«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аудан орталығына Тәшеновтің аты лайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дана халқымыз “Жер-су аты – сол жердің жазылған хаты”, – дей­ді. Алайда ғасырлар бойы өзге елге тәуелді болғаннан кейін мем­лекет көлемінде жер, су, ме­кен аттары отарлаушы ел­дің еркіне сәйкес өзгертілді, не бол­маса жаңа атаулар қойылды. Өкінішке қарай, мұндай мысал­дар Қазақ елінің Ресеймен шек­тесетін өңірлерінде ғана емес, оңтүстік аймақтарда да кезде­седі. Бұл іспен айналысатын оно­мистика комиссиясының жұ­мы­сы мардымсыз, ал заңнама­лар өте солқылдақ. Осының салда­рынан жалпақ шешейлік басым. Егемен ел атанғаны­мыз­ға отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл бағытта атқарылған іс мардым­сыз десек қателеспей­міз. Мәсе­лен, Аққайың ауданы­ның орта­лығына қазақтың маң­да­йына біткен асыл, ардақты азаматы Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің есімі берілсе, қазақ үшін сіңірген еңбегінің өтеуі деп білер едік. Мен бұл кісіні 1957 жылдың жа­зында Аралағаш ауы­лына кел­генде көрген едім. Со­дан бері бі­раз мағлұматтар жи­надым. Тә­уелсіздіктің алғашқы жылдарын­да осыған байланыс­ты аудан­дық, облыстық газет­терге бірне­ше мақала жаздым.  2015 жылы 100 жылдық ме­рейтойына бай­ла­нысты Қара­шал Асановтың ұйымдасты­руы­мен “Шынжыр­лаулы жолбарыс” деген естелік кітап басылып шықты. Кейін бұл еңбек Қазақ­станның барлық кі­тапханала­рына тегін таратыл­ды.

Ол кісі біздің өңірде 1942-1952 жылдар аралығында қыз­мет еткенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Ал 1952 жылы Ақтөбе облысының бірінші хатшысы бо­лып тағайындалды. 1955 жыл­дың қыркүйегінен Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесі Президиумінің төр­ағасы болып сайланды. Сол кез­дегі КСРО-ның бірінші басшысы Никита Хрущевтің басшылығы­мен тың өлкесі құрылып, оған солтүстіктегі бес облыс кірді. Ке­йін 1960 жылдары осы өл­кені түгелдей Ресей мемле­кетінің құрамына кіргізу туралы мәселе көтерілді. Жұмабек Тәшенов Хру­щевтің осы оспадар саясатына ашық қарсы шығып, қызметінен, атақ- абыройынан айырылса да, қазақ елінің ұлтарақтай жерін бермей қойды. Мұндай тендессіз ерлікті Кенесары ханнан кейін қайтала­ған тұлға – Жұмабек Тәшенов еді. Одан кейін де еш­бір басшы қайталай алмады. Ке­рісінше, азды көпті қолдарына билік тиген атқамінерлер өзгенің ырқына жығылып, ел мүддесін аяқ асты еткен жайттар аз емес. Осындайда еске түседі ғой, Қытай мен КСРО арасында ше­кара дауынан туған қарулы қақ­тығыстар болды. Оның бірі 1969 жылы Қиыр Шығыстағы Даманск жартыаралында, екін­шісі 1969 жылы 13 тамызда Қа­зақстанның Жалаңашкөл деген жерінде бол­ғанын ел ұмыта қойған жоқ. Сол жылдары Қазақ-Қытай шекара­сына 4 дивизия келген болатын. Кейін Павлодар облысындағы Мойыл­ды санаторийіне бар­ған­да қақ­ты­ғыс болған жақтан келіп, ем­деліп жатқандарды кездес­тір­дім. Таныса келе Жалаңашкөл­дің жағдайын сұрасам, шекара­ны бөлген кезде ол жер Қытайға өтіп кетіпті. Өз жерінің байлығын өз­гелерге оңай бере салатын бас­шылардан түңілдім. Сондықтан елі, жері үшін өзін құрбан еткен Жұмабек Тәшеновтің есімі ау­дан, ауыл атауына лайық деп са­наймын. Мысалы, Смирнов ауы­лының байырғы атауы – Дәрмен. Кейін елді мекен Смирнов стан­циясы, соңынан Смирнов ауы­лы болып өзгертілді. Ал Смир­нов деген кім? Тарихқа көз жү­гірт­сек, 1920 жылдары азамат соғысы аяқталғанымен, оның зардабы­нан ауыл шаруашылы­ғы тұра­лап, алапат жұтқа ұлас­ты. Осын­дай төтенше жағдайға байла­ныс­ты, сол кезде халық комис­сар­лар кеңесінің төрағасы В.И.Ленин Петропавл-Көкшетау азық-түлік темір жолын салуға байланысты қаулыға қол қойды. Дәл осы жылы қыркүйек айында, темір жол басқармасы Петро­павл қаласына орналасып, НАР­КОМ-ның төртінші өкілі инженер Александр Петрович Смирнов құрылыс басшысы болып бекіті­ліп, қызу жұмыс басталады. Құ­рылыста негізгі жұмыс күші – жергілікті халық. Жұмыстың ек­пінді болғаны сондай 1923 жыл­дың сәуірінде құрылыс мерзі­мінен бұрын аяқталып, Көкше­тау, Ақмола, Қарағанды өлкеле­рінен жиналған азық-түлік енді ат, өгіз арбамен емес, тікелей шойын жолмен Ресейдің зардап шеккен аймақтарына жеткізіле бастады. Сол кездегі халық ко­миссарлар кеңесі темір жолды төсеудегі зор еңбегі және бекі­тілген уақытынан бірнеше ай бұ­рын бітіргені үшін жаңа стансаға А.П.Смирновтың есімін беру жө­нінде қаулы шығарады. Кейін Дәрмен ауылы Смирнов елді ме­кені болып өзгертілді. 1940 жылы 31 шілдеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумінің жарлығы­мен Бейнетқор ауданы Совет ауданы болып өзгертілді. Ал 1941 жылдың 23 мамырында ау­дан орталығы Смирнов стан­циясына көшірілді. Аудан атауы тек 1999 жылы Аққайың деп қазақшаланды. Ал аудан орта­лы­ғы сол күйі Смирновтың атын әспеттеп тұр. Тәуелсіз ел болып, барымызды дәріптеп, жоғы­мызды түгендеп жатқан уақытта ел үшін еңбегі зор өз тұлға­ла­рымыздың есімін асқақтатуымыз керек. Менің ойымша, Аққайың ауданының орталығына ұлы тұл­ғаның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сансызбай ЖҰМАБЕК,

өлкетанушы.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp