«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫНЫҢ ЕҢБЕГІ – ЕРЛІКПЕН ПАРА-ПАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемде қауіп-қатермен байланысты екі мамандық болса, соның бірі – өртсөндіруші. Бұл кәсіп иелері күнделікті өз басын қатерге тіге отырып, басқа адамдардың өміріне араша түседі. Өйткені өртсөндірушілер тек қызыл жалынды сөндіруге ғана шықпай, сонымен қатар ғимараттар мен құрылыстар құлаған уақытта, жол-көлік оқиғаларында, өнеркәсіптік апаттарда, су тасқыны мен жер сілкінісінде, сондай-ақ қауіпті химикаттармен байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде де көмек көрсетеді. Оқырмандарымыздың осы салаға қатысты сауалдарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерік Сарыбаев жауап берді.

Мәдина ҚУАНЫШЕВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

– Өткен жыл департамент үшін қандай болды, өрттен келген шығын қанша?

– Облыс аумағында былтыр 630 төтенше жағдай тіркелді, салдарынан 70 адам зардап шекті, 40 адам қаза тапты. 650 өрт болып, 33 адам қызыл жалынның құрбаны атанды, 29 тұрғын жарақат алды. Өрттен келген материалдық шығын 472 млн. теңгеден асты. Мұның бәрі бізден күн-түн демей жедел әрекет етуді талап етті. Былтырғы он екі айдың ішінде департаменттің жедел қызметтері 2770-тен астам шақыртуға шықты, 278 адамды құтқарды, тө-тенше жағдай аймақтарынан 1400-ден астам адам эвакуа-цияланды. Өртсөндірушілер мен құтқарушылар қызыл жа-лынды сөндіруден бөлек, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді, жол-көлік оқиғалары кезінде полиция қызметкерлеріне көмек көрсетті.

Гүлден ЖАЛҒАСБЕКОВА,

Аққайың ауданының тұрғыны.

– Облыс аумағында өрт оқиғалары жиі орын алады. Мұның себебі неде? Өрттің алдын алу, болдырмау үшін қандай шаралар қолданасыздар?

– Өрттің жиі кездесетін себептерінің бірі – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және отпен абайсыз жұмыс істеу болып табылады. Барлық өрттің 70-80 пайызы жеке тұрғын үй секторында орын алады. Тілсіз жаудан қайтыс болғандардың барлығы дерлік сол жеке сектор тұрғындары.

Жергілікті атқарушы органдар, полиция және еріктілердің  қатысуымен жеке тұрғын үй секторы бойынша тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізіледі, олардың нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтар туралы ақпарат жылу пештерін жөндеу, электр сымдарын ауыстыру, газ және түтін датчиктерін сатып алып орнату бойынша көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы және басқа да мүдделі ұйымдарға жіберіледі. 

2023-2024 жылғы жылыту кезеңінің басынан бастап 85 мыңға жуық тұрғынды қамти отырып, 39 мыңнан астам үйді араладық. 79 мыңнан астам үгіт материалдары таратылды.

Рейдтер барысында анықталған өрескел олқылықтар туралы айтпай кету мүмкін емес: пештерді салу кезінде қарапайым сақтықты естен шығару, яғни ағаш конструкцияларына жақын орналастыру, мұржаны дұрыс тазаламау, пеште жарықтардың болуы, пеш алдында шоққа арналған қаңылтырдың және жапқышында техникалық саңылаулардың болмауы.  Біздің мамандар рейд барысында бірнеше рет үй иелеріне электр сымдарының тозғанын, сымдардың бұралып тұрғанын көрсетіп, ескірген электр есептегіштерін және электр қалқандарын ауыстыру қажеттігіне назар аударған. Кез келген уақытта одан өрт шығуы мүмкін. Салдарынан адам өмірі, тіпті бейкүнә бала өмірі қиылып жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік сипаттағы шара қолданылмайды. Сондықтан біз әр адамға осы талаптарды жеткізіп, олардың орындалуын қадағалаймыз.

Жанар САТЫБАЛДИЕВА,

Мамлют ауданының тұрғыны.

– Өрттің кейде бала ойынынан шығатыны белгілі. Балалар мен жасөспірімдер арасында осыған байланысты қандай жұмыс жүргізіледі?

– Қазір біздің сала жұмысы қайта қаралып жатыр, яғни қызмет төтенше жағдайлар мен өрттің алдын алу, тұрғындармен, соның ішінде жастармен жұмыс істеуді, мінез-құлық қауіпсіздігі негіздерін қалыптастыруды басты назарға алып отыр.

Біздің қызметкерлерді мектептер мен колледждерде жиі көруге болады, олар ашық сабақтар, дәрістер, балалар және студенттермен кездесулер өткізеді, күнделікті өмірде кездесетін қауіптер жайлы, қауіп төндіретін факторлар туралы әңгімелейді, қандай да бір төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді. Өткен жылы облыс орталығында өрт сөндіру техникасы мен құтқару жабдықтарын көрсеткен ауқымды іс-шара ұйымдастырылды, кинологиялық қызмет қойылымы көрсетілді.

Департаменттің бастамасымен қазақ және орыс тілдерінде “Тоқта! Қауіп!” атты спектакль әзірленді. Бұл қойылым балаларға арналған. Спектакль облыстық қуыршақ театрының тұрақты репертуарына енді.

Риза МАКЕНОВА,

Ақжар ауданының тұрғыны.

– Біздің өңірде ауа райы құбылмалы екені белгілі. Қысы да қырық құбылып, түске дейін ашық болса, кешке боран соғуы мүмкін. Құтқарушылар жолда қалғандарға көмек беруге қаншалықты дайын?

– Қыс – біз үшін ең қиын жыл мезгілдерінің бірі. 2023 жылдың қысқы кезеңінде 105 рет дауылды ескерту жарияланды, 114 рет автокөлік қозғалысы жабылып, жолдарда шектеу енгізілді, 130 төтенше жағдай тіркелді. Департаменттің жеке құрамы, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қар құрсауында қалған автокөліктерді шығаруға, жүргізушілер мен олардың жолаушыларын құтқаруға, авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына жедел ден қойды. Әрбір жағдай бойынша жолдарды тазартуға, көмек көрсетуге, автокөлікті жөндеуге және жүргізушілер мен жолаушыларды жылыту пункттеріне орналастыруға көмектестік.

Қар құрсауынан өткен қыста 278 автокөлік, 819 адам, оның ішінде 57 бала құтқарылды. 344 адам, оның ішінде Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары жылыту пункттеріне орналастырылды.

Аудандардың азаматтық қорғау қызметтері 14 іздеу-құтқару жұмысын жүргізіп, нәтижесінде 5 бақташы мен 9 адасқан жергілікті тұрғын, оның ішінде 2 бала құтқарылды.

Айта кету керек, біз тұрғындарды ауа райының бұзылатындығы және жолдардың жабылғандығы туралы жедел хабардар етеміз. Ол үшін БАҚ, ұялы байланыс операторлары, “Дармен” мобильді қосымшасы, әлеуметтік желілер пайдаланылады. Бірақ кей көлік жүргізушілері ескертуге қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалып жатады.

Алмагүл ПІРНАЗАРОВА,

Тайынша ауданының тұрғыны.

– Көктем жақындап қалды. Біздің өңірде су басу қаупі бар елді мекендер барлығын білеміз. Биылғы су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр?

– Облыс аумағында Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты және олардың салалары – Ақан-бұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық өзендерінің көктемде тасу қаупі жоғары. Сондай-ақ көлдер қар суымен толығып, ернеуінен асуы мүмкін. Сай-саладан аққан қызыл су да қауіп тудырады.

Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, біз су тасқыны болуы мүмкін 87 елді мекенді ерекше бақылауға алдық. Олардың 30-ы – өзен деңгейінің көтерілуінен, 14-і – көлдердің тасуынан және 43-і – еріген қар суларының астында қалуы мүмкін. Бұл елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шаралар алдын ала өткізіліп, қауіпті азайту бойынша барынша жұмыс жүргізіледі.

Су тасқынының алдын алу жұмыстарының нәтижесінде соңғы жылдары өңірде 175-тен астам елді мекенді су басу қаупі барынша азайды. Соңғы жылдары 131 километрден астам құм үйінділері, 7,5 километрден астам қорғаныс бөгеттері салынды, облыстың автожолдарында 97 су өткізу құбыры, 16 тюбинг орнатылды, 59 шақырым дренаж жүйесі салынды және жөнделді, бір шақырым аумақта жағалауды нығайту жұмыстары және 2,7 километр аумақта өзен арналарын тазарту жұмысы жүргізілді.

Жыл сайын су тасқыны алдында барлық азаматтық қорғау қызметтері жоғары дайындық режіміне ауыстырылады. Су тасқыны жағдайын бақылауда ұстау, төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі басқару органдарының іс-қимылдарын үйлестіру үшін департамент негізінде облыстық су тасқынына қарсы штаб құрылатын болады.

Облыста су тасқыны қаупіне жедел ден қою үшін құрамында төтенше жағдайлар департаментінің, полиция және Ұлттық ұлан бөлімшелерін қоса алғанда 475 адам, 135 техника бар күштер мен құралдар тобы құрылды.

Су тасқыны болған жағдайда халықты тасымалдау және эвакуациялау үшін өтімділігі жоғары 10 вахталық көлік, 6 жол таңдамайтын машина, 7 жүзу құралы, 82 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және 400 адам ішіне еркін сыятын 21 шатыр бар. Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу үшін елді мекендерден 215 мың текше метрден астам қар шығарылды.

 Ардақ ЖҰМАХАНОВ,

Уәлиханов ауданының тұрғыны.

– Менің ұлым өрт сөндіруші мамандығын таңдап отыр. Қайда білім алуға кеңес бересіз?

– Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы бар, ол өртсөндіруші мамандарды даярлайды. Академияға түсуге ниет білдіргендер департаменттің кадр саясаты басқармасына 34-01-44 нөмірі немесе Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов көшесі, 32 мекенжайы бойынша жүгіне алады.

Күндізгі оқуға академияға орта білімі бар, 16 жасқа толған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды азаматтар қабылданады.

Академияға түсу конкурсына қатысу үшін ҰБТ нәтижесі 50 ұпай және одан жоғары болуы қажет, бұл ретте Қазақстан тарихы, физика және математикадан әрқайсысы бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

Курсанттарды оқыту республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін жүзеге асырылады. Курсанттар барлық оқу кезеңінде тегін киім-кешекпен, тамақпен және мемлекеттік шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ курсантқа демалыс кезінде жол ақысы төленеді. Таңдаған мамандық бойынша шетелде – Мәскеудегі Ресей төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясында және Беларусь Республикасындағы осыған ұқсас университетте, сондай-ақ Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетінде, Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласындағы Орал мемлекеттік өртке қарсы қызмет институтында оқуын жалғастыру мүмкіндігі бар.

Оқуды бітіргеннен кейін курсантқа азаматтық қорғау лейтенанты атағы беріліп, кепілді түрде жұмысқа орналастырылады. Академияда күндізгі оқудың толық курсын бітіргендер үшін оқу уақыты мерзімді әскери қызмет өткерумен теңестіріледі. Қазіргі уақытта өрт сөндірушілердің еңбекақысы жақсы. Жоғарыда айтқанымдай, оқу 4 жылға созылады, оның ішінде 1-3 курс казармалық жағдайда өтсе,  4 курста Көкшетау қаласында тұрады. Қысқы кезеңде 14 күн, жазда 30 күн демалыс беріледі.

Оқуға қабылдау барысында “Алтын белгі” иегерлері, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың, республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жеңімпаздары жеңілдікке ие болады. Оқуға түсу кезінде “Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері”, “Қазақстанның спорт шебері” біліктілігі бар талапкерлер дене шынықтыру даярлығы бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

2023 жылы біздің облыстан академияға күндізгі оқуға 6 адам, оның ішінде 1 қыз бала түсті. Тағы бір мектеп түлегі Беларусь Республикасының төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау университетіне оқуға аттанды. Былтыр азаматтық қорғау академиясын бітірген 5 курсант департаментке келіп, жұмысқа орналасты. 

Дайындаған

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp