«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құрметті азаматқа бұйырғаны құрқылтайдың ұясындай бір бөлме

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің келетінімізден хабардар Қазиза әжей жүзінен мейірім шуағы төгілген күйі есік алдында тұр екен, ежелгі танысындай құшақ жая қарсы алды. Жарты ғасырға жуық трактор тізгіндеген еңбек ерін басқаша кейіпте елестеткен едік, сөйтсек  киіктің асығындай ғана екен. Ойлы жанарында біз білмейтін әлдебір жұмбақ сырлар жасырынып жатқандай көрінді, сағынышты сезіммен еске алатын өмір белестерін білгенше асықтық.

Пәтерге кіргенімізде көңіліміз қоңылтақсып сала берді. Бізге хабарласқан газет оқырмандары айтса, айтқандай екен. Құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлме. Ас үйі де, жатын орны да – осы. Бірінші қабатта орналасқандықтан салқын. Су краннан сыздықтап қана ағады. Бұл – жаздағы көрініс. Қыстағы жағдайды көзге елестетудің өзі қиын-ау!

Адамдарға жақсылық жасауға әркез асығып тұратын әжеймен бетпе-бет жүздесіп отырмыз. Аңызға бергісіз қайырымдылық іс-әрекеттері туралы сырттай көп естігенбіз.  Әсіресе, ескі үйде тұрып жатса да, өзіне тарту еткен жаңа баспананы еш ойланбастан  соғыс ардагеріне бере салғаны қатты қызықтырған. Мұндай шалт шешімге, оқыс қадамға бару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

– Е, баяғыда ұмытылған уа­қи­ға ғой,– деген апай бір сәт үн­сіз қалды да, іле әңгімесін жал­ғастырып әкетті. – Әкемнің Қази­за, Бекен, Секен дейтін тете өс­кен апасы мен інілері жастай ше­тінеп, бір кіндіктен жалғыз қал­ған. Бірақ асқар тау әкешім де 37 жасында бізді тастап, мәңгілікке кете барды. Онда мен алтыда ғана болатынмын. Қыстың бет қаратпайтын қақаған суығында үйіміз өртеніп, әкеміз бен ана­мыз шиеттей 6 ұл-қызын құтқа­рып үлгерген. Өкінішке қарай, ба­ла-шағаның күнделікті нәпақа­сын айырып отырған жалғыз сиырды шығарамын деп жүрген­де керосин толы бөшке жары­лып, қораның күлі көкке ұшқан. Кейін естуімше, өрт қа­сақана қо­йылған сияқты. Дүкенде сатушы болып істейтін әкемнің  пысықтығын көре алмаған кей іштар жерлестері осындай қа­рау­лыққа барған тәрізді. Қанша айтқанмен, елдің іші ғой, ауыл асарлап, саманнан жертөле са­лып берді. Асыраушымыз – жал­ғыз анамыз фермада мал күту­ші. Қанша дегенмен, соғыстан ке­йінгі жоқшылық уақыт, дүние­нің қат кезі. Үйдің тұңғышы Зада тұрмысқа шығып, бар ауыртпа­лық маған түсті. Төрт сыныптан кейін оқуды жалғастырудың ор­нына тұрмыс жағдайына байла­нысты буыным қатпай жатып, ең­бекке араласуға тура келді. Өмір­дің ащы дәмімен қоса ең­бек­тің, еңбексүйгіштіктің не еке­нін ерте сезіндім. Қайда жұмса­са да, ерінбейтінмін, шапқылап кете баратынмын. Бар ойым – қа­натымен су тасыған қарлығаш құ­сап бәрімізді аялаған анама қолғанат болу, қабағына ұяла­ған мұңды сейілту, бір сөзбен айт­қанда, қолдан келгенше ба­қытты ету. Біз тұрып жатқан Тең­діктен әрі Ынталыға қарай қа­мыс зауыты бартұғын. Ауылдан әжептәуір қашықтықта. Қар бел­уардан. Күніне 10-15 бау қа­мыс бууға ғана шамам жетеді. Сүрі­ніп жығыламын. Шынашақтай­мын. Соған қарамастан үлкен­дер­мен бірдей еңбеккүн алып жүрдім. Сөйтсем, Соломон де­ген бригадиріміз мені аяп, өзге­лер­дің есебінен жоспарымды орын­датып жүреді екен. Алғаш­қы жалақым қолыма тигендегі қуанышымды айтсаңшы?! Анам мен бауырларыма пүліш күрте ме, орамал ма – бәрін ала беріп­пін, – дейді жанарында қуаныш­тың оты жылт еткен Қазиза әже.

