Қазақстан халық партиясынан сайланған қалалық мәслихат депутаттары “Қайырымдылық бұрышын” ашу туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты алғашқылардың қатарында “Семейный” супермаркетінің директоры Андрей Исаков қолдады.
Саяси ұйымның жергілікті филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметовтің айтуынша, бұл жерде кез келген адам аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік жағдайы төмен, өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға арнап азық-түлік себетін қалдыра алады.
Бастапқыда азық-түлік қоржынын бірінші қажетті өнімдермен толтыруға партия мүшелері көмектесіп, өзгелерге үлгі көрсетті. Сол-ақ екен супермаркетке келген тұрғындар сатып алған жұмыртқа, шай, макарон, қант сияқты тез бұзылмайтын тағамдарды өз қалаулары бойынша қалдыра бастаған. Өнімдерді кім және қанша алатыны қадағаланбайды. Мұның өзі, бір жағынан әркімнің ар-ұяты мен ішкі мәдениетіне сын десе де болады.
Партия өкілдері қаланың басқа сауда орындарында да осындай “Қайырымдылық бұрыштар” ашуды жоспарлап отыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.