Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінде қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдызы, ақын, драматург Ерік Асқаровтың 65 жылдығына арналған “Ұлт ертеңі – ұрпақ” атты облыстық оқушылар айтысы өтті. Сынға түскен 7 жұптың өнерін астаналық айтыскер ақын Рауан Қайдаров бастаған қазылар алқасы бағалады.
– Оқушылардың әдемі айтыс жасағанына куә болып отырмыз. Қараша айында “Дара дарын” жобасы аясында Тәуелсіздік күні мен төл теңгеміздің 30 жылдығына орай “Өлеңге құмар өрендер” атты аймақтық оқушылар айтысы өткен болатын. Жыр додасында бақ сынаған Сұлтан Жарқын арнайы жүлде алып, ақын Ғалым Жайлыбай ағасының жоғары бағасына ие болған. “Sana” компаниясының атынан айтысқа өз талапкерлерін үкілеп жіберген сегіз өңірге 5 домбырадан сыйға тартылды, – дей келе Рауан Қайдаров Сұлтан Жарқын, Бекарыс Әділжанұлы, Нұртөре Қажымұрат сынды талантты балаларға арнайы кәделерін беріп, олардың ұстаздарына, білім беру саласының өкілдеріне Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерманның Алғыс хатын табыстады. Облыстық білім басқармасының өкілі Мафруза Тасболатқызы жас дарындардың өнеріне сәттілік тіледі.
– Айтысқа алғаш рет шығып тұрмын. Әкем – Жұмабек Рахимов сияқты елдің қошеметіне бөленіп, өнеріммен өз ортамды мойындатқым келеді. Қазылар алқасы бірыңғай он қойғанына қарағанда жаман өнер көрсетпеген секілдімін, – дейді Нұрғиса Қайыртай.
Айтысқа қатысқан үміткерлердің барлығы марапатсыз қалмады. Бірқатарына “Amanat” партиясының Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандық филиалдарының арнайы жүлделері табысталды.
Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орын Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттан келген Жанбота Көкен мен Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Әзиз Ақжарқынға, екінші орын қызылжарлық Нұртөре Қажымұратқа, бірінші орын Нұрғиса Қайыртайға табысталды. Ал бас жүлдені Мадина Серік иеленді. Бейбарыс Аманжол, Елнұр Оңдасын, Жалғас Қаби, Анель Канашеваларға “Amanat” партиясының арнайы жүлделері берілді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.