Күй өнері – қазақтың асыл қазынасы. Халқымыз бұл аспапты көне заманнан бері қастерлеп, үйінің төрінен түсірмей келеді. Қазақ күйге тек өнер ретінде қарамаған. Күй – бүкіл тарихымыз, болмысымыз сыйып тұрған бөлек тіл сияқты. Бабаларымыз өздерінің ішкі мұң-сырын да, қуанышын да күймен жеткізген. Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгірлерден жеткен туындылар осы күні көгімізде шалқып, көңілімізді тебірентіп келеді. Бір кездері құлдырауды бастан өткерген аталмыш өнер бүгінде қайта жанданып, домбыраға қызығушы жастардың саны артуда. Жыл сайын қаншама қазақ баласы домбыра үйреніп, мықтылары елімізді шетелдерде танытып, рухымызды асқақтатып жүр. Жастардың алды бүгінде өздері де ұстаздық жолға бет бұрған. Солардың бірі – Әлихан Қуандық.
Әлихан Қуандық М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің үшінші курс студенті. Өз білімін тереңдету үшін музыкалық мамандықта оқып жатыр. Өнерлі жас 2 сыныптан бері қос ішекті аспапты жанына серік етіп келеді. Осы күні оның репертуарында 70-тен астам күй бар. Ес білгелі өнерде жүрген жан небір көркем күйлерді нақышына келтіріп, шебер орындайды.
– Екінші сыныпта алғаш домбырадан тәлім берген ұстазым – Берік Жанатов еді. “Мерей” өнер мектебінде 5 жыл тәлім алдым. Кейін өнер колледжіне оқуға түстім. Онда “Күдер” ансамблінде өнер көрсеттім. Ансамбль жетекшісі Тойкен Күдерованың жетелеуімен талай жетістікке жеттік. Өзім оқушы кезімнен түрлі конкурстарға қатысып келемін. Көкшетау, Астана қалаларында өткен өнер додаларынан бәйгесіз оралған кезім жоқ. Колледжде оқып жүрген кезімде Дубайдағы үлкен байқауда бас жүлдені иелендік. Әрине оқу мен өнерді қатар алып жүру кімге болсын оңай емес. Алайда бәріне уақыт тауып үлгеріп жүрмін, – дейді Әлихан.
Университет қабырғасында оқып жүрген өнерпаздың өзі де ізінен шәкірт ертіп отыр. Еңбекқор жан бар білгенімен бөлісу үшін “Алаш” атты домбыра мектебін ашқан. Мектептің ашылғанына көп бола қоймаса да біраз талапкердің басын қосып, өнердегі жолын ашып әрі өзі де табыс табуда.
– Бұл кісіден тәлім алып жүргеніме екі жылға жуық уақыт болды. Маған оның сабақтары ұнайды. Басқа мұғалімдерге қарағанда бәрін жеңіл түсіндіреді. Келген балалармен тіл табысуды жақсы меңгерген. Сабақтардың қалай өтіп кеткенін де байқамай қаламыз. Өзім бұл мектепке аптасына екі рет келу керек болсам да, қазір жеті күннің төртеуінде осындамын. Жеке сабақтардың пайдасы мол. Қазір “Келіншек” күйін үйреніп жүрмін, – дейді домбыра мектебінің шәкірті Диана Ташкенбаева.
Өнерлі жанның алдынан тәлім алып келе жатқан 30 шақты өнерпаз бар. Домбыра сабақтары келушілердің қалауына қарай топтық және жеке форматта өтеді. Егер жеткілікті уақыт бөлсе бір күйді кем дегенде бір аптада үйреніп алуға болады екен. Алайда домбыра мектебінің ісін өрге домалату алғашында оңай болмаған. Талапты жасқа ойлағанын жүзеге асырып, шәкірт тәрбиелеуде қиындықтар аз кездеспеген. Мұның бәрін Әлихан Қуандықтың досы, домбырашы Мөлдір Тілейхан жақсы біледі.
– Қаламызда домбыра үйрену курстары аз. Мектептер мен музыкалық оқу орындарындағы үйірмелерге тек сол жерде оқитын білім алушылар ғана қатыса алады. Ал үлкендер мен кішкентай балалар үшін жеке, топтық оқыту жағы шешілмей тұрған түйткіл еді. Сондықтан да Әлихан екеуіміз ақылдаса келе осы бастаманы қолға алайық деп шештік. Алғашында біраз кедергілерге тап болдық. Сабақ беретін орын табудың өзі қиынға соқты. Қаншама адамға хабарласып, ұсыныс айтқанымызбен қолдау көрсете алмады, – дейді Мөлдір Тілейхан.
Жастардың білім, ғылым, өнер, бизнесте өз жобаларын жүзеге асырып, идеяларын ел игілігіне жаратып келе жатқаны көңіл қуантады. Кедергілерге қарамай, қолдау жоқ деп қол қусырып отырмай адал еңбек етіп жүрген жандар – еліміздің жарқын болашағын жасаушылар. Еліміздің ертеңгі тізгіні осындай жастардың қолында.
Талантты жас мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол өзі ашқан мектебін одан әрі кеңейтіп, өңірдегі музыкалық білім беретін ең мықты білім ордасына айналдырғысы келеді. Болашақта қазақ өнерін насихаттап, талай жастың қолына домбыра ұстатып, күй өнерінің өңірде өркендеуіне үлес қосарына сенімді.
Жангелді ЖҰМАЛИЕВ.