Жалындаған жастық шақтың не екенін білмей өссе де, қара­пайым еңбектің, сүйікті кәсіптің қадір-қасиетін айрықша баға­лай­тын буынның қайсар мінез­бен қиындық атаулыны еңсере білуге дағдыланған, қайтарым­сыз жақсылық жасауды өмірлік ұстаным еткен өршіл қасиеттен таңданбасқа болмайды. 1989 жы­лы КСРО халық депутаты бо­лып сайланғанда берілген 4 бөл­мелі баспананы қан майданда от кешіп келген Боржанов отба­сына тегін ұсына салғаны – со­ның бір мысалы ғана. Атақ-даң­қын шығарайын деп емес, мара­пат онсыз да жеткілікті. Анасы жа­рықтық “алақан жайып, сұ­рамсақтанып, ешкімнің алдына барма. Рақымшылық істерден бас тартпа. Құдай ондай жан­дар­ды құр қалдырмайды”, – деп үнемі айтып, санасына сіңіріп оты­ратын. Анадан жұққан қа­сиетке, одан қалған өсиетке адал­дығын бір сәт те жоғалтқан емес.

Қызығушылығым оянып: “1986 жылы не үшін КСРО мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты атандыңыз? Сыйақыға 15 мың доллардың тігілгені рас па?” – деп сұрадым.

“Бірқатар құжаттар көк сан­ды­ғымда сақтаулы. Соның бірін­де “дәнді дақылдардан жоғары және сапалы өнім алғаны, ауыл шаруашылығы техникаларын жо­ғары тиімділікпен пайдалан­ға­ны үшін…” деп жазылған. Ол кезде Красноармейск аудандық арнайы шаруашылық бірлесті­гінің механикаландырылған егіс звеносына жетекшілік етемін. Қа­сымдағы көмекшілерім – Тас­тан Ахмеров пен Владимир Ко­ва­лен­ко. Алқаптағы арамшөп­тер­ді қолмен жұламыз. Сол жы­лы өнім керемет бітік шықты. Жос­пар екі есе артығымен орын­дал­ды. Гектар берекелігі 200-220 центнерден айналды. Бұл – бұ­рын-соңды болмаған көр­­сеткіш еді. Марапатталған­дар­дың тізі­мінде 22-ші болып тұрмын.

Сыйақының қанша екенін кім са­напты, кейін білсем, әжептә­уір қомақты көрінеді. Жоғары жақ­тан Дүниежүзілік бейбітшілік қорына аударсаңыз деген ұсы­ныс түсті. Е, мейлі дедім. Қолы­ма тек книжканы ғана ұстатты. Әл­дебір құжаттарды толтырға­ным есімде. Сірә, Азия, Африка елдерінің бірі болар деп топшы­лаймын. Балаларға көмек де­ген­ді естіп қалып жүрдім. Ол кез­де қазіргі жастардай долларды шытырлатып санау қайда, не екенін білмейтінмін”, – деді аңыз адам сабырлы қалпында.

Әңгіме тақырыбы Кеңес Ода­ғының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен, тұңғыш әйел-ғарышкер Валентина Терешко­ва­мен, күміс көмей әнші Роза Бағ­лановамен түскен фотолар­ға ойысқанда қабағы тұнжырап, еңсесі түсіп кеткендей көрінді. Бұл суреттер – өткен күндердің ұмытылмас белгісі. 1989 жылы наурызда КСРО халық депутаты болып сайланған қимас кезеңнің жүрекке тебіреніс ұялатар қым­бат та ұмытылмас бір сәті көз ал­дынан кинокартинадай тізбек­теліп өте бергендей. Кремльдің Георгиев залында түскен екен.

Талғат аға Қазиза Қожан­қы­зын “Ақ етік” деп еркелетіп, қы­зындай жақсы көріпті. Қара теңіз жағалауынан депутат болып сай­ланған Сағитжан деген шопан­мен жиі шүйіркелесуін байқап қал­ған батыр “Ақ етік, Сағит­жан­мен күні бойы біргесің, не істеп жүрсіңдер?” – деп қалжыңдаса керек. Сонда оның бала-шаға­сына киім-кешек таңдап жүрмін деп айтуға ұялып, мәдени орын­дарда қыдырып келдік дейтін көрінеді.

КСРО тарихында кеңес әйел­дерінің комитеті алғаш рет биліктің жоғарғы органына өзде­рінің лайықты өкілдерін ұсынып, құ­пия дауыспен 80 үміткердің іші­нен 75-і таңдалғанда бірі болға­нын, Нағима Айтқожина, Екате­рина Криворучко, Павлина Чур­си­на сияқты жерлестерімен бір­ге ішкі және сыртқы саясаттың маңызды мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға және да­йындауға атсалысқанын, ре­фор­­маларды жүзеге асыруға үлес қосқанын мәртебе санай­ды, мақтаныш етеді. Ұшақпен әрлі-берлі ұшулары тегін. Қонақ үй мен іссапарға да ақы төле­неді. Бі­рақ қазіргі қазақстандық депу­тат­тар құсап шалқыған жоқ. Кей­де тамаққа ақшалары жет­пей қа­лып, бір-бірінен қарыз ал­ған күн­дер де болды. Жұмыста мұрны­мен шаншылып жүрсе де, жер­гілікті жерлерде сайлаушы­лар тарапынан жүктелген ама­нат­тар, айтылған ұсыныс-ті­лектер на­зардан тыс қалмайтын. Теңдік ауылында Сағи деген кісі анасы­мен бірге, бала-шағасы көп Шә­кен Төлебаев, үш баланы асыра­уына алған Т. Ахмеров отбасы­ла­рының баспаналары әбден тоз­ғаны соншалық, іштен тіреу­лер қоятын. Үшеуіне де шпал­дан үй тұрғызуға тікелей жәр­дем­десті. Осындайда 1973 жы­лы анасы мен бауырлары үшін баспананы жылап-еңіреп жүріп, сары майдай сақтаған соңғы ақшасын жұмсап тұрғыз­ғаны, шпалды алыс разьезден тасыға­ны, шифер үшін екі үйді сатып ал­ғаны ойға еріксіз ора­ла­ды. Тілі салақұлаш ауыл әйелдер­інің талай сыпсың сөз­де­рін есті­се де, іштей мүжіл­ме­ген, керісін­ше қайсарлана, қай­раттана, ши­рай түскен. Лауреат және де­путат атанғанда кезексіз “Волга” жеңіл көлігін алу мүмкін­дігі бола тұра бас тартқан. Ба­ғасы 17 мың рубль тұрады екен. Ве­лосипед алатын ақшасы жоқ тракторшы 17 мың рубльді за­мат­та қайдан тапсын? Әлихан де­ген ауылдасының “маған алып берші. Ақысына “Жигули” са­­тып сатып әперейін, гараж са­лып берейін” деген әке-көке­леп жалынғанына да қайрыл­маған.

Теңдік ауылында өз қолымен тұрғызған үйі апатты деп таныл­ғаннан кейін 2011 жылы аудан ор­та­лығына көшіп келеді. Жо­ғарыдағы марапаттардан бөлек, Еңбек Қызыл ту, ІІ дәрежелі Ең­бек Даңқы, ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегері, дер­бес зейнеткер, Т-40, МТЗ-50, МТЗ-80-нен бастап “К-700” алып тракторына дейін ұршықша үйір­ген кәсіби механизатор еке­ні­не қарамастан Отан алдында сіңірген өлшеусіз еңбегін баға­лап берген “сый” – бір бөлмелі жалдамалы пәтер дегенде се­нер-сенбесімізді білмедік. “Бас­қа түскен баспақшыл” деген осы болар. Қанағатшылдық қанына сіңген, тілемсектігі жоқ, осыған да шүкіршілік етеді. Әрине бірін­ші қабат қолайлы. Тек тар, суық, сыз демесең. Ауырып-сырқай қал­са, айналып кетейін неме­ресі – Алдияры құрақ ұшады. Дә­ріні де әкеп береді, екпе де салады.

Жалдау құны көп емес, айы­на 2 мың теңгеге жуық. Бірақ деп амалсыз күмілжисің, тіліңді тіс­тейсің. Мәселен, қазіргі Қа­зақстан Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты, Парламент Мә­жілісінің депутаты пәтер жалдап тұрады дегенді көз алдымызға елестетіп көрейікші. Құлаққа сон­дай ерсі естіледі, мүмкін емес­тей көрінеді. Даң­ғайыр меха­низатордың мәрте­бесі олардан бір мысқал кем емес. Қолға тиетін зейнетақысы – 140 мың теңге. Елінің, жерінің, халқының амандығын мың қай­тара ті­лейді.

Аудан басшылығы тарапы­нан көмек беру ниеті­нің байқал­майтыны қынжылта­ды. 2016 жыл­дан ауданның құр­метті аза­маты. Былтыр Солтүс­тік Қазақ­стан облысының құр­мет­ті аза­ма­ты атағы берілді. Атақ-абы­ройдан онсыз да кенде емес. Басыбайлы баспананың болға­нына не жетсін! Жиренше ше­шен “Өз үйім – кең сарайдай боз үйім”, – деп текке айтпаған. Көп жылғы бейнетінің зейнеті ретін­де жақсы баспана бұйырса де­ген тілектеміз. Елінің зор құр­меті мен сүйіспеншілігіне бөленген жанды қалай ардақ­таса да жа­расады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp