Облыста жұмыртқа өндірумен айналысатын 6 құс фабрикасы бар. Былтыр кәсіпорындар толық қуатының тек 74 пайызы деңгейінде ғана өнім өндірді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір тұрғындары орта есеппен жылына 150 млн. жұмыртқа тұтынады. Облыстың құс фабрикалары қажеттілікті толық жаба алады. Мәселен 2022 жылы 705,7 млн., соның ішінде құс фабрикалары 530,7 млн. жұмыртқа өндірген. 2023 жылы 680 млн. данасы саудаға шығарылса, 504,9 млн. жұмыртқа – құс фабрикаларының өнімі.
Күз-қыс мерзімінде үйдегі тауық жұмыртқаламайды, бұл – саудаға шығарылатын бағаға әсер етеді. Қазіргі уақытта құс фабрикалары 1 санатты жұмыртқаның он данасын 520 теңгеден сатып жатыр. Өнім бағасына жемазық, дәрі-дәрмек, электр қуаты, су, қондырғы аммортизациясы, еңбекақы мөлшері де әсер етеді.
Өңір құс фабрикалары артылған өнімді Ауғанстан мен Қырғызстанға экспорттайды. Былтыр кәсіпкерлер шетелге 23 млн. жұмыртқа жөнелткен.
Әлеуметтік-маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жұмыртқа да кіреді. Сондықтан оған күнделікті мониторинг жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросы облыс бойынша департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта жұмыртқаның бірінші санатының ондығы өңірде орта есеппен 479 теңге тұрады.
Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы “Якорьская ПТФ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарыз берді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, келісім нәтижесінде қазір құс фабрикасы бөлшек сауда желісіне жұмыртқа бекітілген баға – 380 теңгеден (ай сайын 900 мың дана) береді. Ол сауда орындарында 400 теңгеден сатылады. Мұндай арзандатылған жұмыртқаны “Magnum Cash&Carry”, “Северный”, “Семейный”, “Аймер” сауда желілерінен және “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының арнайы сауда орындарынан алуға болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.