Дана халқымыз “Жер-су аты – сол жердің жазылған хаты”, – дейді. Алайда ғасырлар бойы өзге елге тәуелді болғаннан кейін мемлекет көлемінде жер, су, мекен аттары отарлаушы елдің еркіне сәйкес өзгертілді, не болмаса жаңа атаулар қойылды. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар Қазақ елінің Ресеймен шектесетін өңірлерінде ғана емес, оңтүстік аймақтарда да кездеседі. Бұл іспен айналысатын ономистика комиссиясының жұмысы мардымсыз, ал заңнамалар өте солқылдақ. Осының салдарынан жалпақ шешейлік басым. Егемен ел атанғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл бағытта атқарылған іс мардымсыз десек қателеспейміз. Мәселен, Аққайың ауданының орталығына қазақтың маңдайына біткен асыл, ардақты азаматы Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің есімі берілсе, қазақ үшін сіңірген еңбегінің өтеуі деп білер едік. Мен бұл кісіні 1957 жылдың жазында Аралағаш ауылына келгенде көрген едім. Содан бері біраз мағлұматтар жинадым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осыған байланысты аудандық, облыстық газеттерге бірнеше мақала жаздым. 2015 жылы 100 жылдық мерейтойына байланысты Қарашал Асановтың ұйымдастыруымен “Шынжырлаулы жолбарыс” деген естелік кітап басылып шықты. Кейін бұл еңбек Қазақстанның барлық кітапханаларына тегін таратылды.
Ол кісі біздің өңірде 1942-1952 жылдар аралығында қызмет еткенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Ал 1952 жылы Ақтөбе облысының бірінші хатшысы болып тағайындалды. 1955 жылдың қыркүйегінен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумінің төрағасы болып сайланды. Сол кездегі КСРО-ның бірінші басшысы Никита Хрущевтің басшылығымен тың өлкесі құрылып, оған солтүстіктегі бес облыс кірді. Кейін 1960 жылдары осы өлкені түгелдей Ресей мемлекетінің құрамына кіргізу туралы мәселе көтерілді. Жұмабек Тәшенов Хрущевтің осы оспадар саясатына ашық қарсы шығып, қызметінен, атақ- абыройынан айырылса да, қазақ елінің ұлтарақтай жерін бермей қойды. Мұндай тендессіз ерлікті Кенесары ханнан кейін қайталаған тұлға – Жұмабек Тәшенов еді. Одан кейін де ешбір басшы қайталай алмады. Керісінше, азды көпті қолдарына билік тиген атқамінерлер өзгенің ырқына жығылып, ел мүддесін аяқ асты еткен жайттар аз емес. Осындайда еске түседі ғой, Қытай мен КСРО арасында шекара дауынан туған қарулы қақтығыстар болды. Оның бірі 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск жартыаралында, екіншісі 1969 жылы 13 тамызда Қазақстанның Жалаңашкөл деген жерінде болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Сол жылдары Қазақ-Қытай шекарасына 4 дивизия келген болатын. Кейін Павлодар облысындағы Мойылды санаторийіне барғанда қақтығыс болған жақтан келіп, емделіп жатқандарды кездестірдім. Таныса келе Жалаңашкөлдің жағдайын сұрасам, шекараны бөлген кезде ол жер Қытайға өтіп кетіпті. Өз жерінің байлығын өзгелерге оңай бере салатын басшылардан түңілдім. Сондықтан елі, жері үшін өзін құрбан еткен Жұмабек Тәшеновтің есімі аудан, ауыл атауына лайық деп санаймын. Мысалы, Смирнов ауылының байырғы атауы – Дәрмен. Кейін елді мекен Смирнов станциясы, соңынан Смирнов ауылы болып өзгертілді. Ал Смирнов деген кім? Тарихқа көз жүгіртсек, 1920 жылдары азамат соғысы аяқталғанымен, оның зардабынан ауыл шаруашылығы тұралап, алапат жұтқа ұласты. Осындай төтенше жағдайға байланысты, сол кезде халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.И.Ленин Петропавл-Көкшетау азық-түлік темір жолын салуға байланысты қаулыға қол қойды. Дәл осы жылы қыркүйек айында, темір жол басқармасы Петропавл қаласына орналасып, НАРКОМ-ның төртінші өкілі инженер Александр Петрович Смирнов құрылыс басшысы болып бекітіліп, қызу жұмыс басталады. Құрылыста негізгі жұмыс күші – жергілікті халық. Жұмыстың екпінді болғаны сондай 1923 жылдың сәуірінде құрылыс мерзімінен бұрын аяқталып, Көкшетау, Ақмола, Қарағанды өлкелерінен жиналған азық-түлік енді ат, өгіз арбамен емес, тікелей шойын жолмен Ресейдің зардап шеккен аймақтарына жеткізіле бастады. Сол кездегі халық комиссарлар кеңесі темір жолды төсеудегі зор еңбегі және бекітілген уақытынан бірнеше ай бұрын бітіргені үшін жаңа стансаға А.П.Смирновтың есімін беру жөнінде қаулы шығарады. Кейін Дәрмен ауылы Смирнов елді мекені болып өзгертілді. 1940 жылы 31 шілдеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумінің жарлығымен Бейнетқор ауданы Совет ауданы болып өзгертілді. Ал 1941 жылдың 23 мамырында аудан орталығы Смирнов станциясына көшірілді. Аудан атауы тек 1999 жылы Аққайың деп қазақшаланды. Ал аудан орталығы сол күйі Смирновтың атын әспеттеп тұр. Тәуелсіз ел болып, барымызды дәріптеп, жоғымызды түгендеп жатқан уақытта ел үшін еңбегі зор өз тұлғаларымыздың есімін асқақтатуымыз керек. Менің ойымша, Аққайың ауданының орталығына ұлы тұлғаның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Сансызбай ЖҰМАБЕК,
өлкетанушы.
Аққайың ауданы.