«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кимешек – киімнің киелісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел ішінде, дастарқан басында жиі әңгіме болатын “Бұрынғының шалдары айтып отыратын!”, “Әжелеріміздің әңгімелері қандай еді?!” деп басталатын ғақлиялы сөздерді ерекше ықыласпен тыңдайтынымыз жалған емес. Астары жас ұрпақты дұрыс жолға сілтейтін тәлім мен тәрбиеге, өнегеге толы оқиғалардың қазіргі қоғамға берері мол. Осы жайды ескерген облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы “Könenıñ közı” деп аталатын жаңа айдар ашып отыр. Біз осы айдар арқылы аға буын өкілдерінің, аузы дуалы қарттардың баяғының сөздері мірдің оғындай қариялардың әңгімесіне сүйеніп жазған мақалаларын оқырман назарына ұсынып отырмақпыз.

Біз бала күнімізде кимешек кимеген әжелерді сирек кездестіретінбіз. Елу-алпыстан асқан аналарымыз аппақ кимешек киіп, кез келген ортаның сәніне айналып отыратын. Жас болсақ та отау құрып, ана атанғанда қазақтың ұлттық киімін дәріптеуді армандадық. Құдайға шүкір, бүгінде өзіміз де ақ кимешекті әже атанып отырмыз.

Кимешек – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі. Кимешектің төменгі бөлігіне сырмалап ою салатын дәстүр ежелден бар. Оны жиектей бүрмелеген айналма белдікті “шытыра” дейді екен. Сонан кейін кимешектің алқымына өрнектелген бедерді “сырмаша ою”, оның сыртындағы кестелі жиекті “өрнек сағат” деп атайды. Осы сағат сырманың сыртынан жиектеген жіңішке өзек-оюды “су” деп атаса, кимешектің алқым шыршысын безендіріп тұрған бөлшек-бөлшек тіркесті қызыл-жасыл таңбаларды “алақұрт” деп атайды.

Көп жасаған, көпті көрген әжелеріміз: “Әйел адамның жамалына көрік беретін сәнді әрі көркем бітеу киім басқа жұрттың бірінде жоқ. Қазақ салты бойынша, жаңадан түскен келін әуелі кимешек киеді, уақыт өте келе желек жамы­лады. Одан кейін көк ала кебіс киеді. Алғашқы көтерген баладан соң ауылдың дуалы бәйбішесі келіп, келіннің желе­гін алып, кимешегін ауыстырады. Жалпы келін бо­лып түскенде киетін, одан кейін балалы болғанда киетін, ене бол­ғанда киетін, кемпір бол­ған­да киетін кимешектің түр-түрі бар. Қосағы дүниеден өткен әйел­дер қызылды-жасылды ою өрнегі жоқ тек шытыра салынып, су жүргізген аппақ кимешек киеді. Ол – “жесір әйел” деген белгі. Жөн білетін кісілер жесір отырған жерде оның көңі­ліне келетін артық-ауыз сөз ай­ту­дан тыйылады”, – деп отыратын.

Кимешек әжелердің салтанатын, биік­тігін, тазалығын білдіреді, сонымен қатар басын шаң-тозаңнан сақтап, шашы қолбырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешек басты, кеудені, иықты және арқаны жауып тұратындай тұйық етіп тігіледі. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді, ұшына күміс теңгелер, моншақтар тағылады. Бұл кимешекке сән береді әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді.

Жазушы Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей үйінде ілулі тұрған кимешек ерекше жәдігер саналады. Бұл кимешекті қаламгердің жары Мәриям Қожахметқызына атақты актриса, Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова сыйға тарт­қан екен. Бикен апамыз Мұқаң, Ғабең, Сәбең секілді ұлы тұлғалардың көзін көрген, олар­дың отбасымен аралас-құралас болған. Сахнадағы ғажайып өнерінен бөлек, ол он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер екен. Ол кісі қолы қалт еткенде өзіне көйлек, балаларына киім-кешек тоқығанды ұнатқан. Өз қолымен өрнектеп тігіп, сыйға тартқан кимешекті Мәриям Мұқанова 1960 жылы Сәбеңнің 60 жылдық мерейтойында киген деседі.

Қазақ – дәстүр мен діннен ажырамаған халық. Ата дініміз – исламның талап-ескертпелерін қазақы қалыпқа, танымға сала білген. Дінімізде қыз балалардың әурет жерлерін жауып жүру қажеттігі туралы айтылады. Аналарымыз бұл міндетті кимешек кию арқылы орындай білген. Соңғы кездері тұрмысқа шықпай жатып тұмшаланып алуды жөн көретін қыз балалар көбейіп барады. Өз басым нәзік жандардың шашын көрсетпей, орамал таққандарын құптаймын. Сол орамалдың бір бөлігіне қазақтың ұлттық ою-өрнегі бедерленсе ғанибет емес пе? Біз осы арқылы төл дәстүрімізді дәріптейміз. Зейнет демалысына шыққан жандардың кимешек кигені жөн.

Қазақтың ғажап ақындарының бірі Мұқағали Мақатаев бір өлеңінде:

“Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса…

Нені көрем?”, – деп жырлапты. Осыдан-ақ кимешектің қазақ әйелінің бекзат-болмысын танытатынын аңғаруға болады.

Қымбат ИСМАНОВА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp