«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақ съездері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ресейдегi ақпан төңкерiсi қазақ даласындағы ұлт-азаттық күрестiң қоламтасын қозғап, сая­си ой-санаға ұшқын тастады, дүр сiлкiндiрдi. Әр қиырда бiрiнен соң бiрi қазақ съездерi өте баста­ды. Бәрiнiң мақсаты – бұрынғы патшалық билеу жүйесi күйре­ген­нен кейiнгi жерде қазақ хал­қы­ның жағдайы қандай болма­ғын талқылау, бүкiл ұлттың ба­сын қосатын ортақ бағдарлама қалыптастыру едi.

Кеңес дәуіріндегі тарихи әде­биеттерде бұл съездердің бәрі большевик саясатына қарсы, ұлтшылдар мен “халық жаулары­ның” жиындары деп бағаланып келді. Шынында, бұл съез­дерде “большевик, социа­лизм…” деген сөздер жоқ, тек қана ұлт бірлігі, оның амандығы мен келешегі туралы адал ниет­тен шыққан пікірлер айтылды. Өзге ұлттарға, басқа мемлекет­тік, саяси құрылымдарға қарсы бағытталған әңгіме болған жоқ. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін осы бір “облыстық съез­дер” деп аталған саяси-ұйымдас­тыру шараларының бағасы толық берілмей келеді. Ақиқат­тан аттамай пайымдайтын бол­сақ, қазақ халқының тәуелсіздік­ке ұмтылған алғашқы саналы, саяси қадамдары, көтерілген бас­палдақтары осы съездер еді.

Бүгінгі ұрпақ мұны жан-жақты білуге тиіс. 1917 жылғы 2-8 сәуір күндері Орынборда Торғай об­лыс­тық қазақ съезі өтті. Онда Ре­сей конфедерациялық мемлекет болуға тиіс. Қазақстан – оның құра­мындағы демократиялық, пар­ламенттік республика. Халық би­лігінің демократиялық көрінісі ре­тінде ауылдық, болыстық, уездік және облыстық азаматтық коми­теттер сайлау жолымен құрылу­ға тиіс екендігі жарияланды. Съезді “Қазақ” газетінің редакто­ры Ахмет Байтұрсынов сөз сөй­леп ашты және съездің төраға­лы­ғына сайланды. Торғай облы­сының губернаторы Эверсман құт­тықтап сөз сөйлемек еді, бі­рақ құлаған өкіметтің өкілі ретін­де оған сөз берілген жоқ.

Съезд қабылдаған қорытын­ды қарарда кешікпей жалпықа­зақ съезін өткізу қажеттігі жазыл­ды. Жалпықазақ съезінің бағдар­ламасын әзірлеу, өтетін күні мен орнын тағайындау үшін сегіз адамнан бюро сайланды. Оның құрамына: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Ду­латов, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Есенғұлов, Имам Әлімбе­ков, Есен Тұрмұхамедов және Ке­рей Тұрымов сайланды. Бір атап өтетін жағдай, бұл съезге қазақ­тың тұңғыш дәрігер қызы, кейін Ташкент университетінің меди­ци­на факультетінде оқыған Аққа­ғаз Досжанова да қатысты.

Бұдан кейін 1917 жылғы сәуір­дің 19-22 күндері Орал қа­ла­сындағы цирк үйінде Орал об­лыстық қазақ съезі ашылды. Оған 800 адам қатысқан. Бұл съездің төрағалығына Том округ­тік соты прокурорының орынба­сары болып істейтін Жаһанша Досмұхамедов бірауыздан сай­лан­ды. Съезд төрағасының ұсы­ны­сымен азаттық жолында құр­бан болған қазақ азаматтарының рухына дұға бағышталды. Съез­дің қарарында: “қазақ халқы де­мократиялық республика идея­сын қолдайды, ерекше федера­тивтік-демократиялық құрылым­ды жақтайды… аз халықтардың өз келешегін өзі анықтауына құ­қығы бар” екендігі атап көрсетіл­ді. Жер мәселесі жөнінде: “об­лысқа сырттан қоныс аудару тоқ­татылсын, жерді бөтенге беру тоқ­татылсын, қазақ жерлерін еш­кім тартып алуына жол беріл­мейді, арендаға берілмейді, са­лық қаржылары қазақтардың пай­дасына қалдырылсын, ал бұрын қоныс аударып келгендер сол жер­лерге иелік ете берсін, қазақ­тар олармен тату көршілік жағ­дайда тұратын болсын” деген қа­ғидалар жазылды.

