Облысымызға соңғы сегіз жылда 14 мыңнан астам адам қоныс аударған. Алайда көшіп келгендердің мыңнан астамы жаңа мекенге үйренісе алмай кері қайтқан.
Солтүстік Қазақстан облысы – тұрғындар саны аз өңір. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың 1 желтоқсанында халық саны 530,7 адам болған. Әр бесінші тұрғын – зейнеткер. Бұл мәселені шешудің бір жолы – ішкі көші-қон, халқы тығыз орналасқан өңір тұрғындарын солтүстікке көшіру. Биыл осы мақсатқа республикалық қазынадан 3,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Қоныстандыру шаралары “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.
– 2023 жылы өңірге 2460 адам қоныс аударды. 265 қандас басқа мемлекеттерден көшіп келді. Оларға 1 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Биыл жұмыс күші басым өңірлерден 2 702 адамды және 207 қандасты қарсы алуға дайынбыз. Оларды 176 елді мекенге орналастырамыз, – дейді облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Аман Төрегелдин.
“Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” жобасы аясында қоныс аударушыларға техникалық және кәсіптік білім беру, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу сынды көмек түрлері қарастырылған. Ал материалдық көмек бір рет, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.