Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, біржарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс жасалғанына, қолға алған шаралардың нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнағанына, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігінің артқанына, қоғамның саяси мәдениеті мүлдем жаңа сипатқа ие болғанына тоқталды. Алдағы жаңа экономикалық саясат белгіленіп, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету міндеті қойылды. Өңдеу саласын жедел дамытуға, экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударылды.
“Жергілікті өзін-өзі басқару туралы” заңның қабылдануы бұл бағыттағы айтулы қадам болды. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлануы саяси жүйенің орнығуының нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар атқарушы билікке үлкен жауапкершілік жүктелді. 2021 жылдан бастап Қазақстан тарихында алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің тікелей дауыс беру арқылы сайлануының стратегиялық мәні айрықша. Биліктің барлық дерлік институттарын жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру, ал саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыра отырып, жергілікті билік өкілдерін сайланбалы етуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындауға, аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеуде орталық пен өңір арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аударуға бағытталуы тиіс. Әкімдердің сайлауын тағайындау, оларға қойылатын шарттар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, өзін-өзі ұсыну, тағы басқа талаптар нақтыланды. Мәселен, саяси партия бір сайлау округінде бір ғана үміткер ұсынуға құқылы. Ауылдық округ әкімдігіне өзін-өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысын жинауы керек. Мұның өзі демократиялық даму жолына нық қадам басқанымызды айғақтайды. Ең бастысы, өкілеттілік пен жауапкершіліктің ара-жігі ажыратылып, жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін олқылықтар реттелді. Оның нақты мысалдарын Абай ауылдық округінің қыж-қыж қайнаған тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады. Біз әркез жаңашыл әдіс-тәсілдерге арқа сүйеп, күнделікті жұмыс барысында қолдануға ұмтылып отырамыз. Тоқсан сайын өткізілетін кездесулердің, сондай-ақ қоғамдық кеңестер мен жиналыстардың, жеке қабылдаулардың күн тәртібіне жұртшылықты толғандыратын әлеуметтік проблемалар шығарылып, ашық айтылып отырады. Мұндай ауқымды талқылаулардан округке қарасты Қарағаш, Калиновка, Константиновка, Тапшыл елді мекендерінің тұрғындары шет қалған емес. Аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген округтың 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің қаржылық қамтамасыз етілуі, бағдарламалардың орындалу барысы кеңінен түсіндірілді. Бюджет түсімдерінің мөлшері 2022 жылға – 9363 мың, 2023 жылға – 9494 мың, 2024 жылға 9636 мың теңге болып бекітілген. Аудандық қазынадан алынатын субвенция көлемі – 11737 мың, ал округтың 2023 жылғы бюджетінің жалпы мөлшері – 21373 мың теңге. Әкімдік мамандарына жер телімдерін уақытша пайдалану, шаруа болмаса фермер қожалығын жүргізу үшін жалға алу құқықтары мен шарттары, конкурстарға қатысуға өтінім беру, жарғылық капиталдың мөлшері туралы сұрақтар жиі қойылады. Осыған байланысты бизнес-жоспар, инвестициялардың болжамды көлемі, қолданылатын агротехнологиялар, ашылатын жұмыс орындарының саны, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану, жер заңнамасының қағидаларын бұлжытпай орындау, қажетті құжаттардың сәйкестігі, тағы басқа мәселелер бойынша бағыт-бағдарлар мен кеңестер беріледі.
Жолдауда ет, сүт өнімдерін тереңдетіп өңдеу сықылды болашағы зор бағыттарға басымдық беру атап өтілді. Округте жұмыс істейтін “Астық-СТЕМ” ЖШС өз ізденістерін заманауи ғылыммен әркез үйлестіріп отырады. Суды көп қажет ететін егіс алқаптарын азайтып, оның орнына пайда әкелетін дақылдар өсірумен жүйелі түрде айналысады. Бүгінде 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға зығыр, 1,5 мың гектарға рапс егіледі. Серіктестік басшылығы тамшылатып суару мол өнім негізі екенін жылма-жыл дәлелдеп келеді. 239 гектар картоп, 126 гектар жүгері, 105 гектар беде, 41 гектар сәбіз осы әдіспен суарылады. Бұл жүйенің артықшылықтарына көз жеткізгендіктен, суармалы жерлер алқабы ұлғайтылды. 1,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, заманауи қондырғылармен жабдықталған тауарлы-сүт фермасы бой көтерді. 30 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 3,2 мың тоннаға дейін сүт сауылады. Көкөніс сақтайтын қойманың сыйымдылығы 5300 тоннаға жуық.
Қарағаш ауылында “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында демалыс аймағы қоршалып, балалардың ойын алаңы 14 млн. теңгеге 84 шам орнатылды. “Цифрлық Қазақстан” жобасы шеңберінде Калиновка мен Константиновка ұялы байланыспен, мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. 60 млн. теңгеге “Кар-Тел” ЖШС ұялы байланыс операторының мұнарасы мен антенна жабдығы қойылды. “Тайыншаагроинвест” ЖШС медициналық пунктті жөндеп берді. Қарағаш метебінде жоғары кәсіби мұғалімдер еңбек етеді. Олардың 38 пайызы – бірінші және жоғары санатты, 13 пайызы – педагог зерттеуші, педагог сарапшы және педагог модератор. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. 391 баспананың бәрі дерлік орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. 11 жеке кәсіпкерлікке 242 адам тартылған. Олар сауда, мал шаруашылығы, жемшөп дайындау, жолаушылар тасымалдау, тігін саласында еңбек етіп жүр. “Астық-STEM” серіктестігі өздерінің – 294, “Астық – Қарағаш” – 166, “Бидай ST” 47 пайшыларымен есептесіп, дивиденттерін толық төледі. Жемшөп, көмір көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға арзан бағамен үлестірілді. Наубайханаларда пісірілетін наның бағасы да қолжетімді. Округте тұратын 231 зейнеткер, 50 мүгедек, 16 көп балалы отбасыны шаруашылықтар қамқорлыққа алған.
Еңбекке қабілетті 691 тұрғынның көпшілігі “Астық-STEM”, “Астық-Қарағаш”, “Бидай ST” серіктестіктерінде еңбек етеді. Орташа жалақы – 170 мың теңге көлемінде.
Учаскелік инспектор тарапынан жүргізілетін белсенді профилактикалық іс-шаралардың арқасында криминогендік ахуал тұрақты. Қоғамдық тәртіп өкіліне “Астық STEM” ЖШС қызметтік көлік тарту еткен болатын. Бұдан бөлек, аграршылар бірлесіп, арнайы тұрғызылған қызметтік баспананы табыстады.
Бәріміз де аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалардың жүргізілгенін көріп отырмыз. Оның айқын белгісі – әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформаның қолға алынуы. Енді Мемлекет басшысы алдымызға бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту, жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру талабын қойып отыр. Сонымен қатар жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесі де қарастырылмақ. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкеліп, өңірлердің, оның ішінде ауылдық округтердің табысты өркендеуіне ықпал етері анық.
Бейбіт ДОСМУХАНОВ,
Абай ауылдық округінің әкімі.
Тайынша ауданы.