«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕНІ ӘЗІРГЕ ДЕПУТАТ ЕМЕС, ДӘРІГЕР ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?

Мен – Астана медицина университетінің түлегімін. Студент кезімнен қоғамдық жұмысқа белсене араластым. Бір жылдық интернатураны облыстық ауруханада өткізгеннен кейін Аққайың аудандық ауруханасында хирург болып қызмет еттім. Сол кезде облыс орталығында кардиохирургиялық орталық ашылатынын естідім. Салалық министрлікке құжаттарымды тапсырып, әңгімелесуден өтіп, бір жылдық оқуға аттандым. Келген соң орталықта он жыл бөлімше меңгерушісі, соңғы үш жыл блок жетекшісі болып қызмет еттім. 2022 жылдың тамыз айынан бастап Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына бас дәрігер қызметіне тағайындалдым.

Мен білімімді жетілдіру үшін бірнеше елде оқыдым, 40-тан астам елге конференция, семинарларға бардым. Себебі дәрігерлер үшін білімді жетілдіріп отыру аса маңызды. Ал дәрігерлік пен депутаттық қызметті ұштастыру қиындық тудырмайды. Екеуінің де міндеті – халыққа қызмет ету. Оның үстіне денсаулық сақтау саласында еңбек еткен 20 жылдың ішінде көптеген қиындықтар кездесті. Дәрігер ретінде қолымыздан келетін көмекті көрсеткенімізбен, кейбір мәселелерді шешуге келгенде мүмкіндігіміз шектеулі. Сондықтан депутат болуға бел будым. Әріптестерімді толғандырып жүрген медицина саласындағы мәселелерді көтеріп, халықтың жанына батып жүрген сұрақтарды шешіп, сапалы қызмет көрсетсем, елдің дамуына өз үлесімді қоссам деген ой.

Сайлауалды үгіт-насихат кезінде де халықпен кездесіп, түрлі мәселелерді сұрап білдік. Бүгінде медицина саласындағы санитарлық көліктердің тозығы жеткен. Үкімет отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін және “Евро-4” стандартына сәйкес келмейді деп осыған дейін сатып алып келген ресейлік санитарлық көліктерді тізімнен алып тастады. Қазір біз “JAC Sunray” базасында жасалған санитарлық көліктерді алып жатырмыз. Ол бұрынғы “УАЗ”-дарға қарағанда екі есе қымбат. Оның үстіне ресейлік санитарлық көліктер ауылдық жерлерде ыңғайлы еді. Әсіресе қыс кезінде жол талғамайтындығы жақсы. Өңірімізге жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода келген кезде бұл мәселе жайында ақылдастық. “Мен сауал жолдайын, сіз қолдаңыз” деген өтінішімді айттым. Егер бұл ойымыз жүзеге асса, өңірдегі санитарлық транспортқа қатысты мәселелер шешімін табар еді. Қазіргі таңда медицина ұйымдарында санитарлық транспорт жоқ емес, бар. Бірақ уақыт өте келе барлық техника тозатыны белгілі.

САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?

Мен облыстық мәслихат депутаттарының арасындағы жалғыз дәрігер болғандықтан, негізінен медицина саласының сұрақтарымен айналысудамын. Медицинаны халыққа барынша қолжетімді етуге атсалысамын деп уәде бердім. Денсаулық сақтау министрлігі биыл ақпан айында Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына ангиограф құрылғысын алып беретін болды. Сол құрылғыны орнатсақ, инфаркт, инсульт алған науқастарды кардиологиялық орталыққа не болмаса облыстық ауруханаға апармай, өзімізде ота жасауға мүмкіндік туады. Мәселен, Ақжар, Уәлиханов аудандарындағы науқастар облыс орталығына емес, Тайыншаға келер еді. Басты мақсат – уақыт ұту. Инфаркт алған науқасқа бір сағаттың ішінде ангиография жасап, артериясын ашу керек. Сол кезде инфаркттың алдын алуға болады. Егер осы уақыттың ішінде тиісті көмек көрсетілмесе салдары ауыр. Ақжар немесе Уәлиханов ауданынан науқасты облыс орталығына бір сағаттың ішінде жеткізу мүмкін емес. Ишемиялық инсульттың кезінде қажетті ем-дом шаралары төрт сағаттың ішінде жасалуы тиіс. Науқас инсульт алғанын өзі емес, туған-туыстары байқайды. Кей науқастар түнде ұйықтап жатып инсульт алуы мүмкін. Таңертең оны облыс орталығына алып келгенше алтын уақыт зая кетеді. Оның үстіне тасымалдау да науқастың жағдайын одан сайын ушықтырады. Сол себепті Тайыншада “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасы аясында осындай жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отырмыз.

ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?

Халықтың артқан үмітін ақтау үшін, мойнымызға алған мәселелер бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына барғалы учаскелік дәрігерлердің жұмысын қайта қарадық. Бұрын тұрғындар ауырып қалса, аудан орталығына дәрігердің қабылдауына келетін. Ауыл жақта жолдың жайы белгілі, көлік табу да оңай емес. Сондықтан медицинаны қолжетімді ету үшін дәрігерлер аптасына бір рет ауылдарға барып, қабылдау жүргізеді. Тұрғындарды қабылдап қана қоймай, диспансерлік есепте тұрған науқастарды қарайды, дәрілерін апарып береді. Бұрын науқас дәрі-дәрмек алу үшін де аудандық ауруханаға келетін. Дәрігер рецепт жазып беретін. Сол рецептіні амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөліміне тапсырып, қажетті дәрісін алатын. Қазір науқастарға дәрігерлердің өздері дәрі-дәрмегін апарып береді. Бұл – ауылдағы ағайын үшін өте қолайлы.

Бұрын аурухана биологиялық сұйықтықтардың зертханалық талдамасын жасау үшін “Олимп” және “Invivo” деген екі жеке компанияның қызметіне жүгінетін. Олар анализдерді Петропавлға, Астанаға алып кетіп, нәтижесін бір немесе екі күннен кейін беретін. Осы мәселені шешу үшін Жапония, Италия, Германиядан құрылғылар алып, өзімізде зертхана аштық. Қазір науқастардың теңертең тапсырған анализінің нәтижесі түстен кейін дайын болады. Біз облыстағы аудандық ауруханалардың ішінде бірінші болып зертханалық-ақпараттық жүйені енгіздік. Дәрігер науқастың анализдерін компьютерден қарап, ем-дом тағайындайды, не болмаса түзетулер енгізеді.

ХАЛЫҚ МАҒАН СЕНЕ МЕ?

Халықтың сенімін толық ақтадым деу – мақтаншақ адамның сөзі. Себебі адам баласы әртүрлі болғандықтан, барлығының көңілінен шығып, талабын орындау мүмкін емес. Маған халық сенеді, не болмаса халықтың сенімін толық ақтаймын деп айта алмаймын. Бірақ қолымнан келгенше еңбек етемін, адал жұмыс істеуге дайынмын. Мен медицина саласының маманы болғандықтан, ауырып келген науқасты қарап, емін тағайындап, жазылып кетуіне жағдай жасау арқылы берген уәдемді орындап жүрмін ғой деп ойлаймын. Бұл – менің кәсіби де міндетім. Әлі есімде, депутат ретінде алғашқы кездесу өткізгенде үш кісі келді. Үшеуі де жүрек ауруларын айтып шағымданды. Тұрғындар мені әзірге депутат емес, дәрігер ретінде қабылдайды. Сондықтан үш кісінің де сұрақтарын шештік. Мәселен, мектеп директорлары білім беру ұйымдарындағы медбикелер тапшылығын шешуді сұрады. Қарапайым тұрғындар жолдың сапасы нашар екенін айтып, шағымданады. Ауылдағы ағайынды жайылымдардың тапшылығы, тіпті сүт бағасының төмендігі толғандырады. Себебі бұның барлығы – күнделікті кездесетін мәселелер. Ауыл тұрғындарының интернет байланысының сапасына көңілдері толмайды. Бұрын “Қазақтелеком” АҚ-ның “250+” деген бағдарламасы болды. Ауыл тұрғындарының саны 250-ден асса ғана қондырғыларын қойып, интернет тартатын. Халықтың жиі шағымдануынан, депутаттардың үздіксіз жұмыс істеуінің арқасында олар “100+” деген бағдарламаны енгізді. Яғни, ауылда тұрғындар саны 100-ден асса интернет желісін тартады.

Мен облыстық мәслихатқа “Amanat” партиясының тізімі бойынша сайландым. Сондықтан қала, ауыл деп бөлмеймін. Ауданда да, облыс орталығында да ай сайын тұрғындарды қабылдаймын. Сайлаушылардың өтініш-тілектерін тыңдауға даярмын.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp