С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өлкетану клубының кезекті отырысы өтті. Отырыстың мақсаты – 1913 жылы жарық көрген “Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” кітабының авторы, дәрігер Леонид Кузнецовты еске алып, ерен еңбегін дәріптеу. Биыл өлкетанушының туғанына 155 жыл толып отыр.
Леонид Кузнецовтың жазып қалдырған “Петропавл қаласының қысқаша тарихи очеркі” тарихи баяндамасында мұрағаттар мен музейлерде кездеспейтін құнды ақпараттар бар. Тарихшының туған жері – Курск губерниясы. Ол 1887 жылдың қаңтар айында Мәскеуде заңсыз баспахана ашу ісіне қатысып, тұтқындалғаннан кейін Ақмола облысына жер аударылған.
– Мамандығы дәрігер, сонымен қатар тарих саласында елеулі еңбек сіңірген палеонтолог, археолог, бір сөзбен көп қырлы адам болған. Қаламыздың тарихында өзінің өшпес атын қалдырды. Жазған очерктерінде кеден мұрағаттарының, шіркеулердің әдістемелік кітаптарының материалдарын пайдаланған. Қазіргі таңда бұл маңызды құжаттар Алматы орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы, – дейді кітапхана музейінің қызметкері Юлия Пискунова.
Облыстық музейде өлкетану клубы 24 жыл бұрын құрылған. Клуб ұйымдастырушысының сөзінше, іс-шараға келетін әрбір көрермен ерекше қызығушылық танытады. Басым көпшілігі – жастар.
– Мен бұл ұйымның мүшесі болғаныма үш жылдан асты. Әртүрлі іс-шара ұйымдастырылады. Тек қаланың тарихын біліп қоймай, осында өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірбаянымен танысамыз. Мысалы, бүгін Леонид Кузнецовтың өмір жолы мен атқарған қызметі жайлы білдік, – деді тарихшы, клубтың белді мүшесі Жұмабек Байбосынов.
Леонид Кузнецов Петропавл қаласынан кейін өмірінің соңына дейін Әзірбайжанның Гянджа қаласында тұрып, сонда дәрігерлік қызметін жалғастырған. Саналы ғұмырын адам денсаулығын сақтауға арнаған ол 1941 жылы өмірден озды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.