Бір ғасырлық тарихы бар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қоры Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа құжаттармен толықты. “Архив – 2025” бағдарламасы аясында мұрағатқа Омбы қаласынан Мағжан Жұмабаевтың саяси қайраткерлігін көрсететін 1918 жылғы түпнұсқа құжаттар әкелінген.
Сонымен қатар архив қызметкерлері Мағжан ақынның 1928 жылы шыққан “Жүсіп хан” ертегісінің көшірмесін кирилица әліпбиіне аударып, кітапша шығарған. Әзірге бұл құнды кітаптың жалғыз нұсқасы тек біздің облыстағы архивте бар екен. Сонымен қатар архив қорына асыл тұлғаның 1927 жылы Мәскеуде басылып шыққан электр тоғы жөніндегі, яғни физика оқулығының түпнұсқасы да әкелінген.
– Қазан қаласының университетінде Лобачевскийдің атында кітапхана бар. Соның қолжазбалар бөлімінде өте құнды материалдар кездеседі. Олардың көбі біздің өлкеміздің тарихына байланысты деректер. Сол жерде Қызылжарлық ақын-жазушылардың өміріне байланысты қолжазбалар сақталып тұр екен, – дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.