«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНГИОГРАФ — АСА ҚАЖЕТ ҚОНДЫРҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық орталығы кардиологиялық, аритмологиялық, ангиохирургиялық – жалпы қан айналым жүйесінің ауруларын емдеуге мүмкіндік беретін заманауи ангиографпен толықты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов емдеу мекемесін аралап, ангиографтың мүмкіндіктерімен танысты.

“Azurion 7” деп аталатын аппараттың құны 710 млн. теңге тұрады. Құрылғының ерекшелігі оны пайдаланған кезде сырқатқа наркоз салынбайды және операция тілік арқылы жүргізіледі. Ал дәрігер алдындағы үлкен монитордан науқастың қан тамырын жақыннан көре алады. Қазірдің өзінде орталық дәрігерлері жаңа қондырғымен күніне 10-15 адамға ота жасайды.

“Мұндай заманауи қондырғылар жүрек-қан тамырлары ауруларын өзімізде емдеуге мүмкіндік береді.Осы аппаратты қолданғаннан кейін өңірде инфаркттан қайтыс болу көрсеткіші 2 есеге азайды. Бұл – өте жақсы нәтиже. Біз мұндай оталарды 2009 жылдан бері жасап келеміз. Тәжірибеміз бар”, – дейді бөлімше меңгерушісі Дмитрий Те.

Ота үстелінде 87 жастағы сырқат жатыр. Ол есін біледі. Емдеу мекемесінің директоры Асхат Молжігітовтің айтуынша, сырқаттың коронарлық артериясына операция жасалуда. Ангиографиялық аппараттың көмегімен науқастың жүрегінің қандай тамыры, қай жерде зақымданғаны анық көрінеді. Жалпы қазіргі уақытта кардиологиялық орталық қиын оталардың бірі – жүрек қақпақшасын да ауыстырады. Былтыр осындай 30 ота жасалған.

“Ангиографтың көмегімен біздің кардиохирургтар жүрек пен қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасауда. 3D бейненің арқасында инфаркт, инсульт және басқа да ауруларды емдеу жақсарды. Бұл – кардиологиялық орталыққа орнатылған екінші ангиограф. Тағы бір заманауи ангиограф көпсалалы қалалық ауруханада орнатылуда. Жалпы 2024 жылы облыста медициналық қондырғылар алуға 5,1 млрд. теңге бөлінді. Біздің ауруханалар УЗИ, цифрлық рентген, өкпені жасанды желдету құрылғылары, флюорограф және наркоз-тыныс алу аппараттарымен толығады”, – деді өңір басшысы.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp