Шоқтығы биік, ілімі ерек Марал ишанның Кенесары ханға тарту еткен Құран кітабының табылғанын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы рухани астанамыз Түркістанда өткен құрылтайда тебіреніспен жеткізген болатын. Екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетел асып, артынан елге жеткізілген кітап – қазақ халқы үшін өте қымбат қазына. Ол жәдігер қазіргі уақытта Қожа Ахмет Яссауи мұражайында сақтаулы.
Марал ишан жайлы неміс ғалымы Фамбердидің “Түркі халықтарының этнологиясы мен этнографиясы” және Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” атты еңбектерінде мәліметтер кездеседі. Ал Сәден (Рзақ) Нұртайұлы ишан “Ислам және Марал баба” кітабын жарыққа шығарған. Өткен жылдың тамызында “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жариялаған жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовтің Марал бабамыз туралы көлемді мақаласында да тың деректер көп.
Марал Құрманұлы бұрын Қостанай облысына қараған, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылының солтүстік-шығыс жағында шамамен 4-5 шақырым жердегі Есеней Қайранкөлі атанған көлдің жағасында туған. Ел аузында қалған деректерге сүйенсек, қазіргі Троебратное ауылының оңтүстік жағындағы Құрттыкөл жағасындағы ескі қыстауда дүние есігін ашқан. Сыр бойында жерленген. Хан Кене бастаған ұлт азаттық қозғалыстың рухани көсемі болған ол қазақ қоғамының дағдарысқа ұшыраған рухын көтеруге бар ілімін, білімін жұмсаған. Оның қайраткерлігі ел ішінде аңыз ретінде айтылады. Кенесарының сенімді серігі ретінде отарлаушыларға қарсы күресте білікті ұйымдастырушылардың бірі болған. Сыр бойына егін егіп, отырықшы елге айналуды да осы Марал бабамыз нұсқаған. Сондай-ақ Бұқарадан алған жоғары діни білімін шәкірт оқытуға жұмсап, ахун ғалымдар тәрбиелеп шығарған. Нәтижесінде 33 ишан, 88 мақсұм ислам дінінің ғалымына айналған.
Кенесары бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-Сібір мұсылмандарының діни басшысы болған. Даулы мәселелер тек шариғат бойынша шешіліп отырған. Кенесары әскерінің жеңіске жетулеріне беделді әулиенің көмегі көп тиген екен.
1821 жылдың 30 маусымындағы Ресей патшалығының №556 жарлығы шыққан, онда қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, балаларына орысша тәрбие беріп, артынан өзімізге қызмет еткіземіз, шоқындырамыз және жаңадан қалалар тұрғызамыз делінген. Алайда Марал баба осының бәріне қарсылық танытып, ғазауат соғысын бастаған. Отарлаушылар “разделяй и властвуй” деген ұрандарын іске асырып, қазақ пен қазақты бір-біріне қарсы қойған. Сол төңіректің биі атанған Сыбан Керей руынан шыққан Есеней Естемесұлы Ақсары Керей руының Нұрымбет, Нұралының шұрайлы жерін тартып алған. Бұл жайында Ғабит Мүсіреповтің әйгілі “Ұлпан” романында да жазылғанды.
1821 жылдың маусымында Орынбор генерал-губернаторының жарлығы шыққан. Онда Марал Құрманұлы деген қырғыз, өзін әулие санап жүрген көрінеді делінген. Орынбор генерал губернаторы жүзбасы Жантөре Жиһангеровке, Арғын руының биі Жұма Құдаймендиевке және полковник Грамматин сұлтан Шотайға Маралды ұстауға тапсырма береді. Алайда Марал ишанды таба алмайды. Соңында ғазауат соғысы қазақтың қырық пышақ болуы себепті бірін-бірі түсінбей аяқсыз қалды.
Осы дәйектер 1899 жылы Торғай облысының заң кеңесшісі “Край ведомство” газетінің №16-17 нөмірлерінде және “Петербургское ведомство” журналында 1899 жылғы №3 санында жарияланған “Қазақ Марал Құрманұлы” деген мақалада көрсетілген. Марал бабамыздың әкесі Құрман Жамбыл ауданы, Ақбалық ауылының солтүстік-шығыс бағытындағы шамамен 7-8 шақырым жердегі Құрттыкөл жағасындағы ескі қорымда жерленген. Бұл мәліметтерді Қарақамыс ауылының тумасы Ерік Қотиев айтқан еді. Құрман Кенжебайұлы – Абылай ханды тұтқыннан құтқаруға атсалысқан батырлардың бірі. Оның зайыбы Фатима анамыз да ағартушылықпен айналысқан.
Марал ишан 61 жасында үш күн бұрын бақилық болатынын, арулап қалай және қай жерге жерлейтіндерін айтып кеткен екен.
Марал бабамыз Қостанайда 7 мешіт, Сыр өңірінде 14 мешіт салдырған. Ишанның бес зайыбынан тараған ұрпақтары Жуалы топырағында қауышқан. 2022 жылы Марал ишанның ұрпақтары Троебратное ауылының маңына, тас жолдың бойына шамамен екі жүз метр жерге ескерткіш тас орнатты.
2023 жылдың желтоқсан айында сәті түсіп, Марал ишан бабамыздың басына барып, ұрпақтарымен таныстым. Қуанып қарсы алды.
Қызылордаға барған кезде жергілікті мәдениет басқармасына соғып, солтүстіктен келіп отырғанымды, Марал ишанмен рулас екенімді айтып, дөңгелек үстел басында әңгіме-дүкен құрдық. Таң қалдыратыны – олар “Алдымен Алладан, содан кейін Маралдан тіле!” – дейді екен. Қызылорда мен Қызылжар арасында мәдени байланыс орнатсақ деген ұсыныстарын жеткізіп, өлкетану мұражайында Марал ишанға арналған көрме ұйымдастыруға дайын екендіктерін айтты.
Мені мазалап жүрген жәйт – Марал баба Қызылжардың Қайранкөлінде дүниеге келгенімен, кіндік қаны тамған өлкеде бабамыздың есімі берілген бірде бір көше немесе мешіттің жоқтығы. Қызылжарда 2023 жылы ислам мәдениеті музейі ашылды, аталған мұражай Марал ишанның атымен аталса нұр үстіне нұр болар еді. Не болмаса Қызылжардың көп көшелерінің біріне бабаның есімі берілсе деген тілегіміз бар.
Ерболат ЕСЕНҒАЛИ,
№17 ұлттық-өркендеу мектебі директорының орынбасары.