Алматы қаласында О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпимпиада өтті. Білім бәйгесі осымен 20-шы рет ұйымдастырылып отыр. Додаға қатысқан жерлестеріміз екі жүлделі орынға ие болды.
Білім сайысына солтүстікқазақстандық оқушылардан құралған команда қатысты. Өңір намысын қорғаған “Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицей КММ-ның 11-сынып оқушылары екі жүлделі орынды қанжығаларына байлады. Математика пәнінен қатысқан Даниил Аксенов күміс медальді еншіледі. Ал физикадан бағын сынаған Роман Остафейчук қола жүлдегер атанды. “Мен математиканы сүйіп оқимын. Бұл пәнді жетік меңгеру үшін оқушыға математикалық формулаларды білу маңызды. Қиялдың жүйріктігі де – керек қасиеттердің бірі. Сайысқа біраз уақыт дайындалдық. Еліміздің барлық өңірінен жиналған талапкерлер осал болмады. Мені осынау күрделі де қиын пәнге баулыған ұстазыма алғыс айтамын”, – дейді Даниил Аксенов.
Әсел ОРАЗБАЕВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.