«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арзан интернет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Цифрлық даму министрі интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып оздық дегенде бәрі таңғалған еді. Себебі бізде интернетке қол жеткізе алмай отырған қаншама елді мекен бар. Тіпті қалалық жерлердің өзінде интернет дұрыс ұстамайды. Дегенмен мәселені шешуге қадамдар жасалып жатқанын жоққа шығармаймыз. Тек көптің қалауы – интернеттің игілігін ертерек көру.

“Тариф жыл сайын қымбаттаса да, сапасы жақсармайды”, – деп шағым­да­на­тындар көп. Қазір жұмыстың көбі интернетке байланып тұрған соң тұтынушыға шарықтаған үстіне шарықтай беретін баға да бас ауру. Жауапты министрдің “Біздің елімізде тариф арзан” деген сөзінен кейін ұялы операторлар бағаны бірден көтеріп жіберген еді. Содан соң негізсіз көтерілген бағаға қатысты шағым да күрт көбейе түсті. Осыған байланыс­ты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңында ұялы операторларды тергеп-тексеріп, 2023 жылы тарифтік жоспарлар бойынша бағаның 7,7 пайыздан 57,3 пайызға дейін айтарлықтай өскенін растады.

Алайда бағаның көтерілгеніне қара­мастан, әлемдік рейтингте интернеті ең арзан елдердің қатарында тұр екенбіз. “Cable.co. uk.” компаниясының зерттеуі бойынша еліміз кеңжолақты интернет желісі ең арзан мемлекеттердің арасында 2-орынды иеленген. Орташа есеппен бір айлық шығын 5,11 долларды құрайды.

Құны қаншаға өссе де, сатып алуға мәжбүр тұтынушылардың назы – интер­неттің жылдамдығы. Олар ұялы операторлар бағасына сай қызмет көрсетпейді дейді. Ал “Қолжетімді интернет” ұлт­тық жобасына сәйкес 2027 жылға дейін еліміз толығымен 100 Мбит/с-дан кем емес жылдамдықтағы интернетпен қам­тамасыз етіледі. Оны іске асыруға 1,5 трлн. теңге қарастырылып отыр.

“Speedtest Global Index” дерегі бо­йынша еліміз мобильді интернет жыл­дам­дығы бойынша 67-орында (35,90 Мбит/с) болса, кең-жолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 99-орында (47,53 Мбит/с) тұр. Интернет жылдамдығы бо­йынша рейтинг деректерін салыстырып көрсек, көрші елдердің кейбірінің көші бізден кейін тұрғаны рас. Оның үстіне бағасы әлдеқайда қымбатырақ. Мысалы, Қырғызстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 89-орында (25,69 Мбит/с) болса, кең-жолақты интернет желісі жылдамдығы бойын­ша 91-орында (54,37 Мбит/с) тұр. Ондағы интернет жылдамдығы біздің елмен шамалас болғанымен, тариф құны екі есеге қымбат. Орташа есеппен бір айлық шығын 10,27 долларға тең. Өзбекстан мобильді интернет жыл­дамдығы бойынша 100-орында (23,69 Мбит/с) болса, кеңжолақты интернет желісі жылдамдығы бойынша 93-орында (54,12 Мбит/с) тұр. Ал Тәжікстан мобильді интернет жыл­дамдығы бойынша 138-орынды (9,67 Мбит/с) еншілеген. Ал Түркіменстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 169-орында болса, Ресей 99-орынға (20,04 Мбит/с) жайғасқан.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp