Жас кәсіпкерлерге жеңілтетілген несие беру ісі биыл да жалғасын таппақ. 2024 жылы 6 мың жастың бизнес идеясын қаржыландыру көзделіп отыр. Ел Президентінің тапсырмасына сай жас кәсіпкерлерді қолдау және жұмыссыздықпен күресу үшін жыл басынан жастарға несие беру жалғасты.
Несие беру “Аграрлық несие корпорациясы” ірі қалалар мен өңірлердегі филиалдары арқылы жүзеге асады. Оның талаптарына келсек, өтініш берушінің кәсіп бастаған мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Өтініш беру 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлер мен бизнестің есігін енді ашамын дейтін жандарға қолжетімді. Сонымен қатар жастардың кепілге қояр мүлкі болуы да міндетті. Өзінде болмаған жағдайда жақын туыстарының мүлкін кепілге қою мүмкіндігі қарастырылған. 5 млн. теңгеге дейінгі қаржы жастарға 5 жылға, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 7 жылға беріледі.
Өткен жылы аталған бағдарламаның игілігін 5,8 мың жас көрген. Жоба аясында алдағы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық 3,7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға жалпы 26 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру биылғы жылмен шектеліп қалмай, бағдарлама аясында 2025 жылға дейін жалғасады.
Әмина АСЫЛБАЕВА.