«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРЛІК РӘМІЗДЕРГЕ ОРТАҚ ИДЕЯ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың ұлттық таңбатану ілі­мінің тарихы тереңде жатыр. Даламызда табылған археоло­гиялық атрефактілер мен ерте ғасырларда мемлекеттік басқа­рудың өзегі болған таңбалық белгілері және өзге де жәдігер­лер – оның айқын дәлелі. Таң­батану ілімі – “гераль­дика” деп аталады. Ал тастарға қашалған, таңбаланған петро­глифтер мен иеролгифтер – бұл өнердің бас­тауы. Тарихқа үңіл­сек, әр кез­дері өмір сүрген жеке тұлға, әу­лет пен қауымдастыққа тән таң­балары болған. Демек, геральдика – мемлекеттің, рудың, ме­кеменің, әулеттің, жеке тұлға­ның және тағы басқа ерекшелік таңбасы бар рәміздерін зерттей­тін ғылымның бір сала­сы болып саналады.

Геральдист мамандардың айтуынша, қазақ геральдикасының тағы бір көрінісін сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңдерін жіктей отырып, тарихи мемле­кеттер – үйсін, қарлық, қаңлы, қып­шақ, хазар, кимек, сармат дәуірлеріндегі тастаңбалардан табуға болады. Бұл үрдіс Алтын орда, Қазақ хандығына да тән. Яғни бұл өнер қазаққа таңсық емес.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қа­зақ даласында геральдика са­ла­сы қайта жандана бастады. Тұңғыш рет мемлекеттік рәміз­дер бойынша мемлекеттік бас­қару органы құрылып, аталған сала бойынша түрлі деңгейдегі ғылыми мақалалар жарияла­нып, нақты тәжірибелік тың ізде­ністер көрініс тапты.

Осы кезде өңірлік рәміздер де жанданып, әр аймақ өз ерек­шелігіне сай белгі жасауға тал­пынды. Олардың идеялық, идеологиялық, көркемдік маз­мұ­ны, стандарты, жүйелілігі, ге­ральдикалық сипат­тамасы, бей­нелік, құрылымдық, пішіндік, шарт­­тылықтары мемлекет­тік рәміздермен үндесуі, ұстанған мүддесі өте маңызды. Деген­мен елімізде өңірлік рәміздер аталған талаптарға сай емес. Рес­ми деректерге сүйенсек, қа­зіргі таңда Қазақстандағы 17 об­лыстың 13-де, 3 мегаполис қа­лада, 186 ауданның 137-де, 89 қаланың 33-де өңірлік рәміздері бар. Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2023 жылдары жүргізген мониторингтері Қазақ­станның әкімшілік-аумақтық бір­ліктерінің өңірлік рәміздерін әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану жүйесінің дамымағанын көрсетіп отыр.

Былтыр Түркістан қаласын­да өткен Ұлттық құрылтайда Мем­лекет басшысы өңірлік рә­міздер жайына ерекше тоқтал­ды. “…Мемлекеттік рәміздердің та­нымалдығын арттыра түсу ке­рек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Рәміздеріміз біре­гей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жа­қында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айт­тым. Алдымен өңірлердің және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санай­мын. Қазір олардың көбінің маз­мұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстаным­дар әзірлеу қажет”, – деді Прези­дент.

Ал біздің өңірдің рәміздерінде “ел – бір, мемлекеттік мүдде – ор­тақ” екенін айқындайтын бас­ты идея бар ма?

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның басты рәмізінің үстінде сары түсті ою бейнеленген, ал өзі бидайдың масақтарынан құ­ралған шаңырақ іспеттес орын­далған. Ортасында ұшып келе жатқан қанатты тұлпар, төменде тегершік бейнеленіп, ал дәл ортасынан алтын түсті сәулелер тарайды. Мұндағы әрбір эле­ментің өзіндік сыры бар. Мәсе­лен, бидай масақтары – ауыл ша­руашылығы саласының, ал төменде бейнеленген тегершік – өнеркәсіптің дамығанын бейне­лейді. Қанатты тұлпар – бо­ла­шаққа ұмтылған бейне. Өңір­лік рәміздің ортасынан шыққан сәулелер үміт пен ізгі ниеттердің бастауы, ал төменгі жағында об­лысымыздың атауы жазылған таспа орналасқан. Түстік гаммадан облыстың басым аумағының та­биғатына тән рең негізге алын­ғаны көрінеді.

Ал бірер жыл бұрын ғана бекітілген өңірдің туристік логотипі – мета­форалық толқындар түрінде көр­сетілген аттың силуэтінде жа­салған. Сурет үш бөліктен тұ­рады. Үш бөліктің түсі әртүрлі. Әр түстің өзіндік айтар ойы бар. Жылқы басы бейнеленген лого­тип арқылы өңіріміздің байлығын, сұлу табиғатын, бай тари­хын көрсеткен. Жылқы осы өңірде алғаш рет қолға үйретілгені ғылыми дәлелденді. Жасыл жалы – өңірдің жасыл желекке оранғанын, қызылдан сарыға қарай берілген түс – күн батып бара жатқандағы бидайы піскен егін алқабын, одан кейінгі көк түс – өңірдің өзен-көлдерге бай екенін көрсетеді

Петропавл қаласының ге­раль­дикасында шаңырақтың ай­наласында 4 нышан біріктірілген. “Кілт” – географиялық орналасқан жері, “Қазақстанның сол­түстік қақпасы”, “бидай масағы” – аграрлы аймақтың орталығы екенін айғақтап, “тегершік” – өнеркәсіп және машина жасау са­ласын, “ашылған кітап” – білім және мәдениетті бейнелейтін көрінеді.

Айыртау ауданының ныша­ны шеңбер түрінде жасалған. Жо­ғары жағындағы шаңырақ – еліміздегі халықтар достығы, ортасындағы екі тау – ағайынды екі батырдың жатқан жері және ну орман мен көл бейнеленген. Ал бұл бейненің барлығы бидай масақтарымен қоршалған.

Ал Аққайың ауданының белгі­сінде – қайың ағашы, тө­менгі бөлігінде бидай алқаптары бейнеленсе, Есіл ауданының ны­шаны шеңбер түрінде жасалып, күн, көк аспан, дала, орман, өзен және ортасында елік бейнелен­ген. Мұның бәрі ұлттық ою-өрнекпен және бидай масағы­мен көмкерілген. Жоғары жа­ғын­да – “Солтүстік Қазақстан облы­сы”, төменгі жағында – “Есіл ауданы” деген жазу бар.

Мағжан Жұмабаев ауданы­ның таңбасында қазақтың ұлы ақыны, публицист, қоғам қай­раткері Мағжан Жұмабаевтың портреті бейнеленген. Ал шет жағы тағы да бидай масағымен өрнектелген. Қызылжар ауданы­ның рәмізі де шеңбер тәріздес. Үстіңгі бетінде “Қызылжар ауданы” деп жазылған. Дөңгелектің ішінде кең дала бейнеленген, көлдің суреті аудан аумағының картасына ұқсас. Яғни сұлу табиғатқа басымдық берілген.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның нышанында көк аспан астында егін орып жүрген ком­байн бейнеленген. Ол – аудан­ның құнарлы жері мен молшы­лықтың нышаны. Ал жоғары жа­ғында шаңырақтың суреті са­лынған. Тайынша ауданы басқа­ларынан ерекшеленген. Аудан рәмізінің жоғары жағындағы қошқар мүйіз өрнегінен оң жаққа қарай бидай масағы, ал сол жақ­қа қарай тегершік тарайды. Ор­тасында алтын күн, кең алқап бейнеленген. Ал ауданның атауы латын қарпімен жазылған. Уәлиханов ауданының рәмізінде шаңырақты көтеріп шауып келе жатқан аттың үстіндегі ша­бандозды байқауға болады. Үс­тінде ұшып келе жатқан қыран құстың бейнесі, күн сәулесі, кө­гал және тағы да бидай масағы бейнеленген. Ал Ақжар, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев және Шал ақын аудандарында логотип мүлдем жоқ.

Байқағанымыздай, ұлттық кодымызды айқындап тұрған басты нышан – жылқы мен би­дай масағы. Ал шаңырақ пен ою-өрнек орынсыз қолданыла берген сыңайлы. Нышандардың бейнеленуі, түс­тер үйлесімділігінің өзі өңірімізде дизайн саласы мүлдем ақсап тұрғанын аңғартады. Бұл геральдикаларды жергілікті атқарушы органдар өздері жасап жатқандықтан, алдын ала келі­сілген, барлығында бірдей ортақ элемент не ортақ түс мүлде қа­растырылмаған. Яғни рәміз бен идея арасында сабақтастық, үй­лесімділік жоқ.

Бұл – өңірде барлық рәміздердің дизайынын қадағалайтын, сабақтастығын реттейтін жауапты органның болмауының салдары. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының этносаралық қатынастарды талдау бөлімінің бас маманы Гүлмира Садыро­ва тиісті әкімші­лік-аумақтық бірліктің аумағын­да Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің пай­да­ланылуын (белгіленуін, орна­ластырылуын) бақылауды ғана жүзеге асыратындарын айтты.

Өңіріміздегі қазіргі қолда­ныс­тағы рәміздерде өңір ерекше­лігін ескеру, негізгі деген бел­гі­лерді, бейнелерді алға шығару, таныстыру көрініс тапқанымен, көркемдік-эстетикалық талғам төмен. Оның үстіне өңірлік рәміздерді мәдени-көр­кемдік безендіру, идеялық же­тілдіру және нормативтік-құқық­тық актілермен бекіту тәсілдерін регламенттейтін әдіснамалық және заңнамалық база жоқ.

Өңірлік рәміздерді бекіту мәс­лихаттардың шешімдері, әкімдіктердің қаулылары, өкім­дері немесе конкурстық комис­сиялардың хаттамалық шешім­дері арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Астана мен Алматы қаласын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар мен жер­гі­лікті өкілетті органдардың тиіс­ті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін бекіту жө­нін­дегі заңнамалық өкілеттіктері айқындалмаған.

Геральдика саласы бойын­ша тәуелсіз сарапшы Асылбек Баяжұманың сөзінше, Қазақ­стан­ның Геральдикалық зерт­теулер орталығы өңірлік нышан­дардың ережесін әзірлеген. “Өкі­нішке қарай, нышандардың көбі кеңес одағының идеология­сымен жасалған. Осыны ретке келтіру мақсатында орталық өңірлік нышандарды қабыл­дау­дың ережесін әзірлеген бола­тын. Мысалы, бір өңірге жаңа әкім келсе, өзіне ұнамаған өңір­лік нышанды “мынаны өзгер­тіндер”, – деп тапсырма беріп, өз­герте салады. Осыны болдырмау мақсатында ережеге нышанды конкурс жариялау арқылы өткізу, оған кем дегенде 2-3 жыл тәжірибесі бар суретшілер қатысуы керек, жеңімпаз болған нұсқаны қоғамдық кеңесте талқылау керек деген талабы болатын”, – деді сарапшы.

Түрлі деңгейдегі рәміздер көп­тің талқысынан кейін бекітілу керек. Жобаны талқылайтын рес­публикалық комиссия 2011 жылы Президенттің Жарлы­ғымен құрылған. Комиссия мемле­кеттік рәміздер мен ведомство­лық және оларға теңестірілген өзге де мекемелер геральдика­сы мәселелерімен айналысады. Осы саладағы жұмыстың сәтті жүруі осы кеңестің де жұмысына байланысты. Себебі талап бол­са, сапа жақсарады.

Өңірлік рәміздер – бірегей­лікті нығайту мен дамыту жолында халықтың ұлтжанды­лы­ғын қалыптастыратын әлеуетке ие. Әр өңірдің, әр ауданның өз рәмізі болуы өс­келең ұрпақтың туып-өскен өңіріне деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандылық сезімін оятып, оның жарқын болашаққа деген сенімін нығайтады. Сондықтан өңірлік рәміздерді дамытарда мағынасы өміршең болғанына мән берейік.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp