Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов Тимирязев аудандық білім бөлімінің басшысының парамен ұсталып, оның қарамағындағы қызметкердің өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына байланысты түсініктеме берді.
“Лауазымды тұлға делдал арқылы бір мердігерлік ұйым өкілінен 1,2 млн. теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілігіп, сот санкциясымен қамауға алынды. Оған екі мектепті күрделі жөндеу бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін сыйақы талап етті деген айып тағылып отыр.
Ал оның қарамағындағы қызметкер облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде жауап алынғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Оған қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылмаған.
Қазіргі уақытта өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде”, – деді агенттіктің ресми өкілі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.