Петропавл қаласының тұрғыны Қизат Темірханов хабарласып: “Еңбекке жарамсыздық парақтары тек электрондық нұсқада рәсімделетіні жайлы ақпарат тарады, осы жөнінде толыққанды мәлімет бере аласыздар ма?” – деген сауалын жолдады. Оқырманның сауалына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Тағаниязов жауап берді.
“Адам уақытша еңбек ету қабілетінен айрылып, дәрігерге жүгінген жағдайда ол тараптан берілген анықтама қағаз негізінде еңбекке жарамсыздық ресми түрде куәландырылып, ауру кезеңінде еңбек міндеттемелерін орындаудан босатылады.
Еңбекке жарамсыздық парағы Қазақстан Республикасының азаматтарына, осы аумақта тұрақты тұратын шетелдіктерге созылмалы кеселдердің өршуі, жарақаттар мен уланулар, жүктілік, босану, жаңа туған сәбиге күтім, ортопедиялық протездеу және тағы басқа жағдайларда беріледі. Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен рәсімделген құжат ұсынылса жеткілікті. Әлеуметтік жәрдемақылар еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді.
Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық технологиялар қағаздағы құжат айналымынан бас тартумен қатар заманауи сервистер негізінде медициналық көмек көрсетудің бірыңғай жүйесіне жол ашып отыр. Мәселен, амбулаториялық қабылдау үшін дәрігерге онлайн жазылуға болады. “eGoV Mobilie” қосымшасы негізінде емханаға жатқызу, дәрілік заттарды алу және еңбекке жарамсыздық парақтарын беру тәртібі оңайлатылды.
Бұрындары жұмыс беруші қызметкерінің ауырып қалғанын кейін біліп, ол жұмысқа оралғанда ғана еңбекке жарамсыздық қағазына қол қойса, енді ашылған немесе ұзартылған кезден-ақ біле алады. Бұл биылдан бастап жұмыс беруші алдында қатаң есеп берудің үлгісі іспеттес “көк бланкілерді” электрондық нұсқада рәсімдеудің арқасында мүмкін болып отыр. Яғни еңбекке жарамсыздық парақтарының қағаз түріндегі нұсқасы жойылып, толық автоматтандыру үдерісіне көшірілді. Бұл үдеріс медициналық ұйымдардың жұмысын көп жеңілдетті. Дәрігер пациентті қабылдағаннан кейін тиісті анықтама қағаздарын электрондық түрде толтырады. Бұл барлық жағынан тиімді. Жұмыс беруші құжатқа қол қоймайды, құжат оған толығымен электрондық форматта жолданады. Науқас ауруханаға сабылмайды.
Осылайша еңбекке жарамсыздық парақтарын жобалауда бизнес-үдеріс түгелдей өзгертіліп, жұмыс берушінің қағазға қол қою қажеттілігі талап етілмейді”, – делінген жауапта.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.