Біздің келетінімізден хабардар Қазиза әжей жүзінен мейірім шуағы төгілген күйі есік алдында тұр екен, ежелгі танысындай құшақ жая қарсы алды. Жарты ғасырға жуық трактор тізгіндеген еңбек ерін басқаша кейіпте елестеткен едік, сөйтсек киіктің асығындай ғана екен. Ойлы жанарында біз білмейтін әлдебір жұмбақ сырлар жасырынып жатқандай көрінді, сағынышты сезіммен еске алатын өмір белестерін білгенше асықтық.
Пәтерге кіргенімізде көңіліміз қоңылтақсып сала берді. Бізге хабарласқан газет оқырмандары айтса, айтқандай екен. Құрқылтайдың ұясындай ғана бір бөлме. Ас үйі де, жатын орны да – осы. Бірінші қабатта орналасқандықтан салқын. Су краннан сыздықтап қана ағады. Бұл – жаздағы көрініс. Қыстағы жағдайды көзге елестетудің өзі қиын-ау!
Адамдарға жақсылық жасауға әркез асығып тұратын әжеймен бетпе-бет жүздесіп отырмыз. Аңызға бергісіз қайырымдылық іс-әрекеттері туралы сырттай көп естігенбіз. Әсіресе, ескі үйде тұрып жатса да, өзіне тарту еткен жаңа баспананы еш ойланбастан соғыс ардагеріне бере салғаны қатты қызықтырған. Мұндай шалт шешімге, оқыс қадамға бару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.
– Е, баяғыда ұмытылған уақиға ғой,– деген апай бір сәт үнсіз қалды да, іле әңгімесін жалғастырып әкетті. – Әкемнің Қазиза, Бекен, Секен дейтін тете өскен апасы мен інілері жастай шетінеп, бір кіндіктен жалғыз қалған. Бірақ асқар тау әкешім де 37 жасында бізді тастап, мәңгілікке кете барды. Онда мен алтыда ғана болатынмын. Қыстың бет қаратпайтын қақаған суығында үйіміз өртеніп, әкеміз бен анамыз шиеттей 6 ұл-қызын құтқарып үлгерген. Өкінішке қарай, бала-шағаның күнделікті нәпақасын айырып отырған жалғыз сиырды шығарамын деп жүргенде керосин толы бөшке жарылып, қораның күлі көкке ұшқан. Кейін естуімше, өрт қасақана қойылған сияқты. Дүкенде сатушы болып істейтін әкемнің пысықтығын көре алмаған кей іштар жерлестері осындай қараулыққа барған тәрізді. Қанша айтқанмен, елдің іші ғой, ауыл асарлап, саманнан жертөле салып берді. Асыраушымыз – жалғыз анамыз фермада мал күтуші. Қанша дегенмен, соғыстан кейінгі жоқшылық уақыт, дүниенің қат кезі. Үйдің тұңғышы Зада тұрмысқа шығып, бар ауыртпалық маған түсті. Төрт сыныптан кейін оқуды жалғастырудың орнына тұрмыс жағдайына байланысты буыным қатпай жатып, еңбекке араласуға тура келді. Өмірдің ащы дәмімен қоса еңбектің, еңбексүйгіштіктің не екенін ерте сезіндім. Қайда жұмсаса да, ерінбейтінмін, шапқылап кете баратынмын. Бар ойым – қанатымен су тасыған қарлығаш құсап бәрімізді аялаған анама қолғанат болу, қабағына ұялаған мұңды сейілту, бір сөзбен айтқанда, қолдан келгенше бақытты ету. Біз тұрып жатқан Теңдіктен әрі Ынталыға қарай қамыс зауыты бартұғын. Ауылдан әжептәуір қашықтықта. Қар белуардан. Күніне 10-15 бау қамыс бууға ғана шамам жетеді. Сүрініп жығыламын. Шынашақтаймын. Соған қарамастан үлкендермен бірдей еңбеккүн алып жүрдім. Сөйтсем, Соломон деген бригадиріміз мені аяп, өзгелердің есебінен жоспарымды орындатып жүреді екен. Алғашқы жалақым қолыма тигендегі қуанышымды айтсаңшы?! Анам мен бауырларыма пүліш күрте ме, орамал ма – бәрін ала беріппін, – дейді жанарында қуаныштың оты жылт еткен Қазиза әже.
Жалындаған жастық шақтың не екенін білмей өссе де, қарапайым еңбектің, сүйікті кәсіптің қадір-қасиетін айрықша бағалайтын буынның қайсар мінезбен қиындық атаулыны еңсере білуге дағдыланған, қайтарымсыз жақсылық жасауды өмірлік ұстаным еткен өршіл қасиеттен таңданбасқа болмайды. 1989 жылы КСРО халық депутаты болып сайланғанда берілген 4 бөлмелі баспананы қан майданда от кешіп келген Боржанов отбасына тегін ұсына салғаны – соның бір мысалы ғана. Атақ-даңқын шығарайын деп емес, марапат онсыз да жеткілікті. Анасы жарықтық “алақан жайып, сұрамсақтанып, ешкімнің алдына барма. Рақымшылық істерден бас тартпа. Құдай ондай жандарды құр қалдырмайды”, – деп үнемі айтып, санасына сіңіріп отыратын. Анадан жұққан қасиетке, одан қалған өсиетке адалдығын бір сәт те жоғалтқан емес.
Қызығушылығым оянып: “1986 жылы не үшін КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандыңыз? Сыйақыға 15 мың доллардың тігілгені рас па?” – деп сұрадым.
“Бірқатар құжаттар көк сандығымда сақтаулы. Соның бірінде “дәнді дақылдардан жоғары және сапалы өнім алғаны, ауыл шаруашылығы техникаларын жоғары тиімділікпен пайдаланғаны үшін…” деп жазылған. Ол кезде Красноармейск аудандық арнайы шаруашылық бірлестігінің механикаландырылған егіс звеносына жетекшілік етемін. Қасымдағы көмекшілерім – Тастан Ахмеров пен Владимир Коваленко. Алқаптағы арамшөптерді қолмен жұламыз. Сол жылы өнім керемет бітік шықты. Жоспар екі есе артығымен орындалды. Гектар берекелігі 200-220 центнерден айналды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш еді. Марапатталғандардың тізімінде 22-ші болып тұрмын.
Сыйақының қанша екенін кім санапты, кейін білсем, әжептәуір қомақты көрінеді. Жоғары жақтан Дүниежүзілік бейбітшілік қорына аударсаңыз деген ұсыныс түсті. Е, мейлі дедім. Қолыма тек книжканы ғана ұстатты. Әлдебір құжаттарды толтырғаным есімде. Сірә, Азия, Африка елдерінің бірі болар деп топшылаймын. Балаларға көмек дегенді естіп қалып жүрдім. Ол кезде қазіргі жастардай долларды шытырлатып санау қайда, не екенін білмейтінмін”, – деді аңыз адам сабырлы қалпында.
Әңгіме тақырыбы Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен, тұңғыш әйел-ғарышкер Валентина Терешковамен, күміс көмей әнші Роза Бағлановамен түскен фотоларға ойысқанда қабағы тұнжырап, еңсесі түсіп кеткендей көрінді. Бұл суреттер – өткен күндердің ұмытылмас белгісі. 1989 жылы наурызда КСРО халық депутаты болып сайланған қимас кезеңнің жүрекке тебіреніс ұялатар қымбат та ұмытылмас бір сәті көз алдынан кинокартинадай тізбектеліп өте бергендей. Кремльдің Георгиев залында түскен екен.
Талғат аға Қазиза Қожанқызын “Ақ етік” деп еркелетіп, қызындай жақсы көріпті. Қара теңіз жағалауынан депутат болып сайланған Сағитжан деген шопанмен жиі шүйіркелесуін байқап қалған батыр “Ақ етік, Сағитжанмен күні бойы біргесің, не істеп жүрсіңдер?” – деп қалжыңдаса керек. Сонда оның бала-шағасына киім-кешек таңдап жүрмін деп айтуға ұялып, мәдени орындарда қыдырып келдік дейтін көрінеді.
КСРО тарихында кеңес әйелдерінің комитеті алғаш рет биліктің жоғарғы органына өздерінің лайықты өкілдерін ұсынып, құпия дауыспен 80 үміткердің ішінен 75-і таңдалғанда бірі болғанын, Нағима Айтқожина, Екатерина Криворучко, Павлина Чурсина сияқты жерлестерімен бірге ішкі және сыртқы саясаттың маңызды мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға және дайындауға атсалысқанын, реформаларды жүзеге асыруға үлес қосқанын мәртебе санайды, мақтаныш етеді. Ұшақпен әрлі-берлі ұшулары тегін. Қонақ үй мен іссапарға да ақы төленеді. Бірақ қазіргі қазақстандық депутаттар құсап шалқыған жоқ. Кейде тамаққа ақшалары жетпей қалып, бір-бірінен қарыз алған күндер де болды. Жұмыста мұрнымен шаншылып жүрсе де, жергілікті жерлерде сайлаушылар тарапынан жүктелген аманаттар, айтылған ұсыныс-тілектер назардан тыс қалмайтын. Теңдік ауылында Сағи деген кісі анасымен бірге, бала-шағасы көп Шәкен Төлебаев, үш баланы асырауына алған Т. Ахмеров отбасыларының баспаналары әбден тозғаны соншалық, іштен тіреулер қоятын. Үшеуіне де шпалдан үй тұрғызуға тікелей жәрдемдесті. Осындайда 1973 жылы анасы мен бауырлары үшін баспананы жылап-еңіреп жүріп, сары майдай сақтаған соңғы ақшасын жұмсап тұрғызғаны, шпалды алыс разьезден тасығаны, шифер үшін екі үйді сатып алғаны ойға еріксіз оралады. Тілі салақұлаш ауыл әйелдерінің талай сыпсың сөздерін естісе де, іштей мүжілмеген, керісінше қайсарлана, қайраттана, ширай түскен. Лауреат және депутат атанғанда кезексіз “Волга” жеңіл көлігін алу мүмкіндігі бола тұра бас тартқан. Бағасы 17 мың рубль тұрады екен. Велосипед алатын ақшасы жоқ тракторшы 17 мың рубльді заматта қайдан тапсын? Әлихан деген ауылдасының “маған алып берші. Ақысына “Жигули” сатып сатып әперейін, гараж салып берейін” деген әке-көкелеп жалынғанына да қайрылмаған.
Теңдік ауылында өз қолымен тұрғызған үйі апатты деп танылғаннан кейін 2011 жылы аудан орталығына көшіп келеді. Жоғарыдағы марапаттардан бөлек, Еңбек Қызыл ту, ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы, ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегері, дербес зейнеткер, Т-40, МТЗ-50, МТЗ-80-нен бастап “К-700” алып тракторына дейін ұршықша үйірген кәсіби механизатор екеніне қарамастан Отан алдында сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалап берген “сый” – бір бөлмелі жалдамалы пәтер дегенде сенер-сенбесімізді білмедік. “Басқа түскен баспақшыл” деген осы болар. Қанағатшылдық қанына сіңген, тілемсектігі жоқ, осыған да шүкіршілік етеді. Әрине бірінші қабат қолайлы. Тек тар, суық, сыз демесең. Ауырып-сырқай қалса, айналып кетейін немересі – Алдияры құрақ ұшады. Дәріні де әкеп береді, екпе де салады.
Жалдау құны көп емес, айына 2 мың теңгеге жуық. Бірақ деп амалсыз күмілжисің, тіліңді тістейсің. Мәселен, қазіргі Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парламент Мәжілісінің депутаты пәтер жалдап тұрады дегенді көз алдымызға елестетіп көрейікші. Құлаққа сондай ерсі естіледі, мүмкін еместей көрінеді. Даңғайыр механизатордың мәртебесі олардан бір мысқал кем емес. Қолға тиетін зейнетақысы – 140 мың теңге. Елінің, жерінің, халқының амандығын мың қайтара тілейді.
Аудан басшылығы тарапынан көмек беру ниетінің байқалмайтыны қынжылтады. 2016 жылдан ауданның құрметті азаматы. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы берілді. Атақ-абыройдан онсыз да кенде емес. Басыбайлы баспананың болғанына не жетсін! Жиренше шешен “Өз үйім – кең сарайдай боз үйім”, – деп текке айтпаған. Көп жылғы бейнетінің зейнеті ретінде жақсы баспана бұйырса деген тілектеміз. Елінің зор құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген жанды қалай ардақтаса да жарасады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Тайынша ауданы.