Қазақстанда “Заң үстемдігі” жобасы іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты – заң бұзушылықтардың алдын алу және қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әсіресе сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, таза, әділ қоғам құру көзделген. Аталған міндеттерді іске асыруға “Әділдік жолы” республикалық қоғамдық бірлестігі білек сыбана кірісті.
– Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен “Адал азамат” тұжырымдамасын жүзеге асыруда, қоғамдағы заң мен құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптастырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ. “Заң үстемдігі” жобасына кез келген ел азаматы қатыса алады.
Әрбір тұрғын сыбайлас жемқорлық фактілері немесе басқа да мәселелер бойынша 1463 Call-орталығына не Adildik.kz сайты арқылы хабарласып, өз сауалдары бойынша құқықтық кеңес пен көмек ала алады. Бұның барлығы тегін, – деді “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова.
“Әділдік жолы” бірлестігі екі жылдан бері белсенді жұмыс істеп жатыр. Осы уақыт ішінде арнайы байланыс орталығына хабарласқан 8 мыңғы жуық теріскейлік азаматтың өтініші қаралған. Нәтижесінде 1206 адам түрлі заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 800 млн. теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылған.
– Ал ел бойынша мемлекеттік сатып алу саласын бақылау аясында 15,1 млрд. теңгеге бағаны көтеру және заңнаманы бұзу бойынша 1000-ға жуық факті анықталды. Осы және өзге де фактілер бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшысына немесе өзге де қызметкерлерге жалпы сомасы 264 миллион теңге айыппұл салынды. Заңды тұлғаларды қоса алғанда, 626 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, ұйғарым шығарылды. Құқықтық кеңес беру және сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында 900-ден астам ауылда кездесу өткізілді, – деді “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Айнагүл Нұрахметова.
Жалпы қоғамдық бірлестікке құрылыс саласындағы жемқорлық жайлы жиі шағым түседі екен.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.