«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСТЫ УАҚЫТЫЛЫ АЯҚТАУ МАҢЫЗДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып жатыр. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыс алаңына барып, жұмыстың барысын тексерді.

“Орман” және “Береке” шағынаудандарында екі мектептің, студенттер жатақханасының, спорт кешені мен арнайы мектеп-интернаттың құрылысы басталған.

Мәселен, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттеріне арналған 11 қабатты екі жатақхана бой көтереді. Әр қабатта 3-4 орындық, 20 бөлме болады. Жатақханалар 1200 орынға шақталған. Қазіргі таңда құрылыстың 65 пайызы аяқталыпты. Құрылыс жұмыстарына “Основание” серіктестігі жауапты. Мердігер компания нысанды биылғы жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр.

– Қазіргі уақытта 3,5 миллиард теңге игерілді. Жатақхананың қабырғалары түгелдей тұрғызылды. Қазір сыртын қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Одан кейін жатақханаға қажет жабдықтар мен жиһаздар алынады, – деді “Основание” ЖШС-ның директоры Сергей Тимофеев.

Ал “Орман” шағынауданындағы “Жайлы мектеп” жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық білім ошағының іргетасы өткен жылдың күзінде қалана бастаған. Мердігер “ASTI GROUP” компаниясы өкілдерінің айтуынша, мектептің құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталады. Дәл осындай мектеп “Береке” шағынауданында да бой көтермек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы Петропавл қаласында аталған жоба аясында 4 мектеп салу жоспарланған.

Осы күні өңір басшысы “Береке” шағынауданындағы 300 орынға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының құрылыс алаңында да болды. Жоспар бойынша мектептің 50 орынға шақталған интернаты, оқу корпусы, гараж және кір жуу ғимараты болады. Құрылыс жұмыстарымен жергілікті “Зерттеу СК” ЖШС айналысып жатыр. Серіктестік директоры Евгений Махиняның айтуынша, нысан осы жылдың тамыз айында тапсырылады.

Өткен жылы “Береке” шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің де құрылысы басталған еді. Бұл нысанды салуға 1 миллиард 809 мың теңге бөлінген. Мердігер компания өкілдері кешен биыл ел игілігіне берілетінін айтты.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жауапты басшыларға құрылысқа қарқын қосып, жұмысшылар санын көбейтіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp