«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДА ЖҰМЫС ТА, ҮЙ ДЕ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа жылдағы алғашқы қоғамдық қабылдауын өткізді.

Өңір басшысының қабылдауына келген Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Ағыбай Байтоқов болашағы жарқын ауылдардың біріне көшудің амалын таппай, тығырыққа тірелгенін жеткізді.

“Ұзынкөл ауылында тұрдым. Мұнда тұрғындар саны өте аз. Су да, жол да, жұмыс та жоқ”, – деген тұрғынның шағымы бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Әділбеков түсініктеме берді. Шағым иесі Червонное ауылындағы қожалықта жиырма жылға жуық механизатор болып еңбек еткен. Бұдан кейін аудан орталығындағы элеваторға жұмысқа орналасып, көп ұзамай бұрынғы шаруа қожалығына қайтып оралған. Екі күннен соң ұжымнан кету жөнінде өтініш жазған. Механизаторлықтан бөлек, күзетші, малшы қызметтері ұсынылғанымен, бас тартқан. Зайыбына да тауарлы-сүт фермасынан жұмыс табылған. Сөйтсе, отбасы аудан орталығында тұрғысы келетін көрінеді.

“Аудан басшылығы сізге Новоишимнен баспана ұсына алмайды. Ондағы үйлер өзге өңірлерден көшіп келетін отбасыларға арнап салынуда. Сіздің облыс ішінде қоныс аударушы ретінде жалдамалы пәтер алуға құқығыңыз бар. Қазір Червонноеде бос баспаналар бар. Бұл мәселені шешуді аудан басшылығына тапсырамын”, – деді Ғауез Торсанұлы.

Петропавлдық Шолпан Бейісова бірнеше мәселемен жүгінді. Уәжі облыс орталығын абаттандыруға және қоғамдық көліктерге қатысты. Оның айтуына қарағанда, №25 бағытына жүретін автобустар әбден ескірген. Сонымен қатар қардан да, желден де қорғайтын аялдамалардың болғанын қалайды.

“Бұл мәселе маған жақсы таныс. Аялдамалардың бірінде орындық, екіншісінде қоқыс жәшігі жоқ екені рас. Оларды қалыпқа келтіруге бизнес өкілдерін тартып, жабық үлгідегі аялдамалар қоятын боламыз”, – деген облыс әкімі Шолпан Бейісованың бас шаһардағы сауда орындары көрсететін қызметтің, азық-түлік тағамдарының сапасына көңілі толмайтынына қатысты өз ойын айтты.

“Мұндай фактілер орын алса, оған төзуге болмайды. Құқық бұзушылық ретінде баға берілуі керек. Мұндай жағдайда сауда орындарының өкілдері жауапкершілікке тартылады. Азаматтардың шағымдары бойынша тиісті шара қабылдауға тиіспіз”, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысының қабылдауында болған өзге де азаматтардың өтініш-тілектері мен ұсыныстары бойынша нақты жауаптар берілді. Қала әкімі мен тиісті басқарма басшыларына мәселелерді бақылауға алып, қысқа мерзімде шешу жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp