«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көшелерді жөндеуге көңіл бөлінеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жол жөндеу жұмыстарының қорытындылары жөнінде брифинг өтті.

Онда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет, “Қазавтожол” ҰҚ” акционерлік қоғамының өңірдегі филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев пен Жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков есеп берді.

Мақсат Баяхметтің сөзінше бүгінде облыстағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзындығы 6,4 мың шақырымнан асады. Өткен жылы түрлі деңгейдегі жұмыс түрлерімен 700 шақырым қамтылған.

– Елді мекендердің көшелерін жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. 40 елді мекеннің жолдарын жөндеуге 7,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 38-інде жұмыстар аяқталды.

Ал облыс орталығында жалпы ұзындығы 58 шақырым 47 көше жөндеу көрді. Ленинградское – Дәуіт, Саумалкөл – Новоишимское, Рождественка–Архангелька, Покровка – Мектеп бағытындағы жолдар мен Шаховское ауылына кіреберіс жол күрделі жөнеуден өтпек. Жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауда заманауи қондырғыларды қолдануға басымдық берілуде. Рұқсат етілмеген жерлерде ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшеу мен бақылау күшейеді. Қазір жолдарды қыста күтіп ұстау үшін 24 мердігер жұмыс істеуде. Меморандум аясында 220 агроқұрылым жолдарды қардан тазалаумен айналысады, – дейді Мақсат Баяхмет.

2024 жылға жергілікті маңызы бар жолдарға 32 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаржыға 520 шақырым автожол мен 70 шақырым көшені қалыпқа келтіру жоспарлануда.

Брифингте сөз алған Қанат Өсербаев облыста республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1970 шақырым екенін жеткізді. Бүгінде оның 1845-і асфальтталған. Бұл санаттағы жолдардың 19 пайызының  жағдайы нашар екен.

– Өткен жылы республикалық маңызы бар учаскелерді күтіп ұстау мен жөндеуге бюджеттен 12,5 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаржы толықтай игерілді. Оның ішінде 1 млрд. теңге күрделі жөндеуге, 3,5 млрд. қайта жаңартуға, 4,9 млрд. орташа жөндеуге жұмсалды. Биыл Мамлютка қаласынан бастап Жаңажол өткізу бекетіне дейінгі учаскені жөндеу жалғасады. Жобаның жалпы құны 9,9 млрд. теңге. Өткен жылы Талшық пен Кішкенекөл аралығындағы жолды жөндеу үшін келісімшарт жасалды. Құны 20 млрд. теңге болатын жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс, – дейді Қанат Өсербаев.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков өңірдегі жолдарды жөндеудің сапасы жайлы баяндады. Орталық мамандары өткен маусым ішінде 163 нысанда тексеру жүргізген. 446 инспекциялық тексеру нәтижесінде 190 заң бұзушылық пен кемшілік анықталған. Жолдардан алынған сынамалардың 37 пайызы нормативтік-техникалық талаптарға сай болмай шыққан. Анықталған кемшіліктер алдағы құрылыс маусымында қалпына келтіріледі. Мұндай учаскелер тек сапа орталығының қайта тексерісінен кейін ғана қолданысқа беріледі.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp