Өңір басшысы облыс орталығында орналасқан спорт нысандарын аралап, материалдық-техникалық базасының жай-күйімен танысты.
Бүгінгі таңда “Дельфин” су спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 350 тәрбиеленуші бар. Былтыр 122 млн. теңгеге нысанның шатыры мен бассейніне күрделі жөндеу жүргізілген.
“Дельфин” БЖСМ басшысының орынбасары Азамат Хабдуллин жас спортшылардың жетістіктерін баяндады. 11 тәрбиеленуші – ел құрамасының, ұлттық құрама командаларының мүшесі. Ал Яна Лукьянчикова және Егор Василенко биыл ақпан айының соңында Филиппинде өтетін Азия чемпионатына қатысады. Олар Қазақстан Республикасының намысын қорғайды.
Бұдан кейін өңір басшысы олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернат колледжіне де барды. Бұл жерде 370-ке жуық өрен спорттың 14 түрі бойынша дайындалады. Колледжде 2021 жылы хоккей бөлімі ашылған. Ғимаратта 100 орындық асхана, жаттығу залдары және жатақхана бар. Студенттер үшін тағы бір кешен салу жоспарланған.
– 2018 жылы спорт мектебі мектеп-интернат колледж болып өзгертілді. Бұл жерде балалар 11-ші сыныпқа дейін оқып, кейін осы колледжде оқуын жалғастыра алады. Үш жыл оқығаннан кейін қолдарына дипломын алады, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов олимпиадалық резервті дайындау орталығы шаңғы базасының жұмысымен де танысты. Мұнда арнайы кабиналар, трибуналар қою жоспарланған.
Олимпиадалық резервті дайындау орталығының басшысы Ольга Надобенконың айтуынша, қажетті кабинкалар, трибуналар 1-2 аптадан кейін жеткізіледі. Халықаралық стандарт бойынша электрондық хронометраж сатып алу да жоспарланған.
Әңгіме барысында бір шаңғы жолағы ғана жарықтандырылғаны айтылды. Тағы 2,5 шақырымға жарық қою керек. Жалпы орталықтың материалдық-техникалық базасын жаңартуға шамамен 20 млн. теңге қаражат жұмсалған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.