«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРНАМАСЫ ЖЕР ЖАРЫП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(“Құмар ойынның құрбандары”, “Soltüstık Qazaqstan” газеті, 18 қаңтар 2024 жыл)

ХХІ ғасыр – ғылым мен бі­лімнің өркендеген кезе­ңі. Қазіргідей ақпарат­тың асып-тасып жатқан зама­нын­да адамдар да көп нәр­седен хабардар. Мысалы осыдан жүз жыл бұрын жұр­тшылыққа жазу-сы­зу­ды үйретудің өзі мұң бол­са, қазір оған еш­кім бас қа­тыр­майды. Бұ­рын жоғары білімге қол жеткізіп, диплом алу екі­нің бірінің басы­на қона бер­мейтін бақ бол­са, қа­зір жастар­дың кө­бін­де қос-қостан дипломы бар. Соған қарамастан адам баласы әлі де қате­лік­­­тер­ге бой алдырып, те­ріс әрекеттерге баруда.

Көшеге қоқыс тастаудың зия­ны жайлы бәріміз білсек те, ор­мандар мен көлдердің жағасы пластикке толып жатады. Тез да­йындалатын тағамдардың ден­саулыққа кері әсерін білсек те, әр демалыста тамақтану орында­рына ағылған жұртты көреміз. Сол сияқты құмар ойындардың зияны туралы қанша айтқаны­мызбен, оңай олжаға қызығып, күмәнді іске бәс тігетіндер көп. Бұл жайлы Абай: “Ғылымды, ақыл­ды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұ­зылмасын! Көрсеқызарлық­пен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қояр­ға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?”, – дейді. Яғни адам өз әрекетінің зиянды екенін білмегенінен емес, зиянын біле тұра өзіне тоқтау саларлық мі­незінің, ерік-жігерінің жоқтығы­нан осындай жолға түседі. Сон­дықтан да ұрпақтың бойында алдымен табандылық, ұстамды­лық, төзімділік қасиеттерін қа­лып­тастыру керек. Лудомания­дан зардап шеккендердің ара­сында жоғары білімді, табысты, беделді адамдар көп. Сонысына қарамастан олар Абай айтқан­дай өз-өзін тежейтін мінезінің жоқ­тығынан теріс жолға түсті.

Өткен аптада жарық көрген мақалада құмар ойындардың жарнамасы жайлы да айтылды. Бұл мені де алаңдатып отыр. Кө­шелерде, кинотеатрларда, теле­ди­дарда, ғаламторда – адамның назары ауатын барлық жерде букмекерлік кеңселердің жарна­масы жүріп тұр. Біздің бел­гілі спортшылар солар­дың амбас­садорына айналып үлгеріпті. Қазіргі жастар ара­сын­да кеңінен танымал жұлдыздар да өздері­нің бәс тігетіндерін жа­сырмай айтуда. “Қолым бос кез­де дема­лу үшін құмар ойнай­ты­нымды жа­сырмаймын. Бұл да – де­ма­лыс­тың бір түрі. Ойын ойнау ар­қылы қомақты қаржы ұтқан ке­зім де болды”, – дейді біреуі. Осын­дай танымал адамдарды үлгі тұтқан жастар өздері де бақ­тарын сы­нау үшін бәске барады. Ғалам­торда ұтысты алдын ала болжап беремін, қай командаға ақша тігу керектігі жөнінде кеңес беремін дейтін алаяқтар да көп. Ақшаңды алып, букмекерлік клуб­тар ар­қылы бірнеше есе кө­бейтіп бере­мін дегенді де есті­генбіз.

Осыдан біраз уақыт бұрын әлдебір спорт сарапшысының бәс тігу туралы пікірін тыңдадым. Құ­мар ойындардың зиянын ай­тып, тоқтау салар деген сабазың өзі де “шебер” ойыншылардың бірі болып шықты. “Менің спорт­тан хабарым бар. Ойынды ал­дын ала болжауға білімім жетеді. Неге маған осы білімім арқылы ақша таппасқа?”, – дейді сарап­шың. Спорт саласының қаза­нын­да қайнап жүрген “білімділердің” айтқаны осы болса, қарапайым халықтан не күтеміз? Тегінде бі­ліммен ақша табудың тәсілі мұн­дай болмаса керекті. Букме­кер­лік кеңселердің ісін біліммен бүр­кемелеп, өз тәжірибесімен ақтап алғысы келетін осындайлар та­лай жастың қалтасының қағы­луы­на себепші болуда. Қай спорт­­шының қанша табатынын, қай позицияда ойнайтынын, кім­мен жанжалдасып қалғанын бі­луді білім деп айтудың өзі қиын. Жә, оны білім деген күннің өзінде ол ақпараттың бәрі адамның ұты­сы­на кепілдік бермейді. Өйткені спорттағы, саясаттағы, өнердегі, бизнестегі өз саласына бар ғұ­мырын сарп еткен сарапшы­лар­дың ешқайсысы да оқиғаның қа­лай өрбитінін 100 пайыз кепілдік­пен болжай алмайды. Жастарға оңай жолмен ақша тапқан, жеңіл-желпі блогерлер мен ортаңқол әртістер емес, өз еңбегімен биік­ке шыққан нағыз кәсіпқой маман­дар, еңбек адам­дары үлгі бол­ған­да ғана жұрт оңай олжа таба­мын деп алдан­байтын болады.

Адамдардың бәс тігуге құ­мар­туының астарында олардың жеңіл ақша табуға деген ұмты­лы­сы жатыр. Бұл қазіргі қоғам­дағы қаржылық сауаттылықтың төмен екенін көрсетеді. Бір қара­ғанда ешқандай зияны жоқ бо­лып кө­рінген лотореяны да құ­мар ойын­дарға жатқызуға бола­ды. Бүгінде қаладағы кез келген сауда үйі­нен лото­рея билетін сатып алу­ға болады. Мұндай орындардың көп болуы халықтың әлі де болса лоторея билеттерін бел­сен­ді са­тып ала­тынын көрсетеді. Шетел­дерде лоторея т.б. ұтыс ойында­рының жеңімпаздарына қомақты салық салынады. Бізде де сон­дай тә­жірибені енгізу мә­се­лені шешуге септігін тигізер еді.

Өткен жылдан бері қоғамда құмар ойындардың жарнамасы­на тыйым салу туралы заң талқы­ла­нып жатыр. Кейбіреулер атал­ған заң қабылданса елдегі бук­мекерлік кеңселердің бәрі шетел­ге көшіп кетердей көреді. Алайда мұның екінші жағы да бар. Ресми жарнамаға тыйым салу күмәнді шетелдік ойынха­на­лар мен онлайн казинолардың жұмысына жол ашуы мүмкін. Қой терісін жамылған қасқыр сияқты өз қызметін жасырын жарнама­лайтындардың да саны артады. Онда жағдайды бақылау тіптен қиындап кетеді. Меніңше, қандай заң шығарып, шектеу қойғаны­мызбен ниетіміз түзелмесе, құ­мар ойнайтындар көбейе береді. Сондықтан да жастар тәрбиесі­не мән беріп, олардың бойына еңбекқорлық, табандылық қа­сиеттерін сіңіруіміз керек.

Айдана НҰРЛЫБАЙ,

қала тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp