Ақан сері атындағы облыстық филармонияның симфониялық оркестрі Үндістанға гастролдік сапармен барып, Дели төрінде өнер көрсетті.
Қызылжарлық өнер ұжымынан бөлек, аталған шараға елордалық Е.Рахмадиев атындағы академиялық филармонияның камералық хоры қатысқан. Үндістандық оркестр мен Абзал Мұхитдин жетекшілік ететін оркестрдің өнерін жұртшылық жылы қабылдады. Қос оркестрдің сүйемелдеуімен Үндістанның танымал өнер иелері ән салды. Қазақстандық өнер ұжымдары ұсынған “Бхарат симфониясы” да көптің көңілінен шыққан.
Жаһандық Лакшминараяна музыка фестивалі (LGMF) Үндістанда 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Шараға жыл сайын түрлі елдердің әртістері қатысып, концерттерде өнер көрсетеді. Бұған дейін фестивальге 25 елдің өнерпаздары қатысқан. Биылғы 32-ші музыка фестиваліне қазақстандық әртістер арнайы шақырылып отыр.
“Жаһандық Лакшминараяна фестиваліне келген қалың жұрт әлемдік деңгейдегі қазақ оркестрінің жүрек жаулайтын өнерін тамашалады. Үндістан мен Қазақстан арасындағы музыкалық байланыс негізінде фестивальде Орта Азия елінің симфониялық оркестрі мен хор ансамблі өнер көрсетті”, – деп жазды Үндістанда 3 миллионнан астам данамен тарайтын елдің бас басылымы “The times of India” газеті өнерпаздар жайында.
Үндістан сапары – жергілікті филармонияның биылғы жылы шетелге жасаған алғашқы гастролі. Былтыр филармония әртістері Қытай, Италия, Түркия елдерінде өнер көрсеткен.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.