Папиллома вирусының кей түрлері емделмеген жағдайда 10-15 жылда жатыр мойны ісігіне әкеледі. Сондықтан бұл онкологиялық дерттің алдын алуда скринингтік зерттеулердің маңызы зор. Облыстық көпбейінді аурухана жанындағы онкологиялық орталықтың гинеколог дәрігері Наида Набиуллинаның айтуынша, өңірде қатерлі ісіктің осы түрімен 559 сырқат диспансерлік есепке алынған. Ауруы асқынған 16 адам былтыр қайтыс болыпты.
Жатыр мойны обыры – баяу өседі, ұзақ инвазивті кезеңге ие және қымбат қондырғылардың көмегінсіз-ақ тексеруге болғандықтан ерте анықтап, алдын алуға болатын дерттердің бірі. Қатерлі ісікпен ауыруды және өлім-жітімді төмендету бойынша қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі артқан.
“Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың орташа жасы 40 пен 50 аралығында. Яғни өмірдің ең әлеуметтік белсенді кезеңіне сәйкес келеді, сондықтан бұл дерттің қоғамға қандай зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті. Жатыр мойны обырының пайда болуына әкелетін негізгі этиологиялық фактор – адам папиллома-вирусы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Соның 14-і адам үшін қауіпті, түрлі обырға әкелуі мүмкін. Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі адам папилломасы вирусының 16 типті және 18 типті түрін канцерогенді фактор ретінде ресми түрде мәлімдеді. Олар кейін жатыр мойнының дисплазиясына немесе онкопатологияға шалдықтырады. Ал жалпы онкогенді папиллома вирусы тек жатыр мойны обырына әкеп соғады деп ойлау дұрыс емес. Ер адам да жыныс мүшесі қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін”, – дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жатыр мойны обыры 95 пайыз жағдайда папиллома вирусынан пайда болады. Сондай-ақ қатерлі ісіктің дамуына темекі шегу, адамның иммун тапшылығы вирусы, бірнеше жүктілік, тұқымқуалаушылық, яғни отбасында жатыр мойны обырымен ауру жағдайларының болуы, әйелдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі себеп.
Дәрігер папиллома вирусы ерте жастан жыныстық қатынасқа түскенде немесе бірнеше серіктестің болуынан ағзаға енуі мүмкін екенін айтты. Өйткені вирус жыныс жолы арқылы жұғады.
Мамандар профилактикалық шаралар кешенін екі блок бойынша қарастырады. Олар – бастапқы және қайталама алдын алу. Бастапқысында папиллома вирусын жұқтырудың алдын алу көзделген. Бұл туралы ақпараттар білім беру бағдарламаларына енгізіліп, тұрғындарға вакцина салудың артықшылықтары айтылады.
Екіншісі – ауруды ерте анықтауға және оны асқындырмай емдеуге бағытталған шаралар кешені.
Бастапқы профилактикадағы басты рөл халықтың дерт туралы білімін арттыруға, жыныстық серіктестер санын азайтуға, контрацепцияны қолдануға, тиісті тағамдық қоспаларды қолдануға, спортпен шұғылдануға, жаман әдеттерден бас тарту арқылы денсаулықты жақсартуға бағытталған. Олар – интервенциялық бағдарламалар деп аталады.
“Мұндай бағдарламаны Англияда енгізу жыныстық қатынастың кейінірек басталуына, АҚШ-та СПИД-ті жұқтырудың төмендеуіне ықпал етті. Адам папилломасы вирусының таралуы, скрининг қажеттілігі, жыныстық және контрацептивті гигиена туралы білім папилломовирус инфекциясының таралуын және жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыру жағдайларын айтарлықтай төмендетуі мүмкін. Ал қайталама профилактика халықтың осал топтарын толық тексеру кезінде қатерлі ісікке дейінгі немесе ерте анықтауды қамтиды. Көптеген елдерде ондаған жыл бұрын жатыр мойны ісігінен қайтыс болатындар саны көп еді. Соңғы 40-50 жылда АҚШ, Еуропа, Аустралияда скринингтің цитологиялық әдісін (паптест) енгізу қатерлі ісік ауруын 80-90 пайыз төмендетуге мүмкіндік берді. Папиллома вирусының жатыр мойны ісігіне ауысуы 10-15 жылға созылатындықтан, мұндай скринингтің мақсаты – ауруды ерте кезеңде диагностикалау және оны қатерлі ісікке дейінгі кезеңде емдеу. Егер барлық алдын алу және емдеу шаралары уақытылы қабылданса, онда бұл қатерлі ісіктен жазылып кету 90 пайызды құрайды”, – дейді гинеколог.
Маманның айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігін анықтауға арналған бірнеше тәсіл бар. Бұл – кіші жамбас органдарын визуалды тексеру және онкоцитология жағындыларына сынама жасау. ПАП жағындысы әлемде жатыр мойны ісігі скринингінің негізін құрайды. Егер де оның қорытындысы бойынша цитопатология анықталған жағдайда, әйелдер қайта тексеруге жіберілуі керек.
Әйелдерді қауіпті ісіктің осы түрінен қорғаудың тағы бір жолы – вакцина. Бұл бағдарлама цитологиялық скринингті егде жаста бастауға және тексерулерді сирек жүргізуге мүмкіндік береді.
“Жатыр мойны обырын немесе ісікке дейінгі жағдайды анықтау үшін қымбат немесе инвазивті зерттеу әдістерін қолданудың қажеті жоқ. Ең бастысы әйелдер гинекологқа жоспарлы түрде барып, көрініп тұрса болғаны. Әрқайсысы мұндай тексерістердің маңыздылығын түсінуі қажет”, – дейді Наида Набиуллина.
Қазақстанда жатыр мойны ісігінің алдын алу мақсатында скрининг жүргізіледі. 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер әр төрт жыл сайын тексерістен өтуі тиіс. Скрининг ең алдымен жатыр мойнындағы қатерлі ісікке дейінгі патологиялық өзгерістерді анықтауға бағытталған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.