«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күй өнері – қазақтың асыл қазынасы. Халқымыз бұл аспапты көне заманнан бері қас­тер­леп, үйінің төрінен түсірмей келеді. Қазақ күйге тек өнер ретінде қарамаған. Күй – бүкіл тари­хымыз, болмысымыз сыйып тұрған бөлек тіл сияқты. Бабаларымыз өзде­рінің ішкі мұң-сырын да, қуанышын да күймен жеткізген. Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгірлер­ден жеткен туындылар осы күні көгімізде шалқып, көңілімізді те­бірентіп келеді. Бір кездері құлдырауды бастан өткерген аталмыш өнер бүгінде қайта жанданып, домбыраға қызығу­шы жастардың саны артуда. Жыл сайын қаншама қазақ баласы домбыра үйреніп, мықты­лары елімізді шетелдерде танытып, рухымызды асқақтатып жүр. Жастардың алды бүгінде өздері де ұстаздық жолға бет бұрған. Солардың бірі – Әлихан Қуандық.

Әлихан Қуандық М.Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінің үшінші курс студенті. Өз білімін терең­дету үшін музыкалық маман­дықта оқып жатыр. Өнерлі жас 2 сыныптан бері қос ішекті аспап­ты жанына серік етіп келеді. Осы күні оның репертуарында 70-тен астам күй бар. Ес білгелі өнерде жүрген жан небір көркем күй­лерді нақышына келтіріп, шебер орындайды.

– Екінші сыныпта алғаш дом­бырадан тәлім берген ұстазым – Берік Жанатов еді. “Мерей” өнер мектебінде 5 жыл тәлім алдым. Кейін өнер колледжіне оқуға түс­тім. Онда “Күдер” ансамблінде өнер көрсеттім. Ансамбль же­тек­шісі Тойкен Күдерованың же­телеуімен талай жетістікке жет­тік. Өзім оқушы кезімнен түрлі конкурстарға қатысып келемін. Көкшетау, Астана қалаларында өткен өнер додаларынан бәйге­сіз оралған кезім жоқ. Колледж­де оқып жүрген кезімде Дубай­дағы үлкен байқауда бас жүл­дені иелендік. Әрине оқу мен өнерді қатар алып жүру кімге болсын оңай емес. Алайда бә­ріне уақыт тауып үлгеріп жүрмін, – дейді Әлихан.

Университет қабырғасында оқып жүрген өнерпаздың өзі де ізінен шәкірт ертіп отыр. Еңбек­қор жан бар білгенімен бөлісу үшін “Алаш” атты домбыра мек­тебін ашқан. Мектептің ашылға­нына көп бола қоймаса да біраз талапкердің ба­сын қосып, өнердегі жолын ашып әрі өзі де табыс табуда.

– Бұл кісіден тәлім алып жүр­геніме екі жылға жуық уақыт болды. Маған оның сабақтары ұнай­ды. Басқа мұғалімдерге қа­рағанда бәрін жеңіл түсіндіреді. Келген балалармен тіл табысуды жақсы меңгерген. Сабақтардың қалай өтіп кеткенін де байқамай қала­мыз. Өзім бұл мектепке аптасы­на екі рет келу керек болсам да, қазір жеті күннің төртеуінде осын­дамын. Жеке са­бақтардың пайдасы мол. Қазір “Келіншек” күйін үйреніп жүрмін, – дейді домбыра мекте­бі­нің шәкірті Диана Ташкен­баева.

Өнерлі жанның алдынан тәлім алып келе жатқан 30 шақты өнерпаз бар. Домбыра сабақтары келушілердің қа­лауы­на қарай топтық және жеке форматта өтеді. Егер жеткілікті уақыт бөлсе бір күйді кем де­генде бір аптада үйреніп алуға болады екен. Алайда домбыра мектебінің ісін өрге домалату ал­ғашында оңай болмаған. Та­лапты жасқа ойлағанын жүзеге асырып, шәкірт тәрбиелеуде қиындықтар аз кездеспеген. Мұның бәрін Әлихан Қуандық­тың досы, домбырашы Мөлдір Тілейхан жақсы біледі.

– Қаламызда домбыра үйре­ну курстары аз. Мектептер мен музыка­лық оқу орындарындағы үйірме­лерге тек сол жерде оқитын бі­лім алушылар ғана қатыса ала­ды. Ал үлкендер мен кішкентай балалар үшін жеке, топтық оқы­ту жағы шешілмей тұрған түйт­кіл еді. Сондықтан да Әлихан екеуіміз ақылдаса келе осы бас­таманы қолға алайық деп шеш­тік. Алғашында біраз кедергі­лерге тап болдық. Сабақ беретін орын табудың өзі қиынға соқты. Қаншама адамға хабарласып, ұсыныс айтқанымызбен қолдау көрсете алмады, – дейді Мөлдір Тілейхан.

Жастардың бі­лім, ғылым, өнер, бизнесте өз жобаларын жүзеге асырып, идея­ларын ел игілігіне жаратып келе жатқаны көңіл қуантады. Ке­дергілерге қарамай, қолдау жоқ деп қол қусырып отыр­май адал еңбек етіп жүрген жан­дар – еліміздің жарқын болаша­ғын жасаушылар. Еліміздің ертеңгі тізгіні осындай жастардың қолында.

Талантты жас мұнымен тоқ­тап қалмақ емес. Ол өзі ашқан мектебін одан әрі кеңейтіп, өңір­дегі музыкалық білім беретін ең мықты білім ордасына айнал­дырғысы келеді. Болашақта қа­зақ өнерін насихаттап, талай жастың қолына домбыра ұста­тып, күй өнерінің өңірде өркендеуіне үлес қосарына сенімді.

Жангелді ЖҰМАЛИЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp