Елімізде балаларды әлеуметтік қолдау саясаты мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып келеді. Мұны ұлттық қауіпсіздігіміздің бөлінбес, ажырағысыз бөлшегі десек те болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге айрықша басымдық беріп, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қорғауды жетілдіру, оның ішінде Үкіметке қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану міндеттерін белгілеп берді.
Мемлекет басшысы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасатынын айта келіп, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету жауапкершілігін жүктеді. “Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін”, – деп ашық мәлімдеді. 2019 жылы Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау және облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу ұйымдары негізінде қайта құрылған қолдау орталығы білім беру мекемелеріндегі психологиялық демеу қызметін институционалды түрде күшейту шараларымен ұштастыра атқаруды әркез басты борыш санайды. Сапалы білім, саналы тәрбие алу – әрбір жеткіншектің мызғымас құқығы. Мекеме 3 жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілерге тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени және экономикалық қызметтер көрсетеді.
“Бала құқықтары туралы” Конвенцияда ата-аналар құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған деп танылған. Бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар сияқты біз де әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық, медициналық оңалту, өмірге бейімдеу, қоғамға барынша жақындастыруды басты бағдар етеміз. Еңбекке қабілетті жасқа жеткенде жұмыспен қамтылуын да қадағалаймыз. Біздің орталықта жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар орналастырылған. Жан-жақты дамытудың, тәрбиелеудің, психологиялық көмек көрсетудің барлық қажетті жағдайлары жасалған. Ғимараттың жалпы ауданы – 5408,7 шаршы метр, жобалық қуаты – 150 орын. Тәрбиеленушілер алты топқа бөлінген. Жиһаз, заманауи техникалық және компьютерлік жабдықтар қойылған. 100 орындық асхана, монша, акт және спорт залдары, мектеп жасына дейінгі балалардың күндізгі тобы бар. Интернаттық ұйымдарда тәрбиеленетін балаларды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде 48 млн. 672 мың теңгеге жұмсақ және спорттық инвентарлар сатып алынды.
Президент Жолдауында жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмайтынын, жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайтынын айтқан еді. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсері анық. Сондықтан ұстаздар қауымы тәрбиеленушілердің қабілетін айқындап, кәсіптік бағыт-бағдар беру ұстанымын бір сәт босаңсытпайды. Өйткені, Қазақстанда отбасы және бала институтын қолдауға, ин клюзивті қоғам құруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Педагогикалық құрамдағы 45 маман шетінен тәжірибелі, 2-і–педагог-зерттеуші,13-і–педагог-сарапшы, 7-і – педагог-модератор, директордың тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасарларының бірінші біліктілік санаты бар. Тәрбиеленушілермен әлеуметтік байланыстар мен функцияларды қалпына келтіру, құндылық қағидалары мен мінез-құлық дағдыларын игеру, әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде араласу, басынан кешірген психологиялық, моральдық зардаптарды еңсеру бағыттары бойынша оқу-тәрбие және психологиялық-педагогикалық жұмыстардың кешенді шаралары қарастырылған. Біз “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы”, “БҰҰ-ның бала құқықтары туралы” Конвенцияларына, Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттарға сүйенеміз.
Президент атап көрсеткендей, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден кәдік. Мұның өзі қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына әкеп соқтыратыны өз алдына, оқуын тастап кеткендер де аз емес. Білімді қажет деп санамайтындар бәрімізді ойландыруы тиіс. Әсіресе, тұрмысы төмен отбасыларда өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету өте маңызды. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық, қамқоршылық немесе патронат белгіленеді, мұндай жағдайда оның мүліктік және мүліктік емес құқықтары қорғалуы үшін бала қорғайтын отбасына берілуі мүмкін. Жергілікті атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады. Бұдан бөлек, барлық үлгідегі ұйымдардағы жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар білім беру процесіне байланысты емес кезеңдерде (каникулдар, демалыс және мереке күндері) бала қонақтайтын отбасыларын паналауы ықтимал. Осы жағын кейбіреулер ескере бермейді. Қазіргі таңда орталықта 76 бала бар, олардың 6-ы – тұл жетім, қалғандары – ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар. Бұларға “жетім” болмаса “ата-ананың қамқорлығынсыз қалған” мәртебесі белгіленгеннен кейін жәрдемақы ресімделіп, мемлекет есебінен баспана алу есебіне қойылады. Бір сөзбен айтқанда, мекеменің жарғысында бекітілген қызметтердің барлығы тап-тұйнақтай атқарылды. Психологиялық және құқықтық қолдау қызметі тәрбиеленушілердің отбасына жәрдемдесуге, асырап алушы ата-аналарды сүйемелдеуге бағытталып отырады. Орталық құрылған уақыттан бастап есептегенде 39 бала отбасына қайтарылды, 40 бала қамқорлыққа алынды, 31 бала патронаттыққа орналастырылды, 10 бала патронаттық, 50-ден астам бала қонақтайтын отбасыға барды.
Балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру – басты талаптардың бірі. Бұл бағыт бойынша полиция бөлімшесімен, сот және прокуратура өкілдерімен тығыз байланыстамыз. Құқықтық насихат күндері, конференциялар, онлайн-сабақтар, заңгерлермен, бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылады. Олар 9 және 11-сыныптарды бітіргеннен кейін республика көлемінде кез келген колледж бен жоғары оқу орнын таңдауға құқылы. Түлектерді қабылдау кезінде олардың әңгімелесу, сауалнама жүргізу, табысты адамдармен кездесу және өткізілетін экскурсиялар нәтижесінде анықталған өтініш-тілектерімен қоса кәсіби бейімділігі де жете ескеріледі. Соңғы бес жыл аралығында ЖОО-ға 13, колледждерге 94 түлегіміз түсті. Дмитрий Лось дене шынықтыру, Екатерина Чесневская аспаз мамандығын алып, мекемеге жұмысқа орналасты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы күнделікті мәселелерді шешумен қатар балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін, олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау керектігін алға тартқан болатын. Орталықта балалар хореографиясы, вокалдық және хор үйірмелері жұмыс істейді. Олардың қатысушылары – республикалық, облыстық және аудандық байқаулардың, фестивальдардың жеңімпаздары, жүлдегерлері. Еркін күрестен, баскетболдан, волейболдан, хоккейден, үстел теннисінен де додалы бәсекелерде топ жарып жүр. Қай-қайсысы болсын рухани жағынан толысып, саламатты өмір салтына қызығушылық танытады. Мәселен, “Хозяюшка”, “Шеберлік” үйірмелерін қалаушылардың қатары қалың. “Робототехника” кабинеті жабдықталғалы екі топ үлкен ынтамен қатысады.
Орталықта тәрбие жұмыстары қазақстандық патриотизм мен азаматтық, құқықтық, рухани-адамгершілік, ұлттық, отбасылық, еңбек, экономикалық және экологиялық бағыттарда жүргізіледі. Оның бір мысалына “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы шеңберінде көп мәдениеттің және көркем-эстетиканың, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың сан қырын арқау еткен әдеби кешті атауға болады.
Орталық қызметкерлерінің жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған кешенді іс-шаралары алда да жалғаса беретін болады.
Валентина НАЙМАНТАЕВА,
балаларды қолдау орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Айыртау ауданы.