Облыстық полиция департаменті жанынан тәлімгерлік кеңес құрылды. Аға ұрпақтың жылдар бойы жинаған тәжірибесі жас полицейлердің кәсіби маман болып қалыптасуына көп көмек. Кеңес алдыңғы толқын мен жас мамандардың қоян-қолтық жұмыс істеуін көздейді.
Ол ішкі істер министрінің Қазақстанда ішкі істер органдарында тәлімгерлер кеңесінің ережелерін бекіту туралы бұйрығына сәйкес құрылып отыр. Осы бұйрықты орындау шеңберінде полицейлер ведомство ардагерлерімен кездесу ұйымдастырды. Облыстық полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин жаңа органның жоспарланған жұмысынан хабардар етті.
Бұдан кейін, отыз жыл немесе одан көп уақытын ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған отставкадағы офицерлер тәлімгерлер кеңесінің құрамын таңдады. Кеңеске Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Хайдар Кәшенов төрағалық етпек. Оның орынбасары болып Қапез Дәулетбаев сайланды. Ардагерлердің екеуі де облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымынан зейнетке шыққан. Сондай-ақ кеңес құрамына Мерген Жұмағұлов, Елена Мезёва, Нұрғали Оразалинов, Фарит Бегишев және Мәдина Балғашоқова сияқты тәжірибелі, беделді ардагерлер сайланды.
Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов ардагерлерді жаңа органның құрылуымен құттықтап, жақын арада аумақтық полиция бөліністеріне бару кестесін құруды тапсырды.
Полиция ардагерлері бұл жаңашылдықты ерекше ықыласпен қабыл алып, оң бағаларын берді әрі барынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.