1917 жылғы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Омбы қа­ласында Ақмола облыстық қазақ съезі өтті. Съезді дайындаған – белгілі Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық коми­тет. Оған Ақмола, Атбасар, Көк­шетау, Омбы және Петропавл уез­дерінен 250 делегат қатысты. Съезд төрағалығына заңгер Ай­дархан Тұрлыбаев, орынбасар­лары болып Ережеп Итбаев пен Міржақып Дулатов, хатшылығы­на Мұхтар Саматов, Асылбек Сейі­тов және Тоқбаев сайланды. Бұл съезге Мағжан Жұмабаев қа­ты­сқан, бірақ 7-8-мамырда Мәскеудегі бүкілресейлік мұсыл­ман­дар съезіне делегат болып сайлануына байланысты, Омбыдан жедел жүріп кетті.

Съезде соның алдында ғана өткен Орынбор және Орал қазақ съездерінің қараған мәселелері мен қабылдаған құжаттары тал­қыланды. Атап айтқанда: Қазақ­станның барлық аймақтарында билікті қолына алатын қазақ ко­митеттерін құру, жалпықазақтық және жалпымұсылмандық съез­дер өткізу, Ресей құрылтай жина­лысына депутаттар сайлау мә­селелері сөз болды. Қорытынды мә­жілісте он адамнан Омбы об­лыстық қазақ комитеті құрылды. Оның төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев сайланды.

Семей облысы қазақтары­ның 200-ге тарта делегат қатыс­қан съезі сәуірдің 27-сі мен мамыр­дың 7-сі аралығында Семей­де өтті. Съездің төрағасы Жақып Ақбаев, орынбасарлары Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсе­ков, төралқа мүшелері Әлімхан Ермеков пен Мұстақұм Малды­баев болды. Съезді Шәкәрім қажы құттықтады. Павлодардан, Бөкей ордасынан, Омбыдан, Томнан, Орынбордан, Ташкенттен жеделхаттар келді, Әлихан Бөкейханов өз атынан құттық­тады.

Мұнда да жалпыұлттық қазақ съезін өткізу туралы басқа облыс­тық съездердің шешімдері қол­дау тапты. Съезд қарарына: “Ресейді мекендейтін халықтар­дың бостандығын, теңдігін және туысқандығын қамтамасыз ете­тін құқықтары баянды етілуге тиіс; әрбір халық өзінің ұлттық, тұрмыстық, мәдени, экономи­калық, тарихи-жағрапиялық ерек­шеліктеріне сәйкес саяси өмі­рін құруға құқылы” екендігі жа­зылды. Қазақтың дербес саяси партиясын құру және оның мақ­саты демократиялық федера­тивтік-парламенттік республика болуы мақұлданды. Алдағы Бү­кіл­қазақтық съезге делегат бо­лып Григорий Потанин, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, Мұқыш Боштаев, Турағұл (Абай­ұлы) Ибрагимов сайланды.

Семейде өткен бұл съездің бір маңызды өзгешелігі – онда жалпықазақтық съезді Орынбор­да емес, Петропавл қаласында өткізу жөнінде шешім алынды. Бұл шешімнің алынуы да тегін емес. Петропавл қаласының ор­на­ласуы, қалың қазақтың қаты­насына ұрымталдығы, Омбыға жақындығы, т.с.с. шарттар еске алынған болса керек. Егер бірін­ші жалпыұлттық қазақ съезі Пет­ропавлда өткендей болса, Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш астанасы 1920 жылы Орынбор емес, Петропавл қала­сы болатыны әбден мүмкін еді. Алайда бұл шешімнің қалайша тез өзгеріп, жалпы қазақ өкілде­рінің басын қосуға неге Орынбор таңдалды деген сұраққа бірден жауап бере алмаймыз.

Сонымен, жалпы қазақ съезі 1917 жылғы 21-шілдеде Орын­бор қаласында ашылды. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыста­рынан және Бөкей қазақтарынан өкілдер қатысты. Съезд төраға­сы – Халел Досмұхамедов, орынбасарлары – Ахмет Байтұр­сы­нов пен Әлмұхамед Көтіба­ров, хатшылары – Міржақып Ду­латов пен Асылбек Сейітов. Қа­ралған мәселелердің ішінде ең негізгісі Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақ­станның тағдыры болатын. Бұл орайда “…А.Байтұрсынов пен М.Дулатов “автономиялы Тәуел­сіз қазақ мемлекетін құру” идея­сын ұсынды, ал Ә.Бөкейхан “де­мократиялық, федеративтік және парламенттік Россия рес­публикасының құрамындағы” қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуын қалады… съезд басым көпшілікпен Ә.Бө­кейхановтың ұсынысын қолдады”.

“Қазақ” газетінің 1917 жылғы 31-шілдедегі санында жарияланған съезд қаулысы “қазақ об­лыстары ұлт жігіне қарай об­ластной автономия алуға тиіс”, деген редакцияда берілген.

Жер мәселесі жөнінде съезд делегаттары: “Қазақ жерлері еш­кімге, ешқандай жолмен берілмейді. Қазынаның жері дегеннің бәрі қазақтың жері болған­дықтан, иесіне қайтарылсын”, – деген мәмілеге келді.

Бүкілқазақ съезі облыстар бойынша Ресей құрылтай жина­лысына депутаттыққа кандидат­тар тізімін бекітті. Шын мәнінде ең жоғарғы билік құрылымын бел­гілейтін бұл ұлы жиынға қазақ халқының ең беделді әрі білімді ұлттық көсемдері сайлануға тиіс деген шешім алынды. Олардың арасында: Ә.Бөкейхан, А.Бай­тұр­сынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, Ы.Жайнақов, М.Шоқай, С.Қожанов, Б.Құлманов, Г.Пота­нин… сияқты аса көрнекті қайраткерлер болды.

Ақмола облысынан сайлан­ғандар: Жұмабаев Мағжан, Тұр­лы­баев Айдархан, Сейітов Асылбек, Итбаев Ережеп, Жанай­даров Сейілбек, Тілеулин Жұ­мағали, Дүйсенбаев Рақымжан, Абылаев Сұлтанмұхамед, Ме­ченбаев Сыдық (фамилиясы қате жазылған, Мешінбаев бо­луы керек. – З.Т.), Күсемісов Салмақбай, Болғанбаев Хайрет­дин.

1917 жылғы ақпан төңкері­сінен кейін қазақ даласында сая­си ахуал нағыз ұлттық, тәуелсіз­дік сипатына ие болып, бүкіл ха­лықтың мүддесі көтерілген бұл съездер жөнінде осынша баян­ды әңгіме етуіміздің мәнісі неде? Себебі солардың қорытындысы ретінде Орынборда өткен Бүкіл­қазақ съезі – қазақ халқының та­рихында өте-мөте маңызды, бұ­рын болмаған және енді қайта­ланбайтын оқиға. Құрылтай жиналысына ұсынылатын канди­даттардың тізімін бір ғана “Алаш” партиясының тізімі деп атаған жөн” деген сөздерге назар ауда­райық. Басқаша айтқанда, бұл тізімге кірген адамдар “Алаш” партиясының атынан ұсынылған кандидаттар екендігінде күмән бар ма? Жоқ.

Міне, осылайша, сол бірінші съезде құрылтайға депу­тат­тыққа кандидат болып қазақ атынан ұсынылғандар тізіміндегі қызыл­жарлықтар Айдархан Тұрлы­баев, Ережеп Итбаев, Жұмағали Тілеулин, Салмақбай Күсемісов, Хайретдин Болғанбаевты, әри­не, жеке бөліп көрсетеміз. Бұлар – Мағжан Жұмабаев бастаған қайраткерлер, “Алаш” партиясы­ның іргесін қалап, шаңырағын кө­терушілер екенін дәлелдейміз. Әйтпесе, әлдебіреулер толық біл­мегендіктен, кейбіреу білсе де, айтқысы келмегендіктен, сол Мағжанды немесе Жұмағалиді “Алаш” қозғалысына қатысқан еді, “Алашордада” қызмет істеп­ті”, деп бәсеңсітуге бейім тұра­ды. Мұны оқыған бүгінгі жастар жағы, жазығы қанша, осылай екен деп сенеді.

Сонымен 1917 жылғы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткен ІІ съезд – “Алаш съезі” деп аталған, аттас партияны құрған, Алашорда үкіметін құрған екінші жиын. Бұл жиын қазақ халқын тұ­тастыққа, бірлікке шақырды. Пар­тия болып, топ болып жіктелуге қарсы, бірлік үндеуін М.Дулатов пен А.Байтұрсынов жазды.

Съездің қаулысынан үзінді келтірейік: “…Бүкіл қазақ-қырғызды билейтін өкімет керек­тігін ескеріп, съезд бірауыздан қаулы қылды: І. Бөкей елі, Орал, Тор­ғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сыр­дария облыстары, Ферғана, Са­марқанд облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ уез­дері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы ір­гелес болыстардың жері, бірың­ғай іргелі халқы – қазақ, халі, тұр­мысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына Ұлттық-жерлі автономия құруға; ІІ. Қазақ автономиясы Алаш деп аталсын; ІІІ. Алаш об­лыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесін құруға. Мұның аты – Алаш Орда болсын. Алаш Ор­даның уақытша тұратын орны – Семей қаласы. Алаш Орда бұл күннен бастап, қазақ халқының билігін өз қолына алады”. Алаш Ор­даның төрағасы – Әлихан Нұр­мұхамедұлы Бөкейхан. Ұлт кеңесінің құрамына 15 адам сай­ланды.

“Сарыарқа” газетінің 1918 жылғы 22-қаңтардағы санында осы съездің жұмысына байла­нысты Алаш көсемдерінің бірі, Әлімхан Ермековтің “Жасасын, Алаш, жасасын!” деген мақа­ла­сы басылды. Онда: “Желтоқ­сан­ның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге “Алаш” автономиясы ке­ліп, азан шақырылып ат қойыл­ды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоң­сы қонып, шашылып жүрген қа­зақ жұрты өз алдына ауыл бол­ды. Отансыз жұрт Отанды бол­ды”, – деген жолдар бар.

Әлбетте, “Алаш” туын көтерушілердің бірде-біреуін кемітуге болмайды. Олардың әрқайсы­сының өз орны бар. Егер белгілі-белгісіз себептермен кейбіреу­леріне қазір құрмет көрсетілмей жатса, біреулерін оздырып, бі­реулерін ұмытып жатсақ, ол – біз­дің кінәміз. Бәлкім, етектен тар­тар қазақшылығымыз болар. Із­деушісі барлар, бұрыннан ауызға ілініп қалғандар тарихтың мәретөбесінен орын алып отыр. Ал кейбіреулері шаң басқан ар­хив сөрелерінде әлі де өз кезегін күтуде. Бірақ мұндай жағдайда “өлі арыстаннан – тірі тышқан артық” бола алмайды. Саналы ұр­пақ бұл кемістіктің орнын тол­тырар. Азаттық, тәуелсіздік жолында шейіт болған аталары­мыздың әруағы разы болсын де­сек, солардың әрқайсысын жарыққа шығарайық.

Зарқын Тайшыбай,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, Қазақстан жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp