Қазақтың ұлттық таңбатану ілімінің тарихы тереңде жатыр. Даламызда табылған археологиялық атрефактілер мен ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған таңбалық белгілері және өзге де жәдігерлер – оның айқын дәлелі. Таңбатану ілімі – “геральдика” деп аталады. Ал тастарға қашалған, таңбаланған петроглифтер мен иеролгифтер – бұл өнердің бастауы. Тарихқа үңілсек, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет пен қауымдастыққа тән таңбалары болған. Демек, геральдика – мемлекеттің, рудың, мекеменің, әулеттің, жеке тұлғаның және тағы басқа ерекшелік таңбасы бар рәміздерін зерттейтін ғылымның бір саласы болып саналады.
Геральдист мамандардың айтуынша, қазақ геральдикасының тағы бір көрінісін сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңдерін жіктей отырып, тарихи мемлекеттер – үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлеріндегі тастаңбалардан табуға болады. Бұл үрдіс Алтын орда, Қазақ хандығына да тән. Яғни бұл өнер қазаққа таңсық емес.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ даласында геральдика саласы қайта жандана бастады. Тұңғыш рет мемлекеттік рәміздер бойынша мемлекеттік басқару органы құрылып, аталған сала бойынша түрлі деңгейдегі ғылыми мақалалар жарияланып, нақты тәжірибелік тың ізденістер көрініс тапты.
Осы кезде өңірлік рәміздер де жанданып, әр аймақ өз ерекшелігіне сай белгі жасауға талпынды. Олардың идеялық, идеологиялық, көркемдік мазмұны, стандарты, жүйелілігі, геральдикалық сипаттамасы, бейнелік, құрылымдық, пішіндік, шарттылықтары мемлекеттік рәміздермен үндесуі, ұстанған мүддесі өте маңызды. Дегенмен елімізде өңірлік рәміздер аталған талаптарға сай емес. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы 17 облыстың 13-де, 3 мегаполис қалада, 186 ауданның 137-де, 89 қаланың 33-де өңірлік рәміздері бар. Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2023 жылдары жүргізген мониторингтері Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің дамымағанын көрсетіп отыр.
Былтыр Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы өңірлік рәміздер жайына ерекше тоқталды. “…Мемлекеттік рәміздердің танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Рәміздеріміз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен өңірлердің және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет”, – деді Президент.
Ал біздің өңірдің рәміздерінде “ел – бір, мемлекеттік мүдде – ортақ” екенін айқындайтын басты идея бар ма?
Солтүстік Қазақстан облысының басты рәмізінің үстінде сары түсті ою бейнеленген, ал өзі бидайдың масақтарынан құралған шаңырақ іспеттес орындалған. Ортасында ұшып келе жатқан қанатты тұлпар, төменде тегершік бейнеленіп, ал дәл ортасынан алтын түсті сәулелер тарайды. Мұндағы әрбір элементің өзіндік сыры бар. Мәселен, бидай масақтары – ауыл шаруашылығы саласының, ал төменде бейнеленген тегершік – өнеркәсіптің дамығанын бейнелейді. Қанатты тұлпар – болашаққа ұмтылған бейне. Өңірлік рәміздің ортасынан шыққан сәулелер үміт пен ізгі ниеттердің бастауы, ал төменгі жағында облысымыздың атауы жазылған таспа орналасқан. Түстік гаммадан облыстың басым аумағының табиғатына тән рең негізге алынғаны көрінеді.
Ал бірер жыл бұрын ғана бекітілген өңірдің туристік логотипі – метафоралық толқындар түрінде көрсетілген аттың силуэтінде жасалған. Сурет үш бөліктен тұрады. Үш бөліктің түсі әртүрлі. Әр түстің өзіндік айтар ойы бар. Жылқы басы бейнеленген логотип арқылы өңіріміздің байлығын, сұлу табиғатын, бай тарихын көрсеткен. Жылқы осы өңірде алғаш рет қолға үйретілгені ғылыми дәлелденді. Жасыл жалы – өңірдің жасыл желекке оранғанын, қызылдан сарыға қарай берілген түс – күн батып бара жатқандағы бидайы піскен егін алқабын, одан кейінгі көк түс – өңірдің өзен-көлдерге бай екенін көрсетеді
Петропавл қаласының геральдикасында шаңырақтың айналасында 4 нышан біріктірілген. “Кілт” – географиялық орналасқан жері, “Қазақстанның солтүстік қақпасы”, “бидай масағы” – аграрлы аймақтың орталығы екенін айғақтап, “тегершік” – өнеркәсіп және машина жасау саласын, “ашылған кітап” – білім және мәдениетті бейнелейтін көрінеді.
Айыртау ауданының нышаны шеңбер түрінде жасалған. Жоғары жағындағы шаңырақ – еліміздегі халықтар достығы, ортасындағы екі тау – ағайынды екі батырдың жатқан жері және ну орман мен көл бейнеленген. Ал бұл бейненің барлығы бидай масақтарымен қоршалған.
Ал Аққайың ауданының белгісінде – қайың ағашы, төменгі бөлігінде бидай алқаптары бейнеленсе, Есіл ауданының нышаны шеңбер түрінде жасалып, күн, көк аспан, дала, орман, өзен және ортасында елік бейнеленген. Мұның бәрі ұлттық ою-өрнекпен және бидай масағымен көмкерілген. Жоғары жағында – “Солтүстік Қазақстан облысы”, төменгі жағында – “Есіл ауданы” деген жазу бар.
Мағжан Жұмабаев ауданының таңбасында қазақтың ұлы ақыны, публицист, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың портреті бейнеленген. Ал шет жағы тағы да бидай масағымен өрнектелген. Қызылжар ауданының рәмізі де шеңбер тәріздес. Үстіңгі бетінде “Қызылжар ауданы” деп жазылған. Дөңгелектің ішінде кең дала бейнеленген, көлдің суреті аудан аумағының картасына ұқсас. Яғни сұлу табиғатқа басымдық берілген.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның нышанында көк аспан астында егін орып жүрген комбайн бейнеленген. Ол – ауданның құнарлы жері мен молшылықтың нышаны. Ал жоғары жағында шаңырақтың суреті салынған. Тайынша ауданы басқаларынан ерекшеленген. Аудан рәмізінің жоғары жағындағы қошқар мүйіз өрнегінен оң жаққа қарай бидай масағы, ал сол жаққа қарай тегершік тарайды. Ортасында алтын күн, кең алқап бейнеленген. Ал ауданның атауы латын қарпімен жазылған. Уәлиханов ауданының рәмізінде шаңырақты көтеріп шауып келе жатқан аттың үстіндегі шабандозды байқауға болады. Үстінде ұшып келе жатқан қыран құстың бейнесі, күн сәулесі, көгал және тағы да бидай масағы бейнеленген. Ал Ақжар, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев және Шал ақын аудандарында логотип мүлдем жоқ.
Байқағанымыздай, ұлттық кодымызды айқындап тұрған басты нышан – жылқы мен бидай масағы. Ал шаңырақ пен ою-өрнек орынсыз қолданыла берген сыңайлы. Нышандардың бейнеленуі, түстер үйлесімділігінің өзі өңірімізде дизайн саласы мүлдем ақсап тұрғанын аңғартады. Бұл геральдикаларды жергілікті атқарушы органдар өздері жасап жатқандықтан, алдын ала келісілген, барлығында бірдей ортақ элемент не ортақ түс мүлде қарастырылмаған. Яғни рәміз бен идея арасында сабақтастық, үйлесімділік жоқ.
Бұл – өңірде барлық рәміздердің дизайынын қадағалайтын, сабақтастығын реттейтін жауапты органның болмауының салдары. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этносаралық қатынастарды талдау бөлімінің бас маманы Гүлмира Садырова тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуын (белгіленуін, орналастырылуын) бақылауды ғана жүзеге асыратындарын айтты.
Өңіріміздегі қазіргі қолданыстағы рәміздерде өңір ерекшелігін ескеру, негізгі деген белгілерді, бейнелерді алға шығару, таныстыру көрініс тапқанымен, көркемдік-эстетикалық талғам төмен. Оның үстіне өңірлік рәміздерді мәдени-көркемдік безендіру, идеялық жетілдіру және нормативтік-құқықтық актілермен бекіту тәсілдерін регламенттейтін әдіснамалық және заңнамалық база жоқ.
Өңірлік рәміздерді бекіту мәслихаттардың шешімдері, әкімдіктердің қаулылары, өкімдері немесе конкурстық комиссиялардың хаттамалық шешімдері арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Астана мен Алматы қаласын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өкілетті органдардың тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін бекіту жөніндегі заңнамалық өкілеттіктері айқындалмаған.
Геральдика саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Асылбек Баяжұманың сөзінше, Қазақстанның Геральдикалық зерттеулер орталығы өңірлік нышандардың ережесін әзірлеген. “Өкінішке қарай, нышандардың көбі кеңес одағының идеологиясымен жасалған. Осыны ретке келтіру мақсатында орталық өңірлік нышандарды қабылдаудың ережесін әзірлеген болатын. Мысалы, бір өңірге жаңа әкім келсе, өзіне ұнамаған өңірлік нышанды “мынаны өзгертіндер”, – деп тапсырма беріп, өзгерте салады. Осыны болдырмау мақсатында ережеге нышанды конкурс жариялау арқылы өткізу, оған кем дегенде 2-3 жыл тәжірибесі бар суретшілер қатысуы керек, жеңімпаз болған нұсқаны қоғамдық кеңесте талқылау керек деген талабы болатын”, – деді сарапшы.
Түрлі деңгейдегі рәміздер көптің талқысынан кейін бекітілу керек. Жобаны талқылайтын республикалық комиссия 2011 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған. Комиссия мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де мекемелер геральдикасы мәселелерімен айналысады. Осы саладағы жұмыстың сәтті жүруі осы кеңестің де жұмысына байланысты. Себебі талап болса, сапа жақсарады.
Өңірлік рәміздер – бірегейлікті нығайту мен дамыту жолында халықтың ұлтжандылығын қалыптастыратын әлеуетке ие. Әр өңірдің, әр ауданның өз рәмізі болуы өскелең ұрпақтың туып-өскен өңіріне деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандылық сезімін оятып, оның жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады. Сондықтан өңірлік рәміздерді дамытарда мағынасы өміршең болғанына мән берейік.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.