Кенқазған қаласы. Күздің солғын тартқан соңғы күндері болатын. Елеусіз көп қабатты жалдамалы үйде бір отбасы әдеттегі таңын ойнап-күліп қарсы алды. Шаңырақ көтергелі бері бұл үйдің жалғыз нантабары – Нұрбол. Оның да күннің бетін көрмей жүздеген метр тереңдікте шаң жұтып шахтада жүргеніне үш жылдан асты. Жұмысқа асыққаны сонша, таңғы асын да апыл-ғұпыл ішіп жатыр. Жары Диананың:
– Асықпай ішсеңші, Нұреке, қазір қақалып қаласың ғой, – дегеніне де қарар емес.
– Жұмысқа кешігіп жатырмын, айтпақшы түнде мазаң болмады ғой қазір қалайсың? – деді.
Бұл асығыстық күндегіден өзгеше болып көрінді.
– Ішімдегі тірі жан түнімен тыпыршып маза бермеді, 2 айдан соң ортамызға қосылады. Қызық сезім. Біз алғаш рет ата-ана болатын күн де алыс емес.
Нұрбол үндеген жоқ. Бірақ оның бар сезімі, шексіз қуанышы оттай жанған көздерінен көрініп тұр еді.
Жылы жүзбен жұбайын жұмысына шығарып салған Диана дастарқанын жинап жатып өзін тағы жайсыз сезінді. Қорыққаннан “Жедел жәрдем” шақырды, олар келгенше Диананың жағдайы нашарлай түсті. Іші қатты ауырып, орнынан тұра алмай, еденге отырып қалды. Одан кейінгі 15 минут бір сағаттай созылып әрең өтті. Есікті әзер ашқан Диананы дәрігерлер ауруханаға алып кетті. Өмірінде бірінші рет ана атануға дайындалып жүрген әйел жаратушыға жалбарынуды ғана білді. Ауруханадағылар оны тексеруден өткізді де баланы мерзімінен бұрын босандырып алу керектігін айтты. Балама бірдеңе болып қала ма деп алаңдаулы күйдегі Диана жарына хабарласып жанында болуын қалады. Алайда қоңырау жауапсыз қалды. Диананың көңілінде әлдебір алаңдау пайда болды. Себебі, Нұрбол қолы қандай қарбалас күн болса да жұмысының тығыздығына қарамай аяулы жарының қоңырауына жауап беретұғын. Диананы операцияға алып кетті…
Іңгәләған сәбидің даусы перзентхананы нұрға бөлегендей. Жұдырықтай жүрегінің астында мекен еткен жаратылыстың мұнша ыстық әрі тәтті боларын Диана осы сәтте түсініп, баласына емірене қарап жатыр.
Осы сәтте дәлізден “Шахтада жарылыс болыпты” деген суық хабарды құлағы шалып, үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей күйде біраз тұрды да есінен танып қалды. Көзін ашса дәрігерлер екпе егіп, өзара бірнәрсені ақылдасып жатыр. Ол сонда да өз-өзіне келе алмай, бір нүктеге қарап ұзақ жатты. Жаңағы суық хабар есіне қайта түсіп, жүрегі езілді. Іштей Құдайға сыйынып, түсім болса екен деп, телефонын қолына алып, үмітпен Нұрболға хабарласады, тағы да үнсіздік, жауапсыз қоңырау…
Іштей “түсім болса екен, жарылыс болмаған болсыншы” деген үмітпен екпе егіп тұрған дәрігерден:
– Бүгін шахтада жарылыс болды ма? – деп сұрады.
– Иә, солай деп жатыр, қаза тапқандар саны онға жетті деген хабар бар, әлі де іздестіру жүргізіп жатыр екен…
Осыдан кейінгі сөздер Дианаға еміс-еміс естіліп, соңы үзіліп кеткендей күйге түсті. Оның көзінен еріксіз шыққан мөлдір тамшылар жастығына ағып түсіп жатты. Бір сәт таңертеңгі күйеуінің бейнесі, айтылған жылы сөздері есіне түсіп, жүрегі селт етті. “Жоқ… ж-оо-қ, мүмкін емес, ол тірі, тірі”, – деп іштей күбірлеп, қайта есінен танды. Анасының күйі осы болған соң баласы да жайсызданып, жұрттың мазасын алып жылай берді. Дәрігерлер оны сабырға шақырып, кейде тіпті ұрсып та алатын. Осыдан кейін оған дүние мүлдем қараңғы сияқты көрінді. Тек қолында жарығы әлсіз, солғын жанған шырақ бар. Ендігі өмірінің мәні – сол шырақты өшіріп алмау. “Ұлым үшін өмір сүремін, Нұрболымның тұяғы, ізбасары – сенің есімің әкең арман еткендей Арман болсын”, – дейді сол шырақпен қараңғы өміріне жарық түсіріп тұрып.
Арада он жыл өтті. Кеншілер күніне орай Кенқазған қаласында 10 жыл алдын қаза тапқан кеншілерге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болады. Диана мен Арманды салтанатты іс-шараға шақырған.
Орталық алаң. 25-30 шақты адам жиналған. Барлығы да қаза болған кеншілердің туған-туысы. Ескерткіш жанына әлдебір басшы жайнаңдай келіп тамағын қырнап, жуан мойнына тарлық етіп тұрған галстугын сипалап сөз сөйлей бастады. Өз сөзін қуанышты леппен бастап, лепіріп, көмір артылған вагондарды өзі сүйреп жүргендей мақтана сөйлейді.
– Сәлеметсіздер ме? Міне бүгін кеншілер күніне орай қаза тапқан кеншілерімізді ескерусіз қалдырмай ескерткіш орнаттық! Ашылу салтанатына қош келдіңіздер! – деп айналасын бір сүзіп шықты. Жұрт амалсыздан қол соқты. Кеншілердің аты-жөні жазылған ескерткіштен Арман да өз әкесінің атын көріп, қатты қуанып айқайлап жіберді:
– Анашым, қарашы әкемнің аты-жөні тұр, менің әкем, бұл менің әкемнің есімі! – деп жұртқа мақтана көрсетті.
Әрине бала көңіл риясыз қуануда. Бірақ Диананың ішіндегі жегідей жеген қайғысы мен мұңын, күйініш пен сағынышты кім түсінсін…
Аяулым ОРАҚБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.