Петропавлда өрт сөндірушілер әйелді ажалдан аман алып қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабар түнгі уақытта түскен.
– Түнгі сағат 02:05-те 2 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен өрт шыққаны туралы хабар түсті. 4 минуттан кейін оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер бірінші қабаттағы пәтерге кіргенде қою түтінге тұншығып, диванда жатқан әйелді табады. Кіші сержант Арман Қасымов әйелді көтеріп терезеден шығарды. Оны өрт сөндіруші-құтқарушы Болат Ахметов төменнен көтеріп алады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Оқиға орнынан 10 адам, оның ішінде 3 жасар бала қауіпсіз жерге шығарылды. Ал өрт темекі шегіп ұйықтағаннан болған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.