(“Құмар ойынның құрбандары”, “Soltüstık Qazaqstan” газеті, 18 қаңтар 2024 жыл)
ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің өркендеген кезеңі. Қазіргідей ақпараттың асып-тасып жатқан заманында адамдар да көп нәрседен хабардар. Мысалы осыдан жүз жыл бұрын жұртшылыққа жазу-сызуды үйретудің өзі мұң болса, қазір оған ешкім бас қатырмайды. Бұрын жоғары білімге қол жеткізіп, диплом алу екінің бірінің басына қона бермейтін бақ болса, қазір жастардың көбінде қос-қостан дипломы бар. Соған қарамастан адам баласы әлі де қателіктерге бой алдырып, теріс әрекеттерге баруда.
Көшеге қоқыс тастаудың зияны жайлы бәріміз білсек те, ормандар мен көлдердің жағасы пластикке толып жатады. Тез дайындалатын тағамдардың денсаулыққа кері әсерін білсек те, әр демалыста тамақтану орындарына ағылған жұртты көреміз. Сол сияқты құмар ойындардың зияны туралы қанша айтқанымызбен, оңай олжаға қызығып, күмәнді іске бәс тігетіндер көп. Бұл жайлы Абай: “Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?”, – дейді. Яғни адам өз әрекетінің зиянды екенін білмегенінен емес, зиянын біле тұра өзіне тоқтау саларлық мінезінің, ерік-жігерінің жоқтығынан осындай жолға түседі. Сондықтан да ұрпақтың бойында алдымен табандылық, ұстамдылық, төзімділік қасиеттерін қалыптастыру керек. Лудоманиядан зардап шеккендердің арасында жоғары білімді, табысты, беделді адамдар көп. Сонысына қарамастан олар Абай айтқандай өз-өзін тежейтін мінезінің жоқтығынан теріс жолға түсті.
Өткен аптада жарық көрген мақалада құмар ойындардың жарнамасы жайлы да айтылды. Бұл мені де алаңдатып отыр. Көшелерде, кинотеатрларда, теледидарда, ғаламторда – адамның назары ауатын барлық жерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы жүріп тұр. Біздің белгілі спортшылар солардың амбассадорына айналып үлгеріпті. Қазіргі жастар арасында кеңінен танымал жұлдыздар да өздерінің бәс тігетіндерін жасырмай айтуда. “Қолым бос кезде демалу үшін құмар ойнайтынымды жасырмаймын. Бұл да – демалыстың бір түрі. Ойын ойнау арқылы қомақты қаржы ұтқан кезім де болды”, – дейді біреуі. Осындай танымал адамдарды үлгі тұтқан жастар өздері де бақтарын сынау үшін бәске барады. Ғаламторда ұтысты алдын ала болжап беремін, қай командаға ақша тігу керектігі жөнінде кеңес беремін дейтін алаяқтар да көп. Ақшаңды алып, букмекерлік клубтар арқылы бірнеше есе көбейтіп беремін дегенді де естігенбіз.
Осыдан біраз уақыт бұрын әлдебір спорт сарапшысының бәс тігу туралы пікірін тыңдадым. Құмар ойындардың зиянын айтып, тоқтау салар деген сабазың өзі де “шебер” ойыншылардың бірі болып шықты. “Менің спорттан хабарым бар. Ойынды алдын ала болжауға білімім жетеді. Неге маған осы білімім арқылы ақша таппасқа?”, – дейді сарапшың. Спорт саласының қазанында қайнап жүрген “білімділердің” айтқаны осы болса, қарапайым халықтан не күтеміз? Тегінде біліммен ақша табудың тәсілі мұндай болмаса керекті. Букмекерлік кеңселердің ісін біліммен бүркемелеп, өз тәжірибесімен ақтап алғысы келетін осындайлар талай жастың қалтасының қағылуына себепші болуда. Қай спортшының қанша табатынын, қай позицияда ойнайтынын, кіммен жанжалдасып қалғанын білуді білім деп айтудың өзі қиын. Жә, оны білім деген күннің өзінде ол ақпараттың бәрі адамның ұтысына кепілдік бермейді. Өйткені спорттағы, саясаттағы, өнердегі, бизнестегі өз саласына бар ғұмырын сарп еткен сарапшылардың ешқайсысы да оқиғаның қалай өрбитінін 100 пайыз кепілдікпен болжай алмайды. Жастарға оңай жолмен ақша тапқан, жеңіл-желпі блогерлер мен ортаңқол әртістер емес, өз еңбегімен биікке шыққан нағыз кәсіпқой мамандар, еңбек адамдары үлгі болғанда ғана жұрт оңай олжа табамын деп алданбайтын болады.
Адамдардың бәс тігуге құмартуының астарында олардың жеңіл ақша табуға деген ұмтылысы жатыр. Бұл қазіргі қоғамдағы қаржылық сауаттылықтың төмен екенін көрсетеді. Бір қарағанда ешқандай зияны жоқ болып көрінген лотореяны да құмар ойындарға жатқызуға болады. Бүгінде қаладағы кез келген сауда үйінен лоторея билетін сатып алуға болады. Мұндай орындардың көп болуы халықтың әлі де болса лоторея билеттерін белсенді сатып алатынын көрсетеді. Шетелдерде лоторея т.б. ұтыс ойындарының жеңімпаздарына қомақты салық салынады. Бізде де сондай тәжірибені енгізу мәселені шешуге септігін тигізер еді.
Өткен жылдан бері қоғамда құмар ойындардың жарнамасына тыйым салу туралы заң талқыланып жатыр. Кейбіреулер аталған заң қабылданса елдегі букмекерлік кеңселердің бәрі шетелге көшіп кетердей көреді. Алайда мұның екінші жағы да бар. Ресми жарнамаға тыйым салу күмәнді шетелдік ойынханалар мен онлайн казинолардың жұмысына жол ашуы мүмкін. Қой терісін жамылған қасқыр сияқты өз қызметін жасырын жарнамалайтындардың да саны артады. Онда жағдайды бақылау тіптен қиындап кетеді. Меніңше, қандай заң шығарып, шектеу қойғанымызбен ниетіміз түзелмесе, құмар ойнайтындар көбейе береді. Сондықтан да жастар тәрбиесіне мән беріп, олардың бойына еңбекқорлық, табандылық қасиеттерін сіңіруіміз керек.
Айдана НҰРЛЫБАЙ,
қала тұрғыны.