Жақын арада Петропавлда су тарифі өсуі мүмкін. Бұл туралы табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінде өткен қоғамдық тыңдауда айтылды.
“Қызылжар су” ЖШС өкілдерінің айтуынша, тарифті қымбаттатудағы негізгі себептердің бірі – инвестициялық бағдарлама сомасының өсуі. Яғни серіктестік сумен жабдықтау және су бұру желілерінің, станциялардың және техникалардың тозуын азайтпақ. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысын да көтеруді жоспарлап отыр.
“Тариф бағасы тұрғындар үшін бір текше метріне 84,6 теңге, ал бюджеттік ұйымдар үшін 1162,55 теңге, басқа тұтынушылар үшін 394,31 теңге болмақ. Су тарифін 8,3 пайызға яғни 15 теңге 4 тиынға өсіруді жоспарлап отырмыз”, – деді “Қызылжар су” ЖШС-ның бас экономисі Елена Петрова.
Рахымжан ЕЛУБАЙҰЛЫ.