындысын негізге алдық. Сосын “ТеплоХимМонтаж” акционерлік қоғамы қосалқы мердігермен бірлесіп 1 сәуірден бастап орташа ауа температурасы +5 болған кезде қосалқы мердігердің технологиясын пайдалана оты­рып, мұржа құрылысына кірі­семіз. Нысан құрылысының мерзімі, сондай-ақ жоба сомасы өзгеріссіз қалады. 2024-2025 жылғы жылыту маусымы­ның басына қарай пайдала­нуға береміз”, – деді “Казтеп­лоспецстрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Константин Бигожин.

Нысан толығымен “Севказэнерго” компаниясының және акционерлердің қаржысына салынады. Мұржаның биіктігі 180 метр болуы тиіс. Салынып біткеннен кейін оған станциядағы 12 қазандық агрегатының жетеуі қосылмақ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp