Өңірімізге жұмыс сапарымен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келді. Елордалық мейман мен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен өңірде телемедицинаның ашылу салтанаты өтті.
Қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Франция үкіметі 650 мың еуро грант бөлген. Осылайша ауыл тұрғындары облыстық көпбейінді аурухананың медицина мамандарымен тікелей онлайн байланысқа шығуға мүмкіндік алды. “C3Medical” және “HopiMedical” компанияларының демеуі арқасында екі облыстық аурухана мен 115 мың тұрғыны бар 16 ауылдағы медициналық мекемелерге арнайы диагностикалық құрылғы орнатылды.
“Елімізде ауыл тұрғындарының саны 40 пайыз болса, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 70 пайызға жуықтайды. Медицина мамандарының жетіспеушілігіне байланысты осындай заманауи бағдарламаларға баса көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау министрлігі жаңа технологияларды елге әкелуде өркениетті мемлекеттермен екіжақты ынтымақтық келісім жасасқан. Былтыр Франциямен денсаулық сақтау бағыты шеңберінде осы бағдарлама қолға алынды”, – деді Ажар Ғиният.
Қызылжарлық тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетсе, еліміздің басқа өңірлерінде де кең қанат жаймақ. “LIMSTAR” жабдығы арқылы қан қысымын өлшегіш, электрокардиограмма, термометр, дерматоскоп, ультрадыбыстық сканер, стетоскоп, камера, отоскоп сынды медициналық құралдар орнатылған.
Кездесуге қатысқан Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесса қос ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі жалғасарына үлкен сенім білдірді.
Ауылдықтар телемедицина арқылы жалпы медицина және педиатрия, дерматология, жұқпалы аурулар, кардиология, гинекология, неврология, нейрохирургия және оториноларингология бойынша жан-жақты мағлұмат ала алады. Дәрігерлер онлайн қабылдау кестелерін дайындап, алғашқы телеконсультациялар өткізді.
“Мемлекет басшысы барлық ел тұрғындары, әсіресе шалғайдағы ауыл халқы сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі тиістігін атап өткен болатын. Бұл бағытта облыста көптеген шаралар атқарылуда. “LIMSTAR” жабдығы ауылдарға қойылды. Озық жоба ел бойынша біздің өңірде алғаш рет жүзеге асырылып жатқандықтан, алғашқы қадамнан жақсы нәтижелер күтеміз”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.