«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫР-ҚАЛАМЫ МҰҚАЛМАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Қызылжардың мақтаныштары Игібай Әлібаев, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Темірғали Қасенов, Ахметжан Нұртазин, Біржан Берденов сынды ардақты тұлғалармен есімі қатар аталатын халық ақыны Уахит Темірбековтің туғанына 120 жыл толады.

Уахит Әбжанұлы 1904 жылы Петропавл округіне қарасты №12 Қуандық ауылында туған, бұл жерді жергілікті жұртшылық “Бөрілі” деп атап кеткен. Қазіргі Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылдық округіне қарасты Неждановка мен Шортай ауылының маңында орналасқан. Өкінішке қарай Шортай да, Қуандық та жоқ, тек жұрты ғана қалған.

Уахит Темірбеков жас кезінде молдадан сауатын ашып, кейін жеті жылдық білім алады. 1926 жылы Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдайды. Әуелі (1924 жылы) комсомол қатарына өтіп, аудандық жастар одағы басшыларының бірі атанған. 1927-1928 жылдары Айыртау аудандық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Әкесі Әбжан ұсталғаннан кейін іле-шала 1930 жылы Уахит та “халық жауы” деген жаламен түрмеге жабылады. Оған тағылған жалғыз-ақ айып – алашордашының баласы болғандығы.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай “Жазықсыз жазаланған” атты ғылыми мақаласында: “Сол 1930 жылғы желтоқсанның 17-сінде (енді бір көшірмесінде 12-сі деп жазыпты) толтырылған ОГПУ “Үштігінің” протоколын оқиық: Қылмыс заңының 58-2-бабы бойынша “контрреволюциялық “Жат” ұйымының мүшелері:

1. Темірбеков Әбжан, 61 жаста, қазақ, ауылдық старшын болған, Алашорда мүшесі, партияда жоқ, кулак ретінде мал-мүлкі хатталған, 1928 жылдан бері кеңеске қарсы әрекет жасап келе жатқандығы үшін 5 жылға бас еркінен айырылсын.

2. Темірбеков Уахит Әбжанұлы, 25 жаста, ВЛКСМ қатарынан шығарылған, 5 жыл берілсін.

Сөйтіп, тағдырдың тәлкегіне түсіп 18 жыл айдауда, қамауда жүріп 1948 жылы ғана босап шығады. Айдауда, түрмеде болған жерлері: “Беломор канал”, “Колыма”, “Карлаг” (Қарағанды) лагерлері еді”, – деп сөзімізді нақтылай түседі.

Ақын Уахит 43-тен асқан уақытта ғана елге оралды. Көп кешікпей Шәрбан есімді қызға үйленіп, бір ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, баянды ғұмыр кешеді.

Кеңес шаруашылығына араласып, ұжымдық шаруашылықта, орман шаруашылығы саласында қызмет атқарады. Ақындығымен елдің көңілін жаулап, “Облыстың халық ақыны” атағына ие болады. Алпысыншы жылдары “Тың өлкесі” газетімен, жетпісінші жылдары “Ленин туы” газетімен тығыз байланыста болып, өлеңдері баспа беттеріне жиі жарияланған.

Ақын 1982 жылы 77 жасында дүниеден өтті. 2004 жылы ақынның туғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы “Асыл мұра” орталығының іргетасын қалаған Ғалым Қадыралин “Бір өліп, бір тірілдім” атты жыр жинағын құрастырады. Қаламгер шығармаларының тақырыбы сан алуан. Ол елді, жерді перзенттік пейілмен өз жырына арқау еткен. “Алтын аймақ” өлеңінің түйіні “Туған жер мәртебесін биіктету – ақынның және әрбір ер азаматтың міндеті”, – дегенге саяды.

“Қазақ халқы ежелден жылқы сүйген,

Жүйріктерді сәйгүлік баптай мінген.

“Ер қанаты – жақсы ат” деп текке айтпаған,

Қандай жақсы жылқыны сақтай білген”.

Бұл – ақынның “Аса жақсы, көремін жылқы малын” өлеңінің бір шумағы. Жүрісі – жел, сүті – бал, еті – шырын, бөкен желіс, майда жал, жүйрік, жорға жануар – қазақ даласының символы. Халқымыздың жылқы малын қастерлегені сонша өмір өткелдерінің Құлагер, Қарагер, Ақбозат, Көкқасқа сынды тұлпарлармен сабақтасқанын тарихтан білеміз. Демек, Уахит ақынның жырлары қазақы болмысымызды сақтауға, құндылықтарымызды қастерлеуге үндейді.

Қай қаламгер болмасын, кіммен қалай араласқанын, кімді қалай сыйлағанын өз шығармаларында көрсетеді. Уахит Темірбековтің жүрекжарды лебіздеріне көз жүгіртейік.

“Сен халықтың айнасы жарқыраған,

Өзенісің өлеңнің сарқыраған.

Ән, домбыра, ақындық – бәрі сенде,

Өлең-жырың әлі көп айтылмаған.

Олай болса, нөсерлет өлеңіңді,

Халқың көріп келеді өнеріңді.

Жетпіс келіп алса да жетегіне,

Мен сенемін елге әлі береріңді”, – деп ол айтыстың ақтаңгері атанған Игібай Әлібаевтың 70 жылдық мерейтойына осылайша жыр арнайды. Уахит Әбжанұлының өлең, өнер өлкесінде жүрген жандарға зор құрметпен қарағанын аңғарамыз. Айтыскер ақын Ахметжан Нұртазинның алпыс жасқа толуына орай жазған “Ахметжанға” өлеңі жаныңды жылытады. Үзеңгілес замандасының Біржан сал, Ақан серінің сарынын жалғап, Жамбыл, Кенен, Шашубай, Ыбырай мен Абайға ұқсағанын қалап:

“Тау шыңындай тұлғалы боп талабың,

Бұрқыратшы әлемнің от боранын.

Серісі боп, сырласы тың даланың,

Мұқалмасын мәңгілік жыр қаламың”, – деп толғанады.

“Орман” кезіп жүре бермей, ел ішін аралап, өнерсүйер қауымды тың ойлармен қуантқанын тілеп, артында жыр құлпытас қалдыруын талап етеді. Сөз астарына үңілсек, орманшы ақынның ізденіс үстінде жүру керектігін әдемілеп жеткізген.

Уахит Әбжанұлы өкшесін басып келе жатқан інілеріне де қолдан келгенше қолдау көрсеткен. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін руханиятқа қызмет еткенін мұрағаттың сарғайған парақтары айғақтайды. “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінің 1982 жылғы нөміріне жарияланған “Сыршыл суреткер” (Сафуан Шәймерденовке арналған) мақаласында: “Мен шабытыма от беретін алаулаған өлең-жырлар немесе шау тартқан көңілімнің күйін қозғайтын тарихи туындылар болмаса, прозалық шығармаларды көп оқи қоймаймын. Оқысам сезім пернесін дөп басатын лирикалық туындыларға ғана ерекше ден қоямын. Ондайда алдымен Сафуан Шәймерденовтің дүниеліктерін қолға аламын. Қолға алсам – ойланамын, толғанамын. Қаламгердің жазғандарынан, поэзиялық туындыларын, әңгімелерін алайық, өлең-жырдың лебі есіп тұрады. Оған жыл сайын кітап шығару “дертіне” шалдықпағанын қоссаңыз, оның аса талғампаз жазушы екендігіне тәнті боламыз. Оның өмірінің соңғы жылдары жаған “Мәжнүн тал” повесін оқығанда менің көкейге түйгенім осы. Повестің тақырыбы да тамаша: өнер адамы туралы. Онда суретшінің психологиясы, сұлулыққа іңкәрлігі асқан шеберлікпен суреттелген. Меніңше, қара сөзбен өлең жазған И. С.Тургенев немесе поэма жазған Ғ.Мүсірепов тәрізді поэзиялық туындылар тудыру оның қолынан келеді. Суреткер ініме әрқашан зор табыс тілеймін”, – деп ініге ізет көрсетеді.

“Ақын” деген жынды ғой,

Жынды болмай, болмайды.

Жүз жерден жын соқса да,

Құнды болмай қоймайды”.

Осы төрт-ақ жолмен ақынның қоғамдағы рөлін жеткізе білген облыстың халық ақынының артына қалдырған жыр шумақтары ұшар басын мәңгі мұздақ көмкеріп, күміс дулығасы күн шапағына шағылысқан Алтайдың қарлы шыңдарындай көрініп тұратыны белгілі. Демек, Уахит Темірбеков қанша уақыт өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, заманмен бірге жаңарып, ел жадында жаңғыра түседі.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp