Петропавл қаласы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі үйлердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген азамат қамауға алынды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам “102” нөміріне хабарласып, қаладағы пәтерлердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы айтқан. Оқиға орнына кезекші жедел-тергеу тобы, техниктер, жедел әрекет етеін арнайы жасақтың, патрульдік полиция батальонының және басқа да мүдделі қызметтер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері жетті. Тексеру нәтижесінде жарылғыш құрылғы табылмады.
Жалған хабарлама таратты деген күдікпен Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны анықталып, есігінің алдында мас күйінде ұсталды. Ол осыдан бір айдай бұрын қоғамдық жерде мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Құқық бұзушылықты қайталағаны үшін әкімшілік қамауға алынды.
– Жазасын өтеп шыққан соң Қылмыстық кодекстің 273-бабы “Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау” бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Баптың санкциясына сәйкес, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді облыстық полиция департаменті имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы Нұрбек Баекин.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.