«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ескерткіш (Новелла)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кенқазған қаласы. Күздің сол­ғын тартқан соңғы күндері бола­тын. Елеусіз көп қабатты жалда­малы үйде бір отбасы әдеттегі та­ңын ойнап-күліп қарсы алды. Ша­ңырақ көтергелі бері бұл үйдің жал­ғыз нантабары – Нұрбол. Оның да күннің бетін көрмей жүздеген метр тереңдікте шаң жұтып шахтада жүргеніне үш жылдан асты. Жұ­мысқа асыққа­ны сонша, таңғы асын да апыл-ғұпыл ішіп жатыр. Жары Диана­ның:

– Асықпай ішсеңші, Нұреке, қа­зір қақалып қаласың ғой, – деге­ніне де қарар емес.

– Жұмысқа кешігіп жатыр­мын, айтпақшы түнде мазаң бол­мады ғой қазір қалайсың? – деді.

Бұл асығыстық күндегіден өзгеше болып көрінді.

– Ішімдегі тірі жан түнімен ты­пыршып маза бермеді, 2 айдан соң ортамызға қосылады. Қызық сезім. Біз алғаш рет ата-ана бо­латын күн де алыс емес.

Нұрбол үндеген жоқ. Бірақ оның бар сезімі, шексіз қуанышы оттай жанған көздерінен көрініп тұр еді.

Жылы жүзбен жұбайын жұ­мысы­на шығарып салған Диана дас­тарқанын жинап жатып өзін тағы жайсыз сезінді. Қорыққан­нан “Же­дел жәрдем” шақырды, олар кел­генше Диананың жағ­дайы нашар­лай түсті. Іші қатты ауырып, орны­нан тұра алмай, еденге отырып қалды. Одан кейінгі 15 минут бір сағаттай со­зылып әрең өтті. Есікті әзер аш­қан Диананы дәрігерлер ауруха­наға алып кетті. Өмірінде бі­рінші рет ана атануға дайындалып жүр­ген әйел жаратушыға жал­ба­ры­нуды ғана білді. Ауруханада­ғы­лар оны тексеруден өткізді де ба­ланы мерзімінен бұрын босан­дырып алу керектігін айтты. Бала­ма бірдеңе болып қала ма деп алаңдаулы күйдегі Диана жа­рына хабарласып жанында бо­луын қалады. Алайда қоңырау жауап­сыз қалды. Диананың көңі­лінде әлдебір алаңдау пайда бол­ды. Себебі, Нұрбол қолы қан­дай қар­балас күн болса да жұмы­сының тығыздығына қарамай аяулы жарының қоңырауына жауап бере­тұғын. Диананы опе­ра­цияға алып кетті…

Іңгәләған сәбидің даусы пер­зентхананы нұрға бөлегендей. Жұ­дырықтай жүрегінің астында ме­кен еткен жаратылыстың мұн­ша ыстық әрі тәтті боларын Диа­на осы сәтте түсініп, баласына емірене қарап жатыр.

Осы сәтте дәлізден “Шахтада жарылыс болыпты” деген суық ха­барды құлағы шалып, үстінен бі­реу мұздай су құйып жіберген­дей күйде біраз тұрды да есінен танып қалды. Көзін ашса дәрі­герлер екпе егіп, өзара бірнәрсе­ні ақылдасып жатыр. Ол сонда да өз-өзіне келе алмай, бір нүк­теге қарап ұзақ жатты. Жаңағы суық хабар есіне қайта түсіп, жү­регі езілді. Іштей Құдайға сыйы­нып, түсім болса екен деп, теле­фонын қолына алып, үмітпен Нұр­­болға хабарласады, тағы да үн­сіздік, жауапсыз қоңырау…

Іштей “түсім болса екен, жары­лыс болмаған болсыншы” деген үмітпен екпе егіп тұрған дәрігерден:

– Бүгін шахтада жарылыс бол­ды ма? – деп сұрады.

– Иә, солай деп жатыр, қаза тап­қандар саны онға жетті деген хабар бар, әлі де іздестіру жүр­гізіп жатыр екен…

Осыдан кейінгі сөздер Диана­ға еміс-еміс естіліп, соңы үзіліп кет­кендей күйге түсті. Оның көзі­нен еріксіз шыққан мөлдір там­шылар жастығына ағып түсіп жатты. Бір сәт таңертеңгі күйеуі­нің бейнесі, ай­тылған жылы сөз­дері есіне тү­сіп, жүрегі селт етті. “Жоқ… ж-оо-қ, мүмкін емес, ол тірі, тірі”, – деп іштей күбірлеп, қайта есінен танды. Ана­сының күйі осы болған соң баласы да жайсызданып, жұрттың маза­сын алып жылай берді. Дәрігер­лер оны сабырға шақырып, кейде тіпті ұрсып та алатын. Осыдан кейін оған дүние мүлдем қараңғы сияқты көрінді. Тек қолын­да жа­рығы әлсіз, солғын жанған шырақ бар. Ендігі өмірінің мәні – сол шы­рақты өшіріп алмау. “Ұлым үшін өмір сүремін, Нұрбо­лымның тұя­ғы, ізбасары – сенің есімің әкең ар­ман еткендей Ар­ман болсын”, – дей­ді сол шырақ­пен қараңғы өміріне жарық түсіріп тұрып.

Арада он жыл өтті. Кеншілер күніне орай Кенқазған қаласын­да 10 жыл алдын қаза тапқан кен­ші­лерге арналған ескерткіштің ашы­лу салтанаты болады. Диа­на мен Арманды салтанатты іс-шараға шақырған.

Орталық алаң. 25-30 шақты адам жиналған. Барлығы да қаза болған кеншілердің туған-туысы. Ескерткіш жанына әлдебір басшы жайнаңдай келіп тамағын қырнап, жуан мойнына тарлық етіп тұрған галстугын сипалап сөз сөйлей бастады. Өз сөзін қуа­нышты леп­пен бастап, лепіріп, көмір артыл­ған вагондарды өзі сүйреп жүргендей мақтана сөй­лейді.

– Сәлеметсіздер ме? Міне бү­гін кеншілер күніне орай қаза тап­қан кеншілерімізді ескерусіз қалдырмай ескерткіш орнаттық! Ашы­лу салтанатына қош келді­ңіздер! – деп айналасын бір сүзіп шықты. Жұрт амалсыздан қол соқ­ты. Кен­шілердің аты-жөні жа­зылған ес­керт­кіштен Арман да өз әкесінің атын көріп, қатты қуа­нып ай­қайлап жіберді:

– Анашым, қарашы әкемнің аты-жөні тұр, менің әкем, бұл ме­нің әкемнің есімі! – деп жұртқа мақ­тана көрсетті.

Әрине бала көңіл риясыз қуа­нуда. Бірақ Диананың ішіндегі же­гідей жеген қайғысы мен мұңын, күйініш пен сағынышты кім түсін­сін…

Аяулым ОРАҚБАЙ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp