Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов төтенше жағдай мамандарымен бірге Есіл өзенінің жағалауын тексеріп, жағдайды айрықша бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.
Мамандардың айтуынша, өзен эрозиясы тек Есіл өзенінде ғана емес, оның салаларында да айқын байқалады. Мұның өзі су тасқыны кезеңінде алдын ала болжау жұмыстарын қиындатып, бірқатар мәселелер туындатады.
“Жауапты мемлекеттік органдарға жағалау сызығына кешенді зерттеу жүргізуді міндеттеймін. Су басу қаупі бар 87 елді мекен анықталып отыр. Қажет болған жағдайда жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізетін боламыз”, – деді өңір басшысы.
Ғауез Торсанұлы өзендердің түбі мен арналарын тазалау керектігін де ескертті. Сонда өзендер ластанудан, бітелуден және сарқылудан сақталады, судың кедергісіз өтуіне әсер етеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.