Әйелін азаптап өлтіріп, денесін көміп тастаған Надир Абдулаевқа қатысты сот үкім шығарды.
Виктория Абдулаева өткен жылдың шілде айында күйеуінің қолынан жантәсілім еткен болатын. Күйеуі оны үйдің жанындағы орманға апарып, бірнеше рет пышақ салған. Сосын інісі Иса Гасанов екеуі марқұмның денесін сол маңға көміп тастаған.
“Абдулаев пен Гасанов үйге келіп, киімдерін жуып, қан іздерін кетірген. Кей айғақ заттарды қоқыс жәшігіне лақтырған”, – делінген облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың үкімінде.
Сотта Надир Абдулаев кінәсін мойындап, түсініктеме берді. Ол 13 шілде күні түнгі 3-тер шамасында үйіне келгенде әйелінің ішімдік ішіп алғанын көреді. Содан үйде жанжал басталып, кішкентай қызы ұрысты естімес үшін далаға шығады. Виктория оны балағаттап, ажырасатынын айтқан. Бұған шыдамаған ол бетінен ұрып жібереді. Викторияның қолындағы пышақты жұлып алып, бірнеше рет сұққан.
Прокурор айыпталушыны 11 жылға, ал Иса Гасановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот Надир Абдулаевты 10,5 жылға, Иса Гасановты 1,5 жылға темір торға жабуға үкім шығарды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал Абдулаевтардың кішкентай қызының тағдыры не болатыны әзірге белгісіз.
Мағжан АХМАДИНА.