Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баға жетпес құндылықтар туралы үнемі айтып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму” атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде “ Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Өйткені, бірлік болса ғана тірлік болады. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде “Ассамблеяның қажеті жоқ” деген ұшқары, яғни, күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт”, – деген жоғары баға берді.
Иә, ортақ достығымызды нығайту рөлі ұшан-теңіз бірегей құрылымның қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырудағы мақсаты айқын. Президент жыл басындағы сұхбатында ешкімді бейжай қалдырмайтын осынау маңызды мәселеге тағы да айрықша назар аударып, халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін қасиеттерді дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы сапалы ұлтқа айналу талабын қойды. Дүниетанымға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруден сақтануға шақырды.
Қызылжар көпэтносты өңір болып табылатындықтан, этносаралық келісім, тұрақтылық аса маңызды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы мемлекет тарапынан кешенді түрде жүргізіліп келе жатқан толеранттылық және көпмәдениеттілік саясатын қолдай отырып, қызметінде өзара іс-қимылды әртүрлі этникалық топтардың өзара құрмет пен сыйластықта өмір сүру дағдысымен үйлестіруге, бұл бағытта қалыптасқан оң тәжірибелерді кеңінен насихаттауға басымдық береді.
Біз үшін “Отан отбасынан басталады”, – деген киелі ұғымның орны бөлек. Жақсы бастамалар мен озық жобаларды ақпараттық және ұйымдастыру жағынан қолдай отырып, мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі инклюзивті болуын қамтамасыз ететін кешенді шаралардың сапалық жағына баса мән береміз. Былтыр этномәдени орталықтардың белсенді іс-қимылының арқасында “Біз әртүрліміз – біз теңбіз” қағидаты саяси жаңғырудың басты ұстанымына айналды. 28 бірлестік қоғамдық аккредиттеуден өтсе, олардың қатары тәжік және қырғыз ағайындардың ұйымдарымен толықты. Оларға – 2,1 мың адам мүше, бұл – үлкен күш. Бұдан бөлек, аудандарда 180 этноорталық, 219 үйірме мен шығармашылық клуб жұмыс істейді. Бәрінің жұмыла кірісуімен 368 іс-шара өткізіліп, 12,5 мыңнан астам адам қатысты.
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі құраушы үш басымдығын айқындап бергені белгілі. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі ҚХА-ның рөлін күшейту. ҚХА-ның Мәжілістегі квотасының жойылуы, осы ретте Ассамблеядан ұсынылған сенаторлардың Қазақстандағы этностық топтардың барлық мүддесін тиімді қарастыруы, былайша айтқанда, мұндай модель парламенттік жүйенің халықаралық тәжірибесіне сай келеді. Партиялық тізім, сондай-ақ, бір мандатты округтер бойынша үміткерлерді сайлау этностық алуандықтың шынайы қалыбын көрсетті. Екінші басымдық – ақпараттық жұмыстарды және ҚХА-ның қоғамдағы әлеуетін күшейту. Бұл орайда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алудың мәні айрықша. Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін жандандыру. Осы бағытта Ассамблея сотқа жүгінбей-ақ, медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастырды десе де болады. Мұның өзі көп этносты елімізде медиациялық дауларды шешуге және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге үлкен септігін тигізіп отыр. Республикамызға танымал Гүлмайдан Уразбаева, Әлия Құртаева, Лола Шәкімова сияқты спикерлердің қатысуымен “Этномедиацияны қалай түсінеміз?”, “Этносаяси менеджмент негіздері”, “Этносаралық қақтығыстарды реттеудің медиативтік тәсілі”, тағы басқа тақырыптар бойынша семинарлар, “дөңгелек үстелдер”, викториналар ұйымдастырылды. 48 адам арнайы курстарда білімдерін жетілдірді.
Жасыратыны жоқ, қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік жастар арасында белең алып барады. Осыған орай Президент тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге, оған қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді. Мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігінің берілмейтіні өте құптарлық. Біз күштік құрылымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шынайы өмірдегі кез келген түрін қатаң айыптап, ел болып тосқауыл қоюдың жолдарын қарастырып отырамыз. Екітараптық меморандум аясында облыстық полиция департаментінің жеке құрамдарымен бірнеше кездесу өткізілді. Ондағы мақсат – қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдарды қатыстыра отырып, адамгершілікке жат қылықтармен бірлесе күресу. Өскелең ұрпаққа қатысты маңызды шаралардан Аналар кеңесі де бас тартқан емес. Кеңестің мұрындық болуымен өткізілген 355 шараға 10,5 мыңға жуық адамның тартылуы – сөзіміздің дәлелі.
Облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі Ақсақалдар кеңесінсіз Ассамблея қызметін көзге елестету қиын. Оның құрамындағы 150-ге жуық қария – тірегіміз, ақылшымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері тағылымға, үлгі-өнегеге бай, даналықтың шежіресі, энциклопедиясы іспеттес. Достық үйі базасында магистрлер мен сарапшылардан және ғылым докторларынан, яғни, 11 адамнан тұратын ғылыми-сараптамалық топ құрылған. Онда білім беру саласына қатысты мәселелер жүйелі түрде талқыланып отырады. №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова мәдениетаралық сауаттылық бағыты бойынша “Педагогикалық идеялар панорамасы” атты республикалық байқауда бірінші орын иеленді. “Ұлттық бірліктің қалыптасуы жағдайындағы полиэтникалық Қазақстан: этномәдени генезис” облыстық конференциясы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналды. Жоғары құрылыс-экономикалық колледжі жанындағы бейбітшілік және келісім орталығы да ортақ іске сүбелі үлесін қосып келеді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Кафедра меңгерушісі Людмила Гривенная спикер ретінде “Бейбітшілік пен келісім жолы” экспедициясына қатысып, бірқатар өңірлерді аралап қайтты. Журналистер клубы да – басты тірегіміз.
Негізгі қызмет түрлеріміздің бірі қайырымдылық болып қала береді. Қайырымдылық клубының жетекшісі Алла Писаренко бастаған еріктілердің, “Жастар ассамблеясы” бірлестігінің бұл салаға сіңірген еңбегі өлшеусіз. Олар әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” халықаралық акциясы аясында “Әлем – балалар көзімен” суреттер байқауының бастамашысы болды. Конкурсқа түскен 95 шығармадан 10-ы іріктеліп байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік” алтын медаліне “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту орталығының ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы Гүлбақша Мұсабаева, СҚУ жанындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры Ләззат Жалмұқанова, “Коперник” поляк орталығының төрағасы Анатолий Крашевский лайық деп танылды. “Жомарт жан” төсбелгісіне “Барбанг” күрдтер қауымдастығы” филиалының бұрынғы төрағасы Рашид Надиров, қайырымдылық клубының төрайымы Алла Писаренко, Мағжан Жұмабаев ауданының кәсіпкер-меценаты Дәурен Қойшыбеков ие болды. Республика деңгейінде алғашқылардың бірі болып “Ел бірлігі” ордені облыстың құрметті азаматы, ҚХА кафедрасының ғылыми-әдістемелік бірлестігінің мүшесі Анатолий Башмаковқа табысталды.
Жыл өткен сайын ассамблеяның материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Достық үйінің акт залына Led-экран орнатылды, 16 орындық “Газель” автобусы сатып әперілді. Акт және конференц залдар қалпына келтірілді.
Президент Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толық реформалауды ұсынды. Бұл орайда тек заңдардың әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажеттігін алға тартты. Көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан бізді біріктіретін, үйлестіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тылсым күш бар. Ол – достық пен бірлік, ел мен мемлекет мүддесі.
Елена СЕМИДОЦКИХ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